Бес жылда бір рет өткізіліп тұратын әлем қазақтарының құрылтайы еліміздің саяси-қоғамдық өміріндегі маңызды оқиға десек, артық айтқандық емес. Аталған тарихи шараның негізгі мақсаты – шетелдерде өмір сүріп жатқан өскелең ұрпақты атамекенге бет бұрғызу мәселесін көтеру және келген қандастарымызды мемлекет тарапынан қолдап, жағдай жасап отыру. Сонымен қатар, құрылтай барысында шетелдерде тұратын қазақ жастарының және Қазақ елінде білім алып жатқан бауырларымыздың ұл-қыздарының Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, елім бар екен деген ұғымды қалыптастыру. Бұл жері кең, халқы аз еліміздегі демографиялық ахуалды жақсартуға да септігін тигізері күмәнсіз.
Алқалы жиын Астана қаласында 25-27 мамыр аралығында өтеді. Бұл құрылтайдың өзге құрылтайдан айырмашылығына келетін болсақ, осы жолы басқа елдердегі жастар мен жастар ұйымдарының, студенттер бірлестіктерінің көшбасшылары шақырылып отыр. Жиынға әлемнің 35 елінде тұрып жатқан қандастарымыздан 380-ге жуық өкілмен бірге, қазақстандық делегаттар қатысатынын да назарға сала кетсек дейміз.
Делегаттар қатарында қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін, қазақ тілін дамыту мен насихаттауда кеңінен танымал қоғам қайраткерлері, шығармашылық, ғылыми-педагогикалық, зияткерлік, бизнес, спорт, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Атап айтқанда, құрылтай жұмысына Чехияның экс-министрі Жәмила Стехликова, Чувашияның экономикалық даму экс-министрі, қазір Чебоксары жоғары оқу орнының доценті Гүлмира Акимова, Моңғолияның оқу-ғылым және мәдениет министрінің орынбасары Күләнда Чоной, мәскеулік профессор Нәйла Бекмаханова, техника ғылымдарының докторлары Дәулет Мұхамеджанұлы мен Асқар Дәулетұлы, армрестлинг жөнінен Иран чемпионы Жүсіп Шаткам, т.б. қатысады.
Осы арада құрылтай делегаттарының 60 пайызын жастар құрайтынын айта кеткеніміз ләзім. Олардың қатарында Германия, Швеция, Австрия, Голландия, Норвегия, Ұлыбритания, Моңғолия, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Қазақстан спортшылары, студенттері, магистранттары мен оқушылары бар.
Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайы 25 мамыр күні Тәуелсіздік сарайында салтанатты түрде ашылып, онда Қазақ елінің Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде. Сол күні атажұртына келген бауырларымыз «Қыз Жібек» операсының қойылымын тамашалайды. Ал 26 мамыр күні қонақтардың құрметіне «Атамекен» кешенінде «Этноауылдың» ашылуы болады. Сонымен қатар, бірқатар министрліктерде қазақ диаспорасының өзекті мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер өткізіліп, мекеме басшыларымен кездесулер өтеді. 27 мамыр күні іс-шаралар Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда шетелден келген қазақ жастарының футбол турниріне және ұлттық спорт ойындарына жалғасады. Президенттік мәдениет орталығында шетел қазақтарының қолөнер шеберлері көрмесі ұйымдастырылып, соңынан ақындардың халықаралық жыр мүшәйрасы, ата-жұртын аңсап келген жастардың концерті өткізіледі. Сөйтіп, елім, жерім деп келген ағайындар үш күн бойы елордада алуан түрлі шаралардың куәсі болады.
Сүлеймен МӘМЕТ.