01 Маусым, 2011

Жастар білек біріктірді

415 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бәсекеге қабілеттіліктің бағасы артқан тұста еркін елде өсіп, тәуел­сіздігімізбен бірге жас буынға ба­қыттың дәмін сезінтумен қатар жауапкершілік жүктеген де жөн. Ал­тын асықтай ұлдарымыз бен ина­батты қыздарымыз еліміздің өркен­деп, көркеуіне үлестерін қосуды мақсат етуде. Ел мүддесін асқақ ұстайтын дарыны мен қарымы келіскен жастар Текеліде аз емес. Тіпті халықтардың үштен бірін жастар құрайды. Қай іске жұмылса да, заманауи тың бастама көтеріп, жа­лынды жігер танытып, келешекке деген сенімнің отын лаулата түседі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» жастар қа­натының І съезінде жастар саяса­ты­ның аса маңызды міндеті толымды да бәсекеге қабілетті тұлғаны – «болашақ қазақстандықты» тәрбие­леу қажеттігін атап айтқан болатын. Бұл тұрғыда «жасотандықтар» білім-біліктерін тәжірибемен тоғыс­тыр­ған. Туған ел, Отанға деген сүйіспеншілікпен сабақталған үлес­терін қосуды қатар ұстануда. Тәу­елсіздік құрдастарының өзі ат жа­лын тартып мініп, жиырмаға келіп жатқанда ұлтымыздың ұяты мен ар-ожданы текті ұрпақтың Отан ал­дындағы шексіз жауапкершілікті се­зінуі ең басты күш дер едім. Бү­кіл ел қолдау көрсетіп, сенім артып отырғанда жастардың ағат басып, салғырттық танытуына жол жоқ екені де басы ашық әңгіме. Қазақстанның болашағы бүгінгі жас ұрпақтың ойына сіңіп, бойына даритын тәлім-тәрбиеге байланыс­ты. Текеліде мемлекеттік жастар сая­сатының ізімен жүзеге асы­рыл­ған шаралардың өз тағылымы бар. Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі атқаратын жұмыс­тар­дың басым бөлігі отаншыл рух­ты, білімді, бәсекеге қабілетті жас­тардың азамат ретінде қалыпта­суы­на оң ықпал етуге бағытталған. Дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген жастар форумы олардың қоғамдық белсенділігін, еліне, жеріне деген сүй­іспеншілігін, көшбасшылық қа­сие­тін дамытуымен бірге қоғамдық саяси тұрақтылықты насихаттауға негізделген. Қаладағы жастардың қа­рым-қа­білетін екі жыл қатарынан танытқан «Өркендеудің сара жолы – ынтымақ пен бірлікте» жастар фо­ру­мы мен «Елдігімнің белгісі – мемлекетік рә­міздер» атты облыс­тық фестиваль өскелең буынның өнеге алар, өрісін кеңейтер ашық айдынына айналды. Өңірлік мемлекеттік жастар сая­сатын жүзеге асыру мақсатында текелілік жастар арасында Елбасы­ның халыққа Жолдауын насихаттау ша­ра­лары, жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында «Жолдау рухы – жастар жүрегіне» акциясы, этнос­аралық келісімді нығайту бой­ынша «Ынтымағы жарасқан ырыс­ты мекен», «Қазақстанның әлемдік өрке­ни­еттегі беделі мен ЕҚЫҰ төр­аға­лық етудегі басты ұстаным­дары» се­ми­нарлары, ұлттық құнды­лықтар мен дәстүрімізді дамыту, саламатты өмір салтын насихаттауда «Ел үмітін ер ақтар, ел бірлігін ер сақтар» пі­кір­таласы, Қазақстан Республика­сы­ның Мемлекеттік рә­міздерін дәріп­теу мен насихаттауда «Елдігіміздің таң­бала­ры – ең қа­сиетті мақтаны­шы­мыз» байқауы ұдайы ұйымдас­ты­рылып, жастар пі­кір­лерін ортаға салды. Мемлекеттік жастар саясаты ел­дің ең бір өзекті, стратегиялық құн­дылығы жоғары бағыты болса, жастар мәселесіне аға буынның пайым-парасат биігінен қарағаны дұрыс дер едім. Жастардың жан-жақты да­муының түрлі жобаларына қолдау көрсету назардан тыс қалған емес. Жастардың қоғамдық белсенділігіне түрткі болатын әлеуметтік мәсе­лелерін шешу, тұрғын үймен қамту өмір талабы. Текеліде соңғы жыл­дар­да пәтерге ие болған жас мамандар қатары өсе түскен. Жұмыспен қамту жағдайына көз жүгіртсек, жас­тар тәжірибесімен былтыр 96, ал жыл басынан бері 15 жас маман жұмысқа кірісті. Қаламызда кә­сіп­тік тұрғыдан қайта мамандануға мүмкіндік өте үлкен. Түрлі себептермен оқуын жалғастыра алма­ған­дар да, жаңа кәсіпке қызығушылық танытқандар да қайта даярлау курстарының жемісін көруде. Туған табиғатты аялауға баулу­ға, туризмнің қыр-сырын тануға, жас­тардың бос уақытын тиімді өт­кізуге қалалық мәдениет үйінің жа­нында жұмыс істейтін «Тау сама­лы», «Брейк Данс», «Жас дарындар студиясы», «Штурм», «Тау мергені» сынды үйірмелердің маңызы зор. Мұның бәрі де жастардың респуб­ликалық, облыстық байқаулар мен жарыстарда биік тұғырды бағын­дырып, жүлделі орындарды иеленуіне ықпал етуде. Отаншыл ұрпақ туған табиғатты да сүйе білуі керек. «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Жасыл желек» эко­логиялық сенбілігі, «Жасыл елдің бір күні», «Жастар ядролық қару­сыз болашақ үшін» акцияларымен бірге Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Жасыл жапырақ», «Тәуелсіз­дікке тарту» акциялары өткізіліп, қала жасыл желекке оранды. «Жа­сыл Ел» республикалық бағдарла­ма­сы аясында жыл сайын кәсіптік лицей оқушылары мен жұмыссыз жастар қамтылып, туған қаламызды көркейту, абаттандыру жұмыс­тары­на атсалысуда. Маусым қорытын­ды­сы бойынша қала әкімдігі «Ең үздік жұмыс беруші» номинациясы бойынша республикалық «Жасыл Ел» штабының дипломымен, сон­дай-ақ Алматы облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жастықтың жалынды күші ал­майтын қамал жоқ десек оның кө­зін ашуға біз де барлық мүмкіндік бар екенін мақтанышпен айтуға болады. Нұржамал ШОХАНОВА, Текелі қаласы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы.