Орыстың ұлы жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолоховтың Қазақстанға жаз айларында отбасымен жиі келіп, аңшылық құрып, балық аулап, дем алғандығы, қазақтарды жақсы көріп, құрметтегендігі белгілі. Сол сапарларында: «Донда жүрсем – казакпын, Оралға келсем – қазақпын», деп айтқаны, Қазақстанды жақсы көргені халық арасында тарап кеткен. Оның үстіне студент кезімізде ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың бізге сабақ беріп тұрып: «Шолохов Алматыға келіп, дүйім жұрттың алдында сөз сөйлеген кезінде «ұлы қазақ халқы» дегенді сөзінің арасында екі үш рет қайталап айтты. Сонда дуалы ауыздардан мұндайды естіп көрмеген біз әлемге мәшһүр жазушының аузымен айтылған осы сөзден өзіміз қысылып, іштей әбігерге түскеніміз бар, тіпті кейбір жолдастарымыз «мына шал не деп тұр, алжыған ба» деп күңкілдеп те қалып еді», деп айтқан әңгімесі есте қалып қойыпты.
Әрине, аса ірі қоғамдық тұлғаны былай қойып, қарапайым адамдардың өзі көпшілік алдындағы әр сөзін есеппен айтатын сол кезде Шолоховтың халқымызды бұлайша жоғары бағалауы таңғаларлық болып көрінетіні де рас. Сондықтан осы мақаланы жазу барысында Шолохов бұл сөзді қашан айтты екен деп интернеттен біраз іздестіріп едік, нақты бір деректі кездестіре алмадық. Бірақ 1954 жылы Алматыда өткен Қазақстан Жазушылар одағының үшінші съезіне қатысып, сөз сөйлегендігін білдік. Сөйлеген сөзінің тексі де сақталған және ол баспасөз беттерінде жарық көрген. Шамасы атақты жазушы «ұлы қазақ халқы» деген сөзді осы съезде айтуы әбден мүмкін-ау және оны айтқан кезде ең алдымен халқымыздың гүндер мен көне түркілерден басталатын ежелгі тарихын есіне түсіріп, осының негізінде қазақстандықтарға деген өзінің ризашылығы мен жоғары пікірін жеткізгісі келген болар деген ойымызды жасырмаймыз. Алайда ол кез – цензураның мықты кезі ғой, жазушының сөз арасында айтылған бұл жеке пікірі сол сәттің өзінде-ақ стенографиядан қиылып қалуы ғажап емес, немесе Шолохов бұл сөзді басқа бір жағдайда, мәселен съезден кейінгі қонақтарға берілетін қонақасы кезінде айтуы да әбден мүмкін ғой.
Жалпы, Шолоховтың Қазақстанға келгені, қазақстандықтармен жақсы қарым-қатынаста болғандығы, хат-хабар алмасып тұрғандығы жайлы баспасөз беттерінде жазылып та жүр. Тіпті ол өзінің Нобель сыйлығына ие болғанын да Батыс Қазақстан даласындағы көл жағасында естіпті.
Тағы бір ойға оралатыны – аталған облыста Шолоховтың мұражай үйінің көп жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқандығы. Жазушы туралы біраз деректер сонда жинақталған көрінеді. Сондай-ақ батысқазақстандықтар мен Шолохов өмір сүрген Дондағы Вешенск стансасы тұрғындарының арасындағы кезінде қалыптасқан қарым қатынас әлі күнге дейін жалғасып келе жатқандығын интернет материалдарынан білдік. Осының барлығы қазақстандықтардың жазушыға деген құрметін білдіреді.
Ал біздің төмендегі айтпақ әңгімеміз әлі айналымға қосылмаған тың деректерге негізделіп отырғандықтан, есімі Александр Пушкин, Лев Толстой секілді әдебиеттің мәңгілік алыптарымен қатар аталатын, жиырмасыншы ғасырдың әлемдік көркем әдеби кеңістігінің үлкен бір құбылысы ретінде бағаланған «Тынық Дон» секілді дәуірдің шынайы эпопеясын дүниеге әкеліп, көзінің тірісінде-ақ «ұлы» деген атқа ие болған жазушының біздің елімізге келген әрбір сапарының әрбір сәті еске алуға лайық деген оймен мақаламызда беріліп отырған мына суреттің тарихы туралы сыр шерткенді жөн көрдік.
Сонымен суреттегі екі адамның бірі Михаил Шолохов екендігін көзі қарақты оқырман жазбай таныған болар. Ал екіншісі кім? Сурет қандай жағдайда және қашан түсірілген? Осындай сұрақтарды алға тарта отырып, екінші адамның кезінде Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында басшылық қызметтер атқарған Мырзаш Исмағұлов екендігін білдік. Өкінішке қарай, Мырзаш ағамыз осыдан он жылдан астам уақыт бұрын қайтыс болып кеткен екен. Ақырында ол кісінің зайыбы Сара Шәмілқызын тауып, телефон арқылы сөйлесудің сәті түсті. Қазір апамыз Орал қаласында тұрып жатыр екен.
«Бұл сурет 1972 жылдың маусым, шілде айлары күндерінің бірінде түсірілген. Көп жыл өтіп кеткен соң нақты қай күні екендігін ұмытып қалыппын. Мырзаштың өзі осы Жәнібек ауданының тумасы. Ол қазақ мектебінде, мен орыс мектебінде қатар оқыдық. Яғни, бір-бірімізді бала шақтан танып білдік. Осы таныстық махаббатқа ұласып, ол Ленинградтағы қаржы-экономикалық институтында, мен Оралдағы жоғары оқу орнында оқып жатқан 1961 жылы үйленіп, отау құрдық. Сол кезде оның жасы 24-те, менің жасым 21-де еді. Мырзаш оқуға түспес бұрын әскерде болып келген-тін.
Үйленгеннен кейін оқуымызды аяқтап, басында Орал қаласында қызмет істедік. Мырзаш өте ұлтжанды, елім дегенде қабырғасын сөгіп беретін азамат еді. Сондықтан алған білімімді алдымен туған жеріме арнаймын деп Орал механика зауытында инженер-экономист болып, жақсы қызмет істеп жүрген жерінен Жәнібек ауданының «Таловка» кеңшарына жоспарлаушы экономист болып елге келді. Одан көп кешікпей аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысына сайланып, қызметі жоғарылады. Алматыдағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіліп, екі жылдай уақыт астанада тұрдық. 1972 жылдың сәуір айында Жәнібек аудандық партия комитетінің хатшысы қызметіне жіберіліп, қайтадан елге келдік. Сурет міне, осы жылдың жаз айларында түсірілген», – деп еске алды Сара апай.
– Ал енді осы фотоның түсірілу тарихын айтып берсеңіз, – деген өтініш жасадық.
– Ауданға қайта келген кезімізде біз пәтерде тұрдық. Сонан кейін бұрынғы көпестерден қалған ескі үйлердің бірі берілді. Жәнібек кентінің Московская 90 мекен-жайында орналасқан бұл үй қос қабатты деп аталғаны болмаса, үстінде үш бөлмесі ғана бар, бірінші қабаты подвал тектес тарлау қоныс екен. Бір жақсысы ауламыз кең болып шықты да, соған қуандық. Осы үйді біраз жыл мекен еттік, артынан өзіміз еңбектеніп жүріп, қасынан іргелес бөлмелер қосып, жағдайды жақсарттық.
Ол кезде Мырзаш үй таңдап, жағдай күйттейтін азамат емес, үнемі жұмыс жағдайын ойлайды. Қолы бір босамайды. Мен де аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке орналастым. Негізгі міндетім, шаруашылықтарға телефон соғып, астықтың егілуі, орылуы, бастырылуы туралы мәліметтер жинаймын. Ауыл шаруашылығындағы жұмыстың жайы белгілі ғой. Сенбі, жексенбі демейміз, көбінесе жұмыста боламыз.
Осындай демалыс күндерінің бірінде өзінің отбасы мүшелерімен және қасында Финляндиядан келген жазушылары бар Михаил Александрович Шолохов өзінің Орал жағасындағы аңшылық үйіне өтіп бара жатып, жолда біздің Жәнібек ауылына тоқтап, аудандық партия комитетіне кіреді. Ол кезде ауданның басшылары Мақсұт Қажығалиұлы Батыров пен Юрий Александрович Черекаев екеуі де іссапармен бірі облыс орталығына, екіншісі шаруашылықтарға шығып кетсе керек. Содан кабинетінде отырған Мырзашқа келіп, тамақтанып, тынығып алуларына болатындай орынның бар-жоғын сұрайды. Жолдан шаршап келе жатқандарын айтады. Кабинетте саңқылдап сөйлеп тұрған радионы көріп: «Радио мұнда жексенбі күні де жұмыс істейді екен ғой, жақсы екен», дейді.
Ол кезде аудан орталығында құрметті қонақтарды қабылдауға лайық қай бір дайын тұрған орын бар. Содан Мырзаш Шолоховты қасындағы адамдарымен бірге қолайсызданып, бас тартқанына қарамастан, қоярда қоймай үйге ертіп келді. Алдымен маған телефон шалып, дереу үйге жетіп, ас қамдауымды сұрады. Сәлден кейін өздері де жетті.
Шолоховтар бір үлкен жүк мәшинесі, екі-үш жеңіл мәшинемен жүр екен. Жүк мәшинесінің қорабына суда жүзетін қайықтары, палатка, қазан-ошақ, тағы да басқа заттары бар. Ұмытпасам қасында – өзімен қосқанда он бір-он екі адам. Шолоховтың өзі, зайыбы Мария Петровна, қызы мен ұлы, немересі, Финляндиядан келген ерлі-зайыпты екі қонағы, үш-төрт жүргізуші және бір аспаздары бар. Өте қарапайым адам екен. «Бізге тамақ жасап әуре болмаңыздар, өзіміздің дайын тамағымыз бар, соны жеп демаламыз. Сіздер мазасызданбаңыздар», деп қояды.
Халқымыздың салтымен өзіміздің жергілікті қазақы қойды әкеліп, атақты жазушының алдына тартып, союға келісімін сұрадық. Біздің риясыз көңілімізді байқап, қолайсызданса да, келісімін берді. Жолдастарымен бірге ауламыздағы себезгі-душқа түсіп: «Қандай тамаша, рахат болды, жақсы сергіп қалдым», деп рахметін жаудырып жатыр.
Етті былқытып асып, үстел үстіне бар мәзірімізді қойдық. Жалпы Мырзаштың үйге қонақ ертіп әкелгені бір бұл емес. Біздің дастарқанымыздан осы оқиғадан ілгерілі-кейінді уақыттары қазақтың атақты адамдары Роза Бағланова, Ришад Абдуллин баласы Зауырмен, ақын-жазушылар Қайрат Жұмағалиев, Ғалым Ахметов және басқа да халыққа белгілі азаматтар да дәм татқан. Сондықтан келімді-кетімді қонақтардың ыңғайына, Мырзаштың қызмет ретіне байланысты мұндай жағдайға өзім де әзірленіп жүретінмін.
Шолоховтың өзі мен адамдары аяқ астынан жедел әзірленген дастарқанымызға, ыстық ықыласты көңілімізге риза болды. «Біздің қолымыздағы барымыздан да дәм татыңыздар», деп зайыбы Мария Петровнаға айтып, «Наполеон» коньягын, жолға дайындап алып шыққан тағамдарын алдыға келтірді. Қасындағы адамдар ашық-жарқын кісілер екен, атақтарынан ат үркетіндей қонақтар болғанымен еркін әңгімелесіп, біздің қысылғанымызды өздері жуып-шайып дегендей отырыс жеңіл өтті. Кеш бата сапардан оралған Мақсұт Қажығалиұлы мен Юрий Александрович те қонақтарға сәлем беру үшін біздің үйге келіп, жүгіміз тіпті жеңілдегендей болды.
Сонымен алдында көп бөгелмейміз деген қонақтар біздің үйде қонып, ертеңінде риза көңілмен аттанды. Мырзаштың өзі де сол кезде Қазақстанның оңтүстік облыстарына сапарға шығуға қамданып жүрген. Өйткені сол жылы ауданымызда қуаңшылық болып, басқа өңірлерден жемшөп дайындатып, жеткізу қажет болып еді. Жазушы бізбен қоштасып тұрып, Мырзаштың сол сапарына сәттілік, қызметіне табыс тіледі.
Шынымды айтсам, мен ас қамдап жүріп, дастарқан басындағы көп әңгімеге қатысқаным жоқ. Әрі көп жыл өтіп кеткен соң естігенімнің өзі ұмытыла бастапты», – деген Сара апай болған оқиғаның жай-жапсарын бізге осылайша баяндап берді.
Апайдан тағы бір білгеніміз, үй иелерінің қонақжайлылығына қонақтардың әбден риза болғандығының белгісі болар, Шолоховтың қасындағы Финляндиядан келген Валентина және Алексей Бородавкиндер өздерінің тұрғылықты жеріне жеткеннен кейін Мырзашқа хат жолдап, алғыстарын жеткізген екен. Бұл хаттың көшірмесін және Мырзаш Исмағұловтың жеке түскен суретін біз электрондық поштамен жеделдетіп алдырдық. Хельсинкиден 1972 жылдың 11 қыркүйегі күні орыс тілінде жолданған хатта біздің тәржімалауымыз бойынша былай делінген:
«Құрметті Мырзаш Исмағұлұлы! Сізге және сіздің зайыбыңызға бізге көрсетілген ықыласты көңіл мен қонақжайлылық үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Алыстағы Финляндиядан жалынды сәлеммен Валентина және Алексей Бородавкиндер».
Валентина және Алексей Бородавкиндер дегеніміз кімдер? Интернет арқылы оның да жауабын жедел таптық. 1961 жылы бұрынғы Кеңес Одағында Совинформбюроның базасында АПН («Жаңалықтар» баспасөз агенттігі») атты ақпарат алыбының құрылғандығы белгілі. Ол Кеңес Одағының саяси билігіне тәуелсіз жұмыс істейді деп есептелгендіктен («АПН-нің қызметі мен қаржылай жағдайы үшін Кеңес Одағы жауап бермейді, Кеңес Одағының саяси көзқарасы үшін АПН жауап бермейді деген қағидат бойынша») және болашақта өзін өзі қаржыландыруға негізделген үлкен қаржы көзімен қамтамасыз етілгендіктен Кеңес Одағында және халықаралық аренада үлкен беделге ие болды. 7 мыңнан астам авторлық құраммен әлемінің 110 еліне хабарлар таратты. АПН редакциясы 120 елде өкілдік пен тілшілер қосынын ұстап, әлемнің 45 тілінде 4,3 миллион данамен 60-тан астам түрлі-түсті безендірілген газеттер мен журналдар, ал баспалары жылына 20 миллион тиражбен 200-ден астам кітаптар шығарып отырды. Алексей Бородавкин алып агенттіктің Хельсинкидегі тілшісі ретінде Шолоховтың Финляндияда жиі барған сапарларында сол елдің атақты жазушыларымен кездесуінде аудармашылық жасап, фин тілінде кітаптарының шығуына қолғабысын тигізген екен. «Сыйға-сый, сыраға-бал» дегендей, осы еңбегіне сай Шолоховтың құрметіне бөленіп, оның үйінде зайыбымен бірнеше рет қонақта да болыпты.
Алексей Бородавкин туралы деректер жинастыру барысында оның Михаил Шолоховтың 100 жылдық мерейтойына орай атақты жазушымен бірге болған сәттерін еске алып жазған үлкен мақаласын интернеттен тауып алдық. Сол мақаласының бір жерінде Шолоховтың шақыруымен зайыбы Валентинамен бірге екі рет Батыс Қазақстанда болып, балық аулағандарын айтады.
«Дважды Шолоховы приглашали нас поехать с ними на охоту и рыбалку в Казахстан в Братановский Яр, где у них была небольшая дача, и оба раза поездки едва не обернулись трагедией. К счастью, все обошлось благополучно. В первую чуть не погиб малолетний внук Андрюша, сын младшей дочери Шолоховых, Маши. Его сбила на абсолютно прямом пустынном казахском тракте грузовая военная автомашина. Наша небольшая автоколонна (две «Волги» и один «козел») остановилась на обочине для короткой передышки. Мы уже были готовы двинуться дальше в путь. Головная машина с Михаилом Александровичем и Марией Петровной только успела отъехать, как вдруг большой военный грузовик, шедший навстречу, на полном ходу свернул прямо на нас, стоявших кучкой на обочине. Все бросились врассыпную, и только Андрюша не успел укрыться. Его, чудом уцелевшего, вытащили из-под заднего моста грузовика и доставили самолетом в госпиталь.
Как принято говорить в таких случаях – «родился в сорочке». Остальные отделались ушибами и синяками», – дейді.
Бородавкин осы естелігінің тағы бір жерінде: «Для нас с женой поездка в Казахстан была незабываемой. Ехали мы из Вешек проселочными дорогами, наслаждаясь бескрайними просторами и запахами степей, ночевками под открытым небом, удивительной тишиной. Особенно запомнились необычайно яркое звездное небо у озера Эльтон, летящие спутники, забавно прыгающие с растопыренными ногами антилопы-сайгаки.
Время, проведенное в Братановском с Михаилом Александровичем, Марией Петровной, Михаилом Михайловичем, внуками и друзьями Шолоховых, их теплота и радушие оставили у нас неизгладимое впечатление», дейді.
Алексей Бородавкин, бәлкім осы жолдарды жаза отырып, Мырзаш аға мен Сара апайдың үйлерінде болған сәттерін де еске алған болар, тіпті бәлкім, осындай жолдардың жазылуына Исмағұловтардың қонақжай көңілдері де аз да болса ықпалы тиген шығар. Әрине, қалам иесінің көңілінде дәл сол сәтте қандай көріністер тұрғандығын біз қазір тап басып айта алмаймыз. Бірақ Бородавкиндердің ризашылық көңілмен жолданған жоғарыдағы хаты осылай деп ойлауға итермелейтіндей.
Қазақ халқының «түйе аунаған жерде түк қалады» деп айтқанындай ұлы жазушымен болған осы кездесудің пайдасы Жәнібек ауданына да тигендігін білдік. Осы оқиғадан кейінгі бір жылдары Жәнібек ауданындағы астықтың шығымдылығы жақсы болып, қырманға сыймай кетеді. Орылған астық қос басында далаға үйіле бастайды. Ең қиыны жиналған астықты тасымалдап әкету көп күшке түседі. Осы іске вагондар жетіспейді. Бұл кезде Мырзаш Исмағұлов аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеп жүреді. Былайша айтқанда, ел байлығы саналатын алтын дәннің ысырап болмауына тікелей жауап беретін аудандағы бірден бір лауазым иесі. Осындайда қысылғанда еске Михаил Шолохов түседі. Ол кісі даңқты жазушы болуымен қатар КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты. Былайша айтқанда, одақтық дәрежеде мәселеге араласа алады. Сөйтіп жазушыға өтініш жасауға тура келеді. Сөйтіп, Жәнібек ауданында орылған астықты тасып әкетуге вагондар эшалон-эшалонымен ағылады. Жәнібек ауданымен көршілес орналасқан Ресейдің Саратов, Волгоград облыстарының шаруашылықтары жақсы өскен астықтарын жеткізе алмай біраз әуреге түсіп жатқан осы кезде жәнібектіктер өздеріне жүктелген міндеттемені аброймен орындап шығады. Міне, жақсы адамның пайдасы дегеніңіз қайда жатыр.
