21 Мамыр, 2011

Каддафи тағдырын ливиялықтар шешеді

403 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Муамар Каддафидің билікте қалу-қалмауын АҚШ президенті емес, тек Ливия халқы ғана шешуге құқылы, деп мәлімдеді Триполиде Ливия үкіметінің ресми өкілі Муса Ибрагим. Ибрагим Америка президентінің 19 мамырдағы АҚШ мемлекеттік департаментінде сөйлеген сөзіне осылайша жауап қайтарды. Ливия үкіметі өкілінің айтуынша, президент Обама оның өз үкіметі мен бұқаралық ақпарат құралдарының бүкіл әлемге таратқан жалған ақпаратына сеніп, өзінің қате түсініктерін әлі күнге дейін өзгерте алмай келеді. Кепілдік сомасы – 1 миллион доллар Манхэттеннің қылмыстық соты Ха­лықаралық валюта қорының бұрынғы директоры Доминик Стросс-Канды 1 миллион доллар кепілдікпен түрмеден шығаруға келісім берді. Ол бұдан былай үнемі сот орындау­шы­ларының бақылауында болады. Әлемдегі ең ықпалды қаржы ұйымдарының бірінің бұрынғы ди­ректорынан Нью-Йорк қаласынан кетпеу жөнінде қолхат алын­ды. Сонымен бірге Стросс-Канның бүкіл құжаттарын сыпырып алып, аяғына арнайы электронды білезік кигізген. Ол оның қайда жүргенін кез келген уақытта көрсетіп тұратын болады. Түркиядағы жер сілкінісі Түркияда болған 5,7 баллдық жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер саны 120 адамнан асып, соның ішінде 4 адам қаза тапқан. Жерасты дүмпулері жергілікті уақыт бойынша 23.15 минөтте тір­келген. Оның ошағы Кютахья провинциясының Симав уезінде бол­ған көрінеді. Жерасты дүмпулері Түркияның батысы мен орта­лы­ғындағы бірқатар аудандарда, сонымен бірге Ыстамбұлда да сезілген. Куәгерлердің айтуынша, зілзаланың қатты болғаны сондай, алғашқы сәттерде адамдар орындарынан қозғала да алмай қалыпты. АҚШ ақша төлеуден бас тартты АҚШ үкіметі «Әл-Каида» көсемі Усама бен Ладенді ұстағандарға төленуге тиіс 25 мың доллар сыйақының ешкімге берілмейтіндігін хабарлаған. Олар оны бен Ладеннің мәлімет берушілердің хабарлауы бойынша емес, интернет арқылы бақылау нәтижесінде қолға түскенімен түсіндіруде. Шынымен де, бен Ладеннің қайда екендігі оның жақын көмекшілерінің бірінің интернетте жіберген қателігінің салдарынан ашылып қалған. Сол себепті де АҚШ үкіметі өз уәдесінен айнып кетіп отыр. Мироновтың пікірі ішінара расталды Сергей Мироновты Федерация Кеңесінен кері шақырып алу жөніндегі «Еди­ная Россия» партиясының баста­мас­ына бар болғаны 20 пайыз ресейліктер ғана қолдау көрсеткен. Ал егер Федерация Кеңесінің бұрынғы спикерінің Санкт-Петербург Ресейдегі ең коррупциялы қала деген сөзіне келсек, ол ішінара расталып отыр. «Қоғамдық пікір» қоры жүргізген сауалдама бойынша Санкт-Петербург коррупциялы қалалар ішінде Камчаткамен және Солтүстік Осетиямен бірлесіп 2-4 орындарды бөліскен. Ал Санкт-Петербургте коррупцияның бар екендігін басқа да бірқатар саясаткерлер де мойындап отыр. Әзірбайжан «Евровидение-2012»-ге дайындалуда Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев өз жарлығымен «Евровидение» ән байқауын кең ауқымда өткізуге дайындық жөнінен ұйымдастыру комитетін құрды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі. Дюссельдорф қаласында 15 мамырда аяқталған «Евровидение» ән байқауында әзірбайжандық дуэт Элла мен Никидің жеңіске жеткені белгілі. Осы байқауға 2008 жылдан бері тұрақты қатысып келе жатқан Әзірбайжан биыл 221 балл жинап, алғаш рет жеңімпаз атанып отыр. «Евровидение» ережесіне сәйкес келесі байқау жеңімпаз елде, яғни Әзірбайжанда өтетін болады. Лейдерман Ресейден неліктен қуылды? Израильдің әскери атташесі Вадим Лейдерманды жеке компанияның мүддесін қорғауға талпыныс жасағаны үшін Ресейден шығарып жіберді, деп жазады «Ведомости» газеті. Ресей әскери өнеркәсібінен тараған ақпарат бойынша Лейдермен Elbit атты жеке фирманың ұшқышсыз ұшатын әскери ұшақтарын Ресей рыногына шығаруға талпыныс жасаған. Сонымен бірге қазіргі уақытта Орал азаматтық авиация зауытында ІАІ мемлекеттік компаниясының лицензиясы бойынша ұшу аппаратының құрастырылып жатқаны белгілі болып отыр. Израиль қорғаныс министрлігі Лейдерманды Ресейден еш себепсіз шығарды деп есептейді. Әзіл түбі – зіл Даниялық режиссер және сценарист Ларс фон Триер Канн кинофестивалінің өзін «нон грат персонасы» деп мәлімдегеніне таң қалғанын, сонымен бірге фестивальдің бүкіл тарихында мұндай оқиғаның ешқашан болмауы себепті өз мәртебесін мақтан тұтатынын хабарлаған. Ол бұл жанжалдың өзіне шығармашылық сер­піліс беріп, оның жұмыстарын бұрынғыдан да гөрі револ­ю­цияшыл етуі мүмкін екенін атап көрсеткен. Айта кету керек, жанжал режиссердің Гитлерге бүйрегім бұрады және «аздап нацист» болып табыламын деген «әзілінен» кейін туындаған болатын. Солтүстіккореялық зымырандардан қатер жоқ Ресей бас штабы Солтүстік Кореяның зымыран бағ­дарламасынан туындайтын шынайы қатерді көріп отырған жоқ, деп мәлімдеген РФ қарулы күштері бас штабы бас басқармасы бастығының орынбасары В.Кондрашов. Бас штабтың мәліметі бойынша, Солтүстік Кореяның зымыран бағдарламасы елеулі қауіп туғыза алмайды. Өйткені, «Тэпходон» зымыранында үшінші саты мен ядролық оқтұмсық жоқ. Ал оларды техникалық тұрғыда жүзеге асыру Солтүстік Кореяның қолынан келмейді, деп хабарлаған Кондрашов еуропалық зымыранға қарсы қорғаныс мәселесіне орай өткізілген баспасөз мәслихатында. Интернет материалдары негізінде әзірленді.