Кеше Жоғары Сот кеңесінің кезекті отырысы болды. Оның жұмысына төрағалық еткен Оңалсын Жұмабеков Кеңестің құрамы жаңарғандығын айтты. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың 6 мамырындағы Жарлығына байланысты туындады.
Елбасының аталған Жарлығына орай Кеңестің құрамына Жоғарғы Соттың Төрағасы Б.Бекназаров және Бас Прокурор А.Дауылбаев енгізілді. Ал Кеңестің құрамынан Жоғарғы Соттың судьялары Ә.Құрықбаев, Л.Полторабатько және Жоғарғы Соттың отставкадағы судьясы С.Райымбаев шығарылды. Олардың орнын Ғ.Аққуова мен А.Линник және Д.Нұралин басты.
Отырысты ашқан О.Жұмабеков судьяларды іріктеу мәселесіне тоқталып өтті. Ол бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде кейбіреулердің жергілікті судьялардың лауазымды бос орындарына жүргізілетін конкурста бір орынға бес жүз адамнан келеді деген және басқа да шындыққа сәйкеспейтін болжамдары айтылуда деді. Мұндай пікірлер негізсіз көрінеді. Өйткені, соңғы екі жыл бойына кандидаттардың судьялық бос орындарға конкурс бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жарияланып келеді. Бұған қоса сайттарда үміткерлердің де тізімі беріліп тұрады. Жалпы, конкурс бойынша толыққанды ақпаратты тиісті сайттардан алуға болады. Сотқа кадрлар іріктеу ісімен Жоғары Сот кеңесі айналысады. Олар конкурсқа түскен үміткерлердің құжаттарын қарап, тексереді. Осыған орай Жоғары Сот кеңесі олардың тізімін жариялап, болашақ судьяларға қатысты өзгелердің пікірлерін де біледі. Қанша үміткер конкурсқа түссе олардың барлығының аты-жөндері Жоғары сот кеңесі, сот сайтында ашық жарияланады. Яғни кез келген азамат онымен танысып, сайтта үміткерге қатысты өз пікірін қалдыра алады. Осыдан кейін жұрттың да пікірі сарапталынып, үміткердің әрі қарай конкурсқа жіберілу-жіберілмеу мәселесі шешіледі.
Бұл Кеңес жұмысының ашықтығын білдіреді. Судьялыққа үміткерлер әбден зерделеніп, сараланып барып іріктеледі, олардың білімдері, адамгершілік қасиеттері, өмірлік тәжірибелері мұқият зерттелінеді. Олар туралы әрбір дерек әрқашанда назарға алынады. Мәселен, бүгінгі конкурсты өткізуге даярлық барысында барлық облыстардан конкурсқа өтініш берген үміткерлерге байланысты түрлі мәліметтер келіп түсті, деді О.Жұмабеков.
Жалпы, Кеңес еліміздің жергілікті және басқа соттары судьяларының 34 бос қызмет орындарына конкурс өткізген екен. Олардың ішінде 22 аудандық және оған теңестірілген соттар, сонымен қатар 12 облыстық және оған теңестірілген соттар бар. Сонда конкурсқа барлығы 344 үміткер қатысса, оның ішінде 312 үміткер аудандық соттар судьялары бос қызмет орындарына бақтарын сынап көрген. Мұнда бір орынға 14 адамнан келген. Ал облыстық соттар судьяларының бос қызмет орындарына 32 кандидат қатысып, бір орынға 2,6 адамнан келген көрінеді.
Кеңес отырысында Жоғарғы Соттың Төрағасы судьялық қызметтерге кадр резервімен жұмыстың жай-күйі, судьяға кандидаттардың облыстық және аудандық соттарда тағылымдамадан өтуі, судья қызметінде болудың шекті жасын көздейтін «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңының 34-1-бабын қолдану тәжірибесі туралы және басқа да мәселелерді ортаға салды.
Жоғарғы Сот Төрағасының кейбір жергілікті және басқа да сот төрағаларын, алқа төрағалары мен судьяларды қызметке тағайындау мен қызметтен босату туралы ұсынымдары қарастырылды. Нақты айтқанда, судьялардың бірқатары қойылатын талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты оларды бірден қызметтен босату туралы Мемлекет басшысына ұсынымдар қабылдау қаралды.
Кеңес жанындағы біліктілік жөніндегі комиссияның құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе келесі отырысқа қалдырылды. Жоғарғы Соттың жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің Жоғарғы Сот аппараты басшылық қызметіне Б.Жұмағұловты тағайындау туралы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынысы қабылданды. Бұл Жоғарғы Соттағы жаңа басшылық келгелі бері алғашқы үлкен кадрлық өзгерістің бірі болып табылады. Сөйтіп, отырыс қорытындысы бойынша Жоғарғы Сот кеңесінің өзге де маңызды тиісті шешімдері қабылданып, қажетті ұсынымдар берілді.
Александр ТАСБОЛАТОВ.