01 Маусым, 2011

Қаныштың асыл шәкірті

1941 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ұлтымыздың ұлағатты ұлы, дана перзенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәт­баев Жезқазған жерінен, киелі Ұлытау­дың кең даласынан самғап ұшып, Қазақ­стан ғылы­мының дарабоз ұйымдастыру­шысы, геология ғылымының атасы атан­ды. Қа­некеңнің қо­лында өсіп, өз өнерін та­ныт­қан, Еңбек Ері Мұхит Құлжанұлы Бө­пежанов Қазақстан кеншілерінің ке­мең­гері болды. Қаныш ағаның сүйікті шәкірт­терінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген кен инженері, Еңбек Ері Ғазиз Омарұлы Омаров Қазақстандағы алып шах­та орнатушылардың ең көрнекті кө­семі еді. Өйткені ол кісі орнатқан алып шах­­талардай кереметтер Қазақстанның еш жерінде жоқ. Ол шахталарды көр­ме­гендер қалқанына қарап көп қабатты ғимарат деп те қалып жүрді. Бойлары тоқсан метрлік алып бағанды-қалқандар қолмен орнатқан жартастардай Сары­ар­қаға ерекше сән беріп тұр. Аттары аңызға айналған ағаларымыз­ға қарап өсіп, өз өнерлерін биік дәрежеде көрсеткен Далабай Ешпанов, Темеш Са­дуа­­қасов, Әмірхан Байқоңыров, Атабек Арыс­танов, Садық Асатов, Балғабай Сейсембеков секілді арыстарымыздың өмір­лері де ерлікке толы. Олардан кейінгі буында қаулап өскен жастар да айта қаларлықтай қызмет көрсетіп келеді. Ал, атын ерекше атап, Қаныш ағаның асыл шәкірті деуге тұратын Қазақстандағы кен геологиясының алып тұлғаларының бірі, Қ.И.Сәтбаев атындағы Жезқазған кен ме­таллургиялық комбинаты­ның және «Қа­зақ­мыс» корпорациясының бас геологы болып көп жылдар қызмет атқарған Төре­қасым Ілиясұлы Тәненовтің дүние­ден озғанына бір жылдай уақыт зы­мырап өтіп кетіпті. Т.Тәненов 1940 жылдың 2 маусымын­да, Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қала­сында дүниеге келген. Алматының по­литехникалық, қазіргі Қ.И.Сәтбаев атын­­дағы Қазақ Ұлттық техникалық уни­верситетінің геология факультетін тәмам­дап, 1964 жылы инженер-геолог маман­дығы бойынша Жезқазғанға келеді. 1964 жылдың 19 мамырында Жезқазған кен басқармасының «Покро-15» атты шахта­сына жер астында қызмет атқаратын учаскелік геолог ретінде жұмысқа алы­нады. Екі жылдан кейін осы шахтаның аға геологы қызметіне жоғарылатылды. Батыр тұлғалы, бойшаң келген көркем жігіт екен. Өзі өте сабырлы, жасына қарамай байыпты да жинақы, мамандық мәдениеті өте жоғары, ынталы геолог болып шықты. Ол кезде Жезқазғанда жоғары білімі бар кен инженерлері көп болатын, ал кенші-геологтардың көбі техникумды бітіргендер еді. Мен сол кезде «Покро-15» шахтасы­ның бастығы едім. Бұл шах­таның өзге­лерден ерекшелігі Жезқазған кен орнын­дағы ең металға бай бөлшек екен. Комбинат орта есеппен 1,07 пайыз мысы бар кенді қазып алып жатса, бұл шахтаның көр­сеткіші үш есе көп бола­тын. «Покро» шах­тасы мыс кенін берсе, №15 шахта оқпаны арқылы қор­ғасын, мырышқа бай кенді беріп, жылына 1,5 млн. тонна кен жөнелтіп тұрдық. Кеншілер үшін зор байлық мақта­ныш болса кендегі металдардың көптігі және сапасының жоғарылығы геологтар үшін оңайға соқпай­тын. Біздің кеніміздің ішінен әлемге әйгілі бетехтенит табылды, ондағы металдардың байлығы 99%-ға жетеді. Рений пен осмий сияқты өте сирек металдар да біздің кеннен шығып, кеншілер жағынан да, геологтар жағынан да зерт­теу жұмыстары геологтардың мойнында. Жұмысымыз сәтті жүріп жатқан кезде №45 шахтадағы геология бөлімінде жо­ғары білімі бар геологтар болмағандықтан Төре­қасымды кен басқармасы арқылы сұ­рап алды. Біздің бас геологымыз Жез­қаз­ғанның белгілі ардагері, Ғариф Галимович Сафар­ғалиев ағамыз болатын. Төре­қа­сымның алғаш­қы еңбек жо­лы құтты өтуі­нің бір себебі осы кісі. Оған қоса, қызмет­тес досы Г.Младенцев институтта сырт­тан оқып жүретін, өте алғыр, іскер және ынталы жігіт болатын. Оны оқуын бітіргесін Қ.И.Сәтбаев атын­­да­ғы Жезқазған кен-ме­тал­лургия комбина­ты­ның бас геологы қызметіне алды. Бұл тәжі­рибесі мол, ғы­лымға құмар жігітпен қыз­меттес болу да Төре­қа­сым үшін үлкен сабақ бол­ды. Бір қызығы, геолог­тардың талас-тар­тыстары таусылмайтын, қо­рыта келгенде Т.Тәне­новтің мамандық дәрежесі жоға­ры, және өзінің терең ойлап қорыта білетін сабырлы да байыпты мінезімен жеңіп шығатын. 1979 жылы Жезқазғанда ең ірі жаңа алып шахта іске қосылды. «Батыс руднигі» құрылды. Бұл үлкен кенішке бас геолог болып Т.Тәненов бекітілді. Қарамағына №55 шахта, «Покро-15», №32-31 шахта­лары бар бұл кеніш өзінің 5 млн. тонна кен беретін алып шахтасымен әлемге әйгілі кеніш болып шыға келді. Әрине Төреқасым үшін бұл үлкен биіктеу, беделін өсірер қызмет болды. 1971 жылы талантты маман ретінде Алжирге көмек ретінде іссапарға жіберілді. Одан төрт жылдан кейін оралып, бұрынғы өз орнына барды. Тағы үш жыл өткесін комбинаттың геология бөліміне бас геологтың орынбасары қызметіне жоға­рыла­тыл­ды. 1982 жылдың 30 тамызында Төреқасым Ілиясұлы Қ.И.Сәтбаев атын­дағы Жезқазған кен металлургия ком­бинатының бас геологы болып бекітілді. Он жеті жыл тапжылмай осы кеніштік геологияның төбе төрінде асқан іскерлік көрсетіