21 Мамыр, 2011

Қысқы спорт түрлерін дамытамыз десек...

471 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Семей қаласы бүкіл Қазақстанның мә­де­ни-рухани орталығы болып келгені бар­шаға мәлім. Абай, Шәкәрім, Мұхтар мен Әмірені айтпағанда, Семей жерінде көр­некті жазушы Федор Достаевский мен қа­зақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уә­ли­ханов арасында достық байланыс ор­на­ған.  Дәл осы жерде «Алашорда» партия­сы­ның көшбасшылары Әлихан Бөкей­ха­нов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов бостандық пен тәуелсіздік туын желбіретті. Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан, танымал жазушылар Всеволод Иванов, Николай Анов, Галина Серебрякова, ақындар Сәбит Дөнентаев, Сұлтан­мах­мұт Торайғыров, зерттеуші-абайтанушы Қайым Мұхамедханов, мәдениет қай­рат­кер­лері Еркеғали Рахмадиев, Бибігүл Тө­легенова, Роза Рымбаева және тағы да бас­қа саңлақтар Семей жерінде әр жылдарда оқыды, өмір сүрді және шығарма­шы­лық­пен айналысты. Семей Қазақстан футболының отаны болып табылады. 1913 жылы жас Мұхтар Әуезов «Ярыш» футбол командасын құрды және сол команданың мүшесі болды. 2013 жылы осы команданың 100 жылдығы атап өтілмек. Сонымен бірге, дүние жүзіне әй­гі­лі қазақтың батыр балуаны Қажымұқан Мұ­ңайтпасов өнер көрсеткен тұңғыш ұлт­тық цирк те осы жерде құрылды. Олим­пиадаға қатысқан тұңғыш қазақ Ғұсман Қосанов, Леонид Никитенко, Василий Ярков, Дәулет Тұрлыханов және тағы басқа көптеген спортшылар әлемдік және халық­аралық жарыстардағы жетістіктерімен Қа­зақ­стан туын көкке көтерді. Олардың қатарында Жақсылық Үшкемпіров те бар, ол Семей қаласының арқасында Олимпиада жеңімпазы атанды. Өкінішке қарай, бүгінгі күнде осы бір жақсы дәстүр бара-бара жойылып барады. Бұл таланттардың жоқтығынан емес, 350 мың тұрғыны бар қалада тиісті спорттық ин­фрақұрылым мен материалдық-техни­ка­лық база жоқ. Сондай-ақ, Семей студенттер қаласы болып табылады, онда 50 мыңнан астам студент жастар оқиды. Семей қала­сын­да мәдени-сауықтыру іс-шараларын жоғары деңгейде өткізуге болатын бірде-бір спорттық ғимарат жоқ. Әмбебап мұз ай­дыны қарастырылған Спорт сарайы жоқ Қа­зақстандағы жалғыз қала Семей болып тұр. Тұрғындарының саны Семейден әл­де­қай­да аз Қостанай, Орал, Атырау, Көк­ше­тау, Рудный секілді қалаларда әмбебап мұз айдыны қарастырылған Спорт сарайы бар және осы қалалардың халқы  спорттың алу­ан түрімен, оның ішінде қысқы спорт түр­лерімен белсенді түрде айналысуға мүм­кіндігі бар. Семей қаласының халқы, әсі­ресе, жастары әмбебап мұз айдыны қарастырылған Спорт сарайын, типтік жүзу бассейнін, қазіргі заман талабына сай стадионды армандайды. Осы мәселе бойынша жуырда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мырзаның атына депутаттық сауал жолдадым. Келтірген мәліметтерімді негізге ала отырып, Семейде әмбебап мұз айдыны қарастырылған Спорт сарайын салу мәселесін қарауды және оның оң шешімін табуына ықпал етуі жөнінде өтініш жаздым. Айта кету керек, бұл 40 жыл ядролық жарылыстан зардап шеккен Семей қаласының халқы үшін Семей сынақ полигонының жабылуының 20 жылдығына мемлекет тарапынан үлкен сыйлық болар еді. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы №409 Жарлығымен Семей сынақ полигоны жабылды. Бұл жабылуды 2011 жылы тамыз айында әлемдік қоғамдастық кең ауқымда атап өтпек. Ержан РАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты.