Кеше Сенат Төрағасының орынбасары М.Көпеевтің қатысуымен «Қоршаған ортаға эмиссиядан түсетін қаражатты өңірлік деңгейде тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.
Оның жұмысына палата депутаттарынан өзге қоршаған ортаны қорғау, экономикалық даму және сауда, қаржы министрліктері мен салық комитетінің, Бас прокуратураның, жергілікті билік пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Б.Жылқышиев талқылауды аша келіп, қаражатты табиғатты пайдаланушылардың пайдалануы, сондай-ақ қоршаған орта үшін алынатын эмиссия төлемдері жөніндегі заңнаманы жетілдіру маңызды екенін атап өтті. Шараға қатысушылар алдында сөз алған палата төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев Астанада өткен IV экономикалық форумда Президент Н.Назарбаевтың қоршаған ортаны қорғауға және өткір экологиялық мәселелерді шешуге ерекше назар аударғанын, сондықтан да индустриялық саясатты жүзеге асыруда «жасыл экономиканы» және салық салудың «экологиялық» жүйе құралдарын енгізу» ерекше маңызға ие екенін ерекше атап өтті.
Осы саладағы заңнаманы жетілдіруге Сенат зор көңіл бөліп келе жатқанын атап өте келіп, М.Көпеев ауаны ластағаны үшін алынатын қазіргі төлем жүйесі, қоршаған ортаға арналған эмиссия төлемдерін жинау экологиялық өткір мәселелерді шешуде тиімсіз екеніне тоқталды. Қазіргі кезде негізінен кіріс түсіруге ғана баса көңіл бөлініп отыр, ал ластануды азайтуға ықпал ететін құралдар толық көлемде пайдаланылмай келеді. Мұндай әрекет ауаны ластағаны үшін төленетін төлемдер негізінен салықтық сипатқа ие болуға әкеп соғады, ал экологиялық зиянды өнім үшін төленген төлемдер тиімсіз пайдаланылуда. Қоршаған ортаға арналған эмиссиялық төлемдер Бюджет кодексіне сәйкес, облыстардың, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларының бюджеттеріне түседі. Бірақ, М.Көпеевтің айтуынша, қоршаған ортаны қорғау шараларын қаржыландыру құжатта жеке жолда жазылмаған және экологиялық төлемдерден түсетін көлеммен байланыспаған.
Талқылау барысында қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Р.Бөлтіріков, салық комитеті төрағасының орынбасары А.Қыпшақов, Экономикалық даму және сауда министрлігінің жауапты хатшысы Д.Шәженова, Ақтөбе және Павлодар облыстары әкімдерінің орынбасарлары Р. Кемалова мен М.Көбенов, «Астана коммерциялық емес ұйымдарының форумы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Б.Ахметжанова және басқалар сөз сөйлеп, депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.