21 Мамыр, 2011

Судья іріктеу – маңызды міндет

417 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Жоғары Сот кеңесінің кезекті отырысы болды. Оның жұмысына төр­ағалық еткен Оңалсын Жұмабеков Кеңес­тің құрамы жаңарғандығын айтты. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысының үстіміз­дегі жылдың 6 мамырындағы Жарлығына байланысты туындады. Елбасының аталған Жарлығына орай Кеңестің құрамына Жоғарғы Соттың Төрағасы Б.Бекназаров және Бас Прокурор А.Дауылбаев енгізілді. Ал Кеңестің құра­мынан  Жоғарғы Соттың судьялары Ә.Құ­рықбаев, Л.Полторабатько және Жоғар­ғы Соттың отставкадағы судьясы С.Райым­баев шығарылды. Олардың орнын Ғ.Ақ­қуова мен А.Линник және Д.Нұралин басты. Отырысты ашқан О.Жұмабеков судья­ларды іріктеу мәселесіне тоқталып өтті. Ол бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде кейбіреулердің жергілікті судья­лар­дың лауа­зымды бос орындарына жүр­гізі­летін кон­курс­та бір орынға бес жүз адамнан келеді  деген және басқа да шындыққа сәйкеспейтін бол­жам­дары айтылуда деді. Мұндай пікірлер негізсіз көрінеді. Өйткені, соңғы екі жыл бойына кандидаттардың судьялық бос орын­дарға конкурс бұқара­лық ақпарат құрал­дарында үнемі жария­ла­нып келеді. Бұған қоса сайттарда үміт­кер­лердің де тізімі беріліп тұрады. Жалпы, конкурс бойынша то­лық­­қан­ды ақпаратты тиісті сайттардан алуға бола­ды. Сотқа кадрлар іріктеу ісімен Жоғары Сот кеңесі айналысады. Олар конкурсқа түскен үміт­керлердің құжаттарын қарап, тексереді. Осыған орай Жоғары Сот кеңесі олардың тізімін жариялап, болашақ судья­лар­ға қатысты өзгелердің пікірлерін де біледі. Қанша үміт­кер конкурсқа түссе олардың барлы­ғының аты-жөндері Жоғары сот кеңесі, сот сайтын­да ашық жарияланады. Яғни кез келген азамат онымен танысып, сайтта үміт­керге қа­тысты өз пікірін қал­дыра алады. Осыдан кейін жұрттың да пікірі сарапта­лынып, үміт­кердің әрі қарай конкурсқа жіберілу-жіберілмеу мәселесі шешіледі. Бұл Кеңес жұмысының ашықтығын білдіреді. Судьялыққа үміткерлер әбден зерделеніп, сараланып барып іріктеледі, олар­дың білімдері, адамгершілік қасиеттері, өмірлік тәжірибелері мұқият зерттелінеді. Олар туралы әрбір дерек әрқашанда на­зарға алынады. Мәселен, бүгінгі конкурс­ты өткізуге даярлық барысында барлық облыстардан конкурсқа өтініш берген үміткерлерге байланысты түрлі мәліметтер келіп түсті, деді О.Жұмабеков. Жалпы, Кеңес еліміздің жергілікті және басқа соттары судьяларының 34 бос қыз­мет орындарына конкурс өткізген екен. Олардың ішінде  22 аудандық және оған теңестірілген соттар, сонымен қатар 12 облыстық және оған теңестірілген соттар бар. Сонда конкурсқа барлығы 344 үміткер қатысса, оның ішінде 312 үміткер аудан­дық соттар судьялары бос қызмет орын­дарына бақтарын сынап көрген. Мұнда бір орынға  14 адамнан келген. Ал облыстық соттар судьяларының бос қызмет орын­дары­на 32 кандидат қатысып, бір орынға 2,6 адамнан келген көрінеді. Кеңес отырысында Жоғарғы Соттың Төрағасы судьялық қызметтерге кадр резервімен жұмыстың жай-күйі, судьяға кан­ди­даттардың облыстық және аудандық сот­тарда тағылымдамадан өтуі, судья қыз­метінде болудың шекті жасын көздейтін «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конс­титуциялық Заңының 34-1-бабын қол­дану тәжірибесі туралы және басқа да мәселелерді ортаға салды. Жоғарғы Сот Төрағасының кейбір жергілікті және басқа да сот төрағаларын, алқа төрағалары мен судьяларды қызметке  та­ға­йындау мен қызметтен босату туралы ұсы­нымдары қарастырылды. Нақты айт­қан­да, судьялардың бірқатары қойылатын талап­тарға сәйкес келмеуіне байланысты оларды бірден қызметтен босату туралы Мемлекет басшысына ұсынымдар қабыл­дау қаралды. Кеңес жанындағы біліктілік жөніндегі комиссияның құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе келесі отырысқа қалды­рыл­ды. Жоғарғы Соттың жанындағы соттар­дың қызметін қамтамасыз ету депар­та­ментінің Жоғарғы Сот аппараты басшылық қызметіне Б.Жұмағұловты таға­йындау тура­лы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсы­нысы қабылданды. Бұл Жоғарғы Сот­тағы жаңа басшылық келгелі бері алғашқы үлкен кадрлық өзгерістің бірі болып табылады. Сөйтіп, отырыс қорытындысы бойынша Жоғарғы Сот кеңесінің өзге де маңызды тиісті шешімдері қабылданып, қажетті ұсынымдар берілді. Александр ТАСБОЛАТОВ.