Елдің Қарулы Күштерінің қалыптасу кезеңдерін таразылайтын тың туынды дүниеге келді. Шығыс данышпандары шындықтан ешкім қашып құтыла алмайды және оны жасыру да мүмкін емес деген екен. Ендеше, осы біздің әңгімелегелі отырған «Жоғарғы Бас қолбасшы – әскери қауіпсіздік кепілі» атты еңбекте қазіргі күнгі қуатты әскерлеріміздің қалай құрылғаны және сын сағатта талапқа сай қандай дәрмен мен пәрмен көрсете алатыны шынайы түрде ашық айтылып және соған сәйкес айбарлы Қарулы Күшіміздің мұндай дәрежеге қалай жете алғаны нақты әрі жан-жақты баяндалады. Бәріміздің тәтті ұйықтап, тыныш еңбек етіп жатқан өміріміздің ең басты негізі қауіпсіздік қалай жасалғаны айшықты айқындалып, түрлі мысалдармен жеткізіледі. Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай, оқырман қауым қолына тілі шұрайлы, қызықты оқылатын, мазмұны терең шығарма тиді.
Ал оның авторы осы саланың әбден ыстық-суығын бастан өткерген, әскери өнердің тарихын жатқа білетін, әскери істің қыр-сырына қаныққан кәсіби маман, тарих ғылымдарының докторы, профессор, генерал-лейтенант Абай Тасболатов. Аталған еңбектің ерекшелігі ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жарыққа шығуында болып отыр. Демек, осыған орай кітапта тәуелсіздік жылдарында Қарулы Күштеріміз, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар қатардан қалмай қатар дамып, көптеген өзгерістерді бастан кешіргені баяндалады. Бүгінде бұл құрылымдар жоғары деңгейде жабдықталған, ықтимал қатерлерге төтеп бере алатын заманауи армия. Бұл жетістік – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі, яғни, мемлекетіміздің қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын, ел тыныштығын қорғауға бағытталған сындарлы саясатының жемісі. Өйткені Президент Қарулы Күштер және басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың даму бығытын заман ағымына, ел өміріндегі негізгі кезеңдерге сай айқындап отырды, оларды жетілдіру жолында көптеген өміршең шешімдер қабылдады. Мұның бәрі тәуелсіздік алғаннан кейін іс жүзіне асқаны белгілі. Оған дейін қазақстандық әскеріміздің аты бар да заты жоқ еді.
Бұл туралы автордың өзі сонау 1992 жылы наурызда Алматы қаласындағы И. Конев атындағы жоғары әскери училищеге Елбасының ұсынысымен Мәскеу арқылы басшы болып тағайындалған едім дейді. Өйткені, ол кезде еліміз егемендік алғанымен Қарулы Күштер бір орталықтан басқарылатын. Көп ұзамай 7 мамыр күні Президент Жарлығымен өзіміздің төл Қарулы Күштеріміз құрылды. Содан кейінгі табаны күректей он жылда ол осы әскери училищеге жетекшілік еткенде Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы мен қалыптасуына қомақты еңбек сіңіріп, өзіндік үлес қосқаны анық. Міне, солардың бәрі осы кітапта көрініс тауып отыр. Әрине, бұл тұрғыдан алғанда өзіміздің Қарулы Күштеріміз бен басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құруда, оны жаңа заман талабына сай қалыптастыруда Елбасының еңбегі өте зор екені белгілі. Олар Қорғаныс министрлігі, ІІМ ішкі әскерлері, шекара әскері, ТЖМ, республикалық Ұлан және т.б. Осының бәрін жазуда негізгі деректер Мемлекет басшысының көптеген кітаптарынан және өзге де тәуелсіздік жылдарында еліміздің қалыптасуы туралы жазып жүрген бірқатар белгілі қоғам қайраткерлерінің шығармаларынан алынды. Мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген мақалалар сараланды. Оның бәрі талданып, зерттелініп, сосын бір жүйеге түсірілді. Елбасының әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі айрықша рөлі айқындалды. Сондықтан бұл кітап, ең алдымен, әскери адамдарға керек. Онан әрі әскери зерттеушілерге қажет. Сосын академия тыңдаушыларына, курсанттарға, студенттерге және әскери іспен жақынырақ танысқысы келетін жалпы көпшілік қауымға арналады.
Бұл кітапты оқи отырып үш мәселеге назар аудардық. Жалпы, мұндай кітапта авторлар өздерін көрсетуге, суреттерін тықпалауға тырысады. Мұнда ондай жоқ. Мен сондаймын, мен солай жасадым деген де жоқ. Автордың ғалымдығы да осы тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеп, жазуына көмек берген. Оның бұл саланы жақсы білетіні, оған өзі де тікелей араласып еңбек етіп жүргені кітапты оқып отырғанда айқын аңғарылып, автордың қарапайымдылық қасиеті ерекше байқалады. Бұл жаңа тұрпатты әскерилеріміздің қазіргі бейнесі деп білеміз. Сонымен, бұл еңбектің екі ерекшелігі айқын аңғарылады: біріншіден, мұнда білімнің көзі бар, өйткені, көптеген тарихи деректер жинақталған. Екіншіден, жастарға отаншылдықты тәрбиелеуде шығарманы Қазақ батырларына сілтеме жасай отырып бастауының аса әсері бар. Үшіншіден, тілі өте жатық. Оның сыры автордың осы кітапты әуелі қазақ тілінде жазып, сосын басқа тілге аударамын дегенінде жатыр деп ойлаймыз, дейді кітаптың тұсаукесерінде сөз алған Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Ербол Шаймерден.
«Жоғарғы Бас қолбасшы – әскери қауіпсіздік кепілі» атты шығарманы оқи отырып, Елбасының мемлекет әскерінің әлеуетін арттыру үшін әлемнің озық елдері армияларымен терезесі тең деңгейге жетуіне бағытталған ерен еңбегі нақты деректер көмегімен жүйеленген. Демек, еліміздің Қарулы Күштерін, басқа әскерлер мен әскери құрылымдарды құрып, қалыптастырып, қуатты күшке айналдыра білген Елбасының әскери саладағы қызметін егжей-тегжейлі баяндайтын кітап әскери қызмет етуге ынтасы бар жастарға, әскери тарихты зерттеушілерге, көпшілікке қажетті құндылығымен қатар, ел қауіпсіздігін сақтауда әскерилердің патриоттық сезімін тудыруға үлкен көмек болары сөзсіз. Ал әскерге алынатын жастар үшін бұл оларға әуелі бағыт-бағдар беретін болса, екіншіден, Елбасыдан үлгі алуға, Елбасыдай жұмыс істеуге және Елбасы секілді Отан, халық үшін аянбай еңбек ете білуге тәлім береді. Аталған тың туынды сонысымен де қымбат деп ойлаймыз.
Александр ТАСБОЛАТОВ.