Мырзаш Исмағұловтың мұнан кейінгі өмір жолына үңілетін болсақ, Жәнібек аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде он екі жылдан астам уақыт абыроймен қызмет еткеннен кейін облыстық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары-облыстық дайындау мекемесінің бастығы болып тағайындалып, қайтадан Орал қаласына келеді. Осы кезде Оралға келген М. Шолоховпен тағы бір рет жолығады. Өмірінің соңына таман жаңадан құрылған облыстық қаржы-бақылау басқармасының бастығы болып бірнеше жыл қызмет атқарып, 1994 жылдың 16 қазаны күні 58 жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болады.
«Қай жерде жұмыс істесе де қызметіне өте адал әрі патриот болды. Дүние-байлық жинаған жоқ. Қайтыс боларының алдында қызыл пүліш материал сатып алып келіп, үйдегі диванға жауып жатыр едім.
– Осыны жаппай-ақ қойшы, кейін бір керегі болар, – деді.
– Неменеге керегі болады, одан да диван жаңарып тұрсын, жабайын, – деп айтқан сөзінен секем алып, таңғалдым.
– Мен олай-бұлай болып кетсем, тым құрыса, үйден алып шығатын табытымды орайсындар ғой, – деп еді сонда мені шошытып.
Айтқаны дәл келіп, осыдан кейін көп өтпей, өзі де келмес сапарына аттанды. Мәйітін кілемге орап үйден шығарайық деп жатқанымызда облысымыздың сол кездегі басшысы Қабиболла Кәбенұлы Жақыпов: «Елге танымал еңбегі бар азамат еді, халықпен қоштастыру үшін мәйітін Островский атындағы драма театрына апарып қояйық, мәңгілік мекеніне сол жерден шығарайық деп келісімізді сұратты. Сол жерге табытпен апарып қойдық», деген Сара апай босап кеткен көңілін жасыра алмай, телефонның ар жағынан жылап та алды.
Бүгінде Мырзаш аға мен Сара апайдың балалары Амангелді мен Лаура қоғамнан лайықты орындарын алып, ата-аналарының адал жолын абыроймен жалғастыруда екен, өздері де немерелі болған екен.
Сонымен бір суреттің тарихынан бастау алып кеткен әңгімеміздің негізгі сүресіне қайта түсіп қорытындылар кезде айтарымыз, ғасырлар бойы іргелес келе жатқан, соңғы жүз жылдықта әртүрлі объективті, субъективті себептердің ықпалымен майлы ішектей араласып кеткен қазақ халқы мен орыс халқының достығы ертеден бекіп, адамдар арасындағы шынайы қарам-қатынас арқылы тамыр жайып келе жатыр. Қазақ жерінде болған Александр Пушкин, Михаил Шолохов, Владимир Вернадский секілді орыстың ұлы гуманист ақын-жазушы, ғалымдары мұны адамгершілік тұрғысынан болса да, тарихи шындық тұрғысынан болса да шынайы жүрекпен қабылдап, біздің халқымыздың өнері мен мәдениетіне ынта танытты, халқымыз туралы елмен елді жақындастыратындай жақсы лебіздерін білдірді.
Өзі ұлтжанды бола тұра халықтар арасындағы осы достыққа қарлығаштың қанатымен су сепкендей дәнекерші болған Мырзаш Исмағұловтай азаматтардың өмірдегі жүріп өткен жолдары мен жасаған әрекеттері осынысымен де құнды және үлгілі. Шын мәнінде келгенде, әрбір шынайы ұлтжанды адам нағыз интернационалист те бола алады. Өйткені ұлтжандылық дегеніміз өз халқын жүрегімен сүю деген сөз. Ал жылы жүректі адам сол ет жүректің ішінен басқа халықтар үшін де орын таба алатындығы анық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.