Мұғалім біліктілігі – еліміздің барлық білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғышарты, басты кепілі болып табылады. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, жан-жақты дамыған ұстаздар ғана тәрбиелеп шыға алады.
Үстіміздегі жылдың мамыр айының соңында Үкімет басшысы К.Мәсімовтің алдында Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың «Педагогикалық кадрлардың сапасын арттыру» мәселесі тақырыбында және Алматы қаласында өткен «Ғылымның дамуы – еліміздің болашағы» атты форумда жасаған баяндамасы бүкіл педагогикалық қауымды елең еткізді. Себебі, аталған баяндамаларда қазіргі қоғамдағы мұғалімнің рөліне және педагогикалық мамандарды даярлау ісіне айрықша назар аударылған. Онда педагог кадрларды даярлаудағы кемшіліктерге нақты талдау жасап, оның себептерін анықтады.
Білім және ғылым саласының келешекте қарқынды дамуына бағыт-бағдар берген бағдарламаның болашағы жайлы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессор-оқытушылар құрамы өз ойларымен бөліседі.
Әлемдік экономикада білім басты фактор болып саналады. Білім бұрыннан қымбат және бағалы тауар болып есептеледі, ал елдің тұрақты дамуы оның ресурстарының шамасымен емес, ұлттық жалпы білім деңгейімен анықталады.
Еліміздің егемендігінің 20 жылдық тарихында биылғы жылы алғаш рет мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі қолға алынды. Оның дәлелі ретінде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру аясындағы іс-шараларын, 11-12 мамыр аралығында математика пәні мұғалімдерінің І съезінің ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілуін, 24 мамыр күні Үкімет басшысының алдында «Педагогикалық кадрлардың сапасын арттыру» мәселесі бойынша сөйлеген сөзіндегі құнды пікірлер мен ұсыныстар дәлел болады.
Ел келешегі жастардың қоғам талабына сай азамат болып қалыптасуы үшін тер төгіп жүрген мұғалімнің жалақысы оның еңбегіне сәйкес келмейтіндігі педагогикалық оқу орнына білім деңгейі төмен талапкерлердің келуінің бір себебі екенін министр орынды айтқан.
Білім және ғылым министрінің педагогикалық мамандықтар даярлайтын 85 жоғары оқу орнының санын 40-50-ге дейін азайтуы өте дұрыс және тың шешім.
Мұғалім адам жанының маманы болғандықтан, бұл мамандар да дәрігерлер сияқты тек қана мемлекеттік оқу орындарында даярлануы тиіс.
Терең білім алу үшін студенттің материалдық жағдайы шешуші рөл атқарады. Осы баяндамадағы мемлекеттік оқу грантының құнын 30-50 %, ал шәкіртақысын 2 есе арттыру ұсынысы студенттер арасында қолдау табуда.
Сонымен қатар «мұғалімнің жалақысы оның біліктілігіне байланыссыз. Жоғары және екінші санаттағы мұғалімнің жалақысының айырмашылығы тек қана 7000 теңге, яғни біліктілігін көтеруге ынталандыруға негіз бола алмайды» деген ойлар мұғалім қауымының келешегін кемелдендіреді.
Қажи Нұрсұлтанов, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, Семей қаласының құрметті азаматы.
* * *
Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың 24 мамырда сөйлеген сөзінде педагог кадрлардың сапалық деңгейін арттыру күн тәртібіндегі көтерілген өзекті мәселені қозғады. Педагог кадрларды даярлаудағы кемшіліктерге нақты талдау жасап, оның себептерін анықтап, мұғалім абыройының төмендеуіне нендей себептердің барын ашып, келеңсіз жағдайлардан арылудың перспективалық бағыттары мен жолдарын белгілеп берді.
Тәжірибе көрсеткендей, педагогикалық жоғары оқу орындарында білім деңгейі төмен, олардың арасында кездейсоқ адамдардың да болатыны «амалсыздық принципі» бойынша түсетіндерін де әділ айтып өтті. Бұл жағдай ондай студенттермен мектепте алған білімдеріндегі олқылықтарды жоюға көп көңіл бөлуге, жоғары оқу орны бағдарламасын толыққанды меңгертуге мәжбүр етеді. Нәтижесінде мектепке орташа дайындықтағы, оқу-тәрбие жұмыстарын өз дәрежесінде ұйымдастыра алмайтын, қабілеті төмен, педагогикалық мамандыққа немқұрайлы қарайтын мамандар жіберіледі.
Осындай жең ұшынан жалғасқан шырғалаңды (нашар оқушы-нашар студент-орташа, немкетті студент) Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов дамыған елдердің педагогикалық кадрларды даярлау бағдарламаларымен салыстыру негізінде орын алған жағдайларды түзетудің тиімді жолдарын ұсынған.
Сонымен, түсу емтихандарын енгізу абитуриенттің кәсіби жарамдылығын, педагогикалық кепілділігін анықтауға, алғашқы кезеңде-ақ кездейсоқтықтан құтылуға мүмкіндік береді.
Мектеп бітірушілердің сапалы дайындықпен педагогикалық жоғары оқу орнына тартудың тағы бір іс-шарасы студент шәкіртақысы мөлшерін ұлғайту да өзекті мәселенің бірі болып табылады.
Болашақ мұғалімдерді тәрбиелеудің сапасын арттыруда педагогикалық тәжірибеленудің «педагогикалық жоғары оқу орны – инновациялық мектеп» кешенін қалыптастыру және интернатураны енгізу өте маңызды. Интернатураны енгізу, біріншіден, бітірушіге қажетті іс-тәжірибе жинақтауына және кәсіби шыңдалуына әкелері сөзсіз. Екіншіден, ауыл мектептеріндегі кадр мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Қазіргі заманғы көп деңгейлі және көпкомпонентті жүйеге мұғалімдердің біліктілігін арттыруды жаңа тұрпатты етіп қайта құру ұсынысы да педагогикалық шеберлікті арттыруға әкеледі және мұғалімдерге маңызды материалдық ынталандыру болады деген ұсынысы қолдауға әбден лайық.
Гүльфия Бадамбаева, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры,
еңбек ардагері.
* * *
Қазіргі кезеңде Қазақстанның дамуында білім берудің рөлі оның демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекетке өтуімен, сонымен қатар, әлемдік білім беру кеңістігіне қарқынды енудің қажеттілігімен айқындалары сөзсіз.
Бұл баяндаманың педагогикалық қауымдастық үшін құндылығы онда мұғалім мамандығының даярлығына ерекше ден қойылып, бірқатар аса маңызды іс-шаралардың айқын көрсетілуінде болмақ. Баяндама мазмұнында педагогикалық мамандарға деген жаңаша көзқарас, ықылас ерекше байқалады.
27 мамырда еліміздің оңтүстік астанасы Алматы қаласында өткен форумда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов көпшілік қауым алдында жасаған баяндамасында ғылымның орта біліммен өзара байланысын тілге тиек етті. Ол ғалымдардың алдына орта білім сапасын түбегейлі өзгерту турасында аса ірі міндет қойды. Бір қуантарлық жайт, біздің институтымыз бұл мәселеде айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Мәселен, «Үздіксіз білім беру жүйесіндегі жоғары оқу орны мен мектептің өзара байланысы» жобасының айшықты істермен жүзеге асырылуы болмақ. Бұл жоба «Дарынды оқушы – перспективалы студент – бәсекеге қабілетті мұғалім» деп аталатын ерекше стратегиямен қарқынды іске асырылуда. Жобаның көздегені – білім беру ордаларындағы білім беру кеңістігін жетілдіру арқылы дарынды оқушыға қол жеткізіп, оның перспективалы студентке айналуы үшін барлық мүмкіндікті жасап, қазіргі күн талабына сай бәсекеге қабілетті мұғалім етіп даярлау. Осы жоба аясында институтымыздың ғалымдары нәтижелі істер көрсетуде.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілгендей, еліміздегі білім беру жүйесі үзіліссіз және сабақтастық қағидалар негізінде жүзеге асырылады. Яғни, ол мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиеден басталып, жоғары оқу орнынан кейінгі біліммен жалғастығын табады. Осыдан-ақ педагогикалық мамандарға деген қажеттілік өз-өзінен туындап отыр. Демек, мақсатымыздың бір екені айқын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, Үкіметімізден бастап соңында педагогикалық мамандар даярлайтын оқу орындары біте қайнасып жұмыс істеген жағдайда министрдің баяндамасында аталған аса маңызды міндеттер шешімін табары сөзсіз. Тек ойымыз бір арнаға тоғысқан сәтте ғана біз нәтижелі істерге қол жеткіземіз.
Алма ЕДІГЕНОВА, Семей мемлекеттік педагогикалық институты педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты.
* * *
Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессор-оқытушылар құрамы Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұловтың Премьер-Министр қатысқан жиналыста сөйлеген сөзін үлкен зейін қойып, ықыласпен оқып танысты. Біз педагогика саласында мол тәжірибесі бар министрдің сөзіне толықтай қосыламыз. Қамтылған сұрақтар біздің де көзқарасымызға сәйкес. Егер зияткер ұлт болмаса, экономиканы заман талабына сәйкес дамытудың мүмкін еместігі анық. Біз ұлт болашағының білім берудегі тәжірибе мен білімді ұрпаққа қойылатын талаптардың әлемдік білім бәсекесіне сай болғанына мақтанышпен қараймыз. Сингапур, Оңтүстік Корея, Финляндия тәрізді көптеген елдердің экономикадағы жеткен жетістіктері табиғи ресурстар байлығында емес, керісінше экономиканы қарқынды дамыту жолында адамдардың қабілеттілігі мен шығармашылық әрекетін дамытатын білімді жаңартуды алға қойғанымен тығыз байланысты.
Бірақ осы аталғанның барлығы, қоғам қажеттілігін өтейтін азаматтарды тәрбиелейтін мұғалім еңбегінің айрықша болуымен айқындалады. Сондықтан да білім сапасын нығайтуда мұғалімнің алатын рөлінің ерекше екендігіне министрдің білдірген пікірі өте дұрыс екендігін айтуымыз керек. Бүгіндері педагогикалық жоғары оқу орындарының басты міндеті тек мұғалімдерді дайындау ғана емес, әлемдік білім бәсекесіне сай мамандарды тәрбиелеу деген пікірдің негізі жоқ емес.
Осыдан біз болашақ педагогикалық жоғары оқу орны студенттерін мектеп партасынан бастап іріктеп алудың қаншалықты сенімді екендігіне де көз жеткіздік. Анығырақ айтсақ, өздерінің бүкіл өмірін ұстаз болуға арнайтындар үшін кәсіптік мектептер мен сыныптарды және т.б. құру қажет.
Педагогикалық жоғары оқу орындарына түсетіндерді іріктеудің қалдық қағидатынан батыл бас тартып, оларды материалдық және моральдық тұрғыдан ынталандыруға көшу талабы бірінші орынға қойылады.
Кәсіби біліктілікті бес жылда бір рет көтеру қазіргі заман талабын қанағаттандырмайды. Сондықтан да министрдің шетелдердің тәжірибесіне сүйене отырып, оқытушылардың біліктілігін көтеруді жиі өткізу керектігін айтуы өте дұрыс. Бірінші кезекте педагогикалық жоғары оқу орындары оқытушыларының кәсіби шеберліктерін толықтыру қажет. Біз институт оқытушыларының біліктілігін «Назарбаев университеті» АҚ-да көтеруді тәжірибе түрінде бастауға дайынбыз.
ҰБТ енгізілген жылдардан бері бізді педагогикалық жоғары оқу орындарында байқалған талапкерлердің психологиялық дайындықтарының төмендігі және педагогикалық алғышарттарының болмауы қынжылтып жүретін, ал енді педагогикалық мамандықтарға түсетіндерге арнайы емтиханның енгізілуі орайын тауып, діттеген жерімізден шықты.
Осының арқасында біз енді болашақ педагогты «өз көзімізбен көре» аламыз. Оқу ісін ұйымдастыруда бір жылдық интернатураның енгізілуінің перспективалары айқын көрініс береді, ол сөз жоқ педагогикалық жоғары оқу орындары түлектерінің сапалы дайындығының деңгейіне және педагогикалық қызметке беріліп істеуіне сөзсіз әсер етеді.
Біздер, тәжірибелі ғалым-ұстаздар ретінде Білім және ғылым министрінің «педагогикалық жоғары оқу орны инновациялық мектептер» кешенін қалыптастыру ұсынысын қолдаймыз. Білім министрінің бұл бастамасы педагогикалық жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне және мектеп мұғалімдеріне білім беру аясында тәжірибелік, сол сияқты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде кең мүмкіндіктер ашады.
Ерғали Есенжолов, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры, профессор.