25 Мамыр, 2011

Байланыс қарқыны бәсеңдеген жоқ

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Румынияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Емил Рапчамен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Әлемдік қаржы дағдары­сы­ның әсеріне қарамастан, екі ел арасындағы экономикалық бай­ла­ныс бәсеңдеген жоқ, қайта қар­қын алды. Айталық, 2009 жылы Қазақстан мен Румыния ара­сын­дағы сауда айналымы 878 млн. АҚШ доллары көлемінде болған еді. Ал 2010 жылғы көрсеткіш 1,4 млрд. АҚШ долларын құ­ра­ды. Үстіміздегі жылдың алғашқы айлары да оң нәтиже беріп отыр. Кездесуде тараптар сауда-эко­но­ми­калық байланыстың қарқын алып, алдыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда 20 пайызға өскеніне тоқталып өтті. Орал Мұхамеджанов: «Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Румынияға барған сапары және Румыния Президенті Траян Ба­сес­кудің біздің елге жасаған сапары қос мемлекеттің ынты­мақ­тастық қарым-қатынасының арта түсуіне серпін берді. Әлі де байланыстың жақсы бола түсе­ті­ніне үміт артамыз», – деді. Өз кезегінде Емил Рапча Қазақстан әлем назарындағы ел екенін, Астанада халықаралық ма­ңызды басқосулардың жиі өтуі саяси-экономикалық байла­ныс­тар­дың өріс алуына жол ашаты­нын айтып өтті. Соның бірі жуырда өткен Еуропа Қайта құру және даму банкі басқарушылар кеңесінің отырысы екені анық. Екі ел Парламентінде ынты­мақ­тастық жөніндегі депутаттық топ бар. Қазақстан Парламентіндегі топтың құрамына 22 депутат енген. Тараптар екі елдің мәдени-рухани байланыстарын дамыту туралы ойларымен бөлісті. Елші Мәжіліс Төрағасына Ру­мыния Парламенті депутаттар палатасының төрайымы Роберта Альма Анастасенің шақыруын та­быс етіп, заң шығарушылық тә­жірибесімен алмасу мақсатында өз еліне сапармен баруға шақырды.