ҚАЗА ТАПҚАНДАР САНЫ – 12
Пәкстандағы әскери базаға шабуыл жасау барысында қаза тапқандар саны 12 адамға жетті, деп хабарлайды «Синьхуа» агенттігі.
Алдыңғы күні талибтер авиабазаны атқылап, гранаталар лақтырған болатын. Полицияның айтуы бойынша, гаранаталармен, реактивті снарядтармен және автоматтармен қаруланған 10-15 содыр сағат кешкі бестен кейін Мехран базасына шабуыл жасаған. База аумағында кем дегенде он жарылыс болып, оның соңы кескілескен атысқа ұласқан. Пәкстан өкіметі қаза болған 12 адамның ішінде 8 содыр бар деп мәлімдеп отыр. Оқиға орын алған сәтте Мехран базасында америкалықтар болмаған көрінеді.
ГРУЗИЯДА БИЛІК АУЫСА МА?
Михаил Саакашвилидің режіміне қарсы оппозицияның жаппай ереуілге шығуы революциялық ахуалдан алшақ, таяу уақыттарда биліктің ауысуын күтудің ешқандай қисыны жоқ.
Грузиядағы ахуалға байланысты РИА Новости агенттігіне ресейлік сарапшылар мен саясаттанушылар осындай пікір білдірген. 21 мамырдан бері Грузияда М.Саакашвилидің отставкаға кетуін талап еткен акциялар өтуде. Тбилиси мен Батумиде өтіп жатқан наразылық шараларына бірнеше мыңдаған адамдар қатысуда. Оппозиция лидерлерінің бірі – парламенттің экс-спикері Нино Бурджанадзе Тбилисиде өткен митингіде Грузияда төңкерістің басталғанын хабарлап та үлгерді.
КИМ ЧЕН ИР ҚЫТАЙДАН КЕҢЕС СҰРАДЫ
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ир өз елінің экономикалық дамуына байланысты кеңес алу үшін Қытайға келді, деп хабарлайды Франс-Пресс агенттігі.
Ким Чен Ирдің Қытайға сапары Қытайдың, Оңтүстік Кореяның және Жапонияның қатысуымен Токиода өтетін үшжақты саммит қарсаңында жүзеге асып отыр. Айта кету керек, ел үкіметінің соңғы отыз жылда нарық экономикасын дамытуға көшуіне байланысты Қытайда ішкі жалпы өнім көлемі 14 есе өскен. Солтүстік Корея басшысының Қытайдан экономикалық кеңес сұрауына да осы жағдай себеп болса керек. Соңғы жылдары Солтүстік Кореяның ауыр экономикалық ахуалды бастап кешіп отырғаны белгілі. Елде әсіресе, азық-түлік пен энергоресурстар тапшылығы сезілуде.
АЛАПАТ ДАУЫЛ ЗАРДАПТАРЫ
АҚШ-тың Миссури және Миннесота штаттарында орын алған торнадодан қаза тапқандар саны 31 адамға жетіп отыр.
Алапат дауыл 200-ден астам құрылысты қиратып, тұрғын үйлерге орасан зор нұқсан келтірген. Кем дегенде бес адам жарақат алған көрінеді. Қалада электр тарату желілері мен телефон байланысы жұмыс істемейді. Бірқатар штаттарда табиғат апатына байланысты төтенше жағдай жарияланып отыр. АҚШ өкіметі құтқарушыларға көмектесу үшін жіберген ұлттық гвардия әскерилері үйінділер астында қалған жаралыларды құтқаруға жәрдемдесетін болады. Сәуір айында АҚШ-тың оңтүстік-шығысында болған торнадо салдарынан 329 адам қаза тапқан еді.
ЕЛШІГЕ ШАБУЫЛ ЖАСАЛДЫ
Йеменде орын алып жатқан тәртіпсіздіктер барысында өткен жексенбі күні ҚХР-дың осы елдегі елшісі отырған автомобиль кортежіне шабуыл жасалған.
Кортежге қаруланып алған адамдар шабуыл жасаған көрінеді, бірақ оларды полиция қуып, таратып жіберген. Дипломаттың жағдайы туралы әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Йеменде үкіметке қарсы ереуілдер әлі күнге жалғасуда. Ел президенті Әли Абдалла Салих Парсы Шығанағы елдері қызметтестік кеңесі әзірлеген билікті бейбіт түрде беру туралы келісімге қол қоюдан үшінші рет қатарынан бас тартып отыр.
ЖАНАРТАУ КҮЛІ НОРВЕГИЯҒА ЖЕТТІ
Исландияның Гримсвотн жанартауының атқылауынан пайда болған күл Норвегияға дейін жетті.
Сейсенбі, 24 мамыр күні жанартау бұлты Ұлыбританияға дейін жетеді деген болжам бар. Олай болса Еуропаның авиация әлемінің алдына Біріккен Корольдік үстімен ұшақтардың ұшуына тыйым салына ма, жоқ па деген сауал туындайтын болады. Өткен жылғы «ұлы жанартау әбігері» де дәл осы елде басталған болатын. Онда Ұлыбританияның авиациялық билігі сәуір айында елдің әуе кеңістігін бірінші болып жауып тастаған еді. Франция көлік министрлігі егер күл Францияға дейін жететін болса, ел өкіметінің ұшуларға тыйым салуы мүмкін екенін қазірдің өзінде мәлімдеп отыр.
ОМАР ТУРАЛЫ СЫБЫС ШЫНДЫҒЫ
«Талибан» исламистік қозғалысы өздерінің көсемі Мохаммед Омардың қаза тапқаны туралы хабарды теріске шығарып отыр, деп хабарлайды Ассошейтед Пресс агенттігі.
Талибтердің өкілі Забиулла Муджахид агенттікке Омар молданың көзі жойылғандығы туралы сыбыстың бар болғаны «насихат» қана болып табылатынын жеткізген. Оның айтуынша, «Талибанның» көсемі қазіргі кезде Ауғанстанда жауынгерлік операцияларға басшылық жасауда. Ал Омар молданың қаза болғаны туралы 23 мамыр күні ауғандық Tolo телеарнасы хабарлаған болатын.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.