01 Маусым, 2011

Ештеңе де ұмытылмайды

335 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан халқы Ассамблея­сы­­ның қолдауымен ұйымдасты­рыл­ған  «Тарихтан тағылым – өт­кенге тағзым: «АЛЖИР-ҚАРЛАГ» атты  халықаралық жоба  аясын­да­ғы Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын еске алу күніне арналған шаралар кеше Қарағанды айма­ғын­дағы Долинка кентінен бастау алды. Кезінде зорлық  пен зомбылықты ұйымдастырушы­лар­дың басқару орталығы болған бұл орын туып-өскен, еңбек орта­ларынан Арқа төсіндегі сайын даладағы түрмелер мен тікенек сым қоршауларға жер аударылып қамалған он мыңдаған жазықсыз жандардың қасіретіне тікелей куә. Осында құрылған   еске алу және еске сақтау мұражайы өт­кеннің қайғылы кезеңінен жан-жақты сыр шертеді. Оның ашылу рәсімінде Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Төраға­сы­ның бірінші орынбасары  Ер­алы Тоғжанов сөз сөйлеп, Елба­сы­ның саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын еске алу күніне ар­нал­ған шараларға қатысушыларға үндеуін оқып берді. Чешен Рес­пуб­ликасы парламентінің төр­ағасы Дукуваха  Абдурахманов өзі бастап келген делегация аты­нан осы  зұлматтың  барлық ха­лықтарға батқан зардабын айтып, тарихтан тағылым алу парыз екенін атады. Мұражайдың ашы­луы­на қатысушы еліміздегі дипло­ма­тиялық миссия, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, заң­сыз запа шеккендер ұрпақтары тоталитарлық жүйе құрбандары  жайында құнды деректер, жәді­гер­лер топтастырылған экспози­ция­ларды аралап көрді. Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын еске алу күнінде  сол кезеңде көз жұмғандардың Қарағандыда, Спасскіде жерленген орын­да­ры­на  зиярат етіліп, оларға  арналып қойылған ескерткіштерге  гүл шоқтары қойылды.   Е.А.Бөкетов атындағы Қара­ған­ды мемлекеттік университетінде өткен «Өткенге тағзым – бо­лашаққа тағылым» атты  ғылы­ми-практикалық конференцияда зобалаң уақыт құпиясы  туралы жаңа зерттеулер ортаға салынды. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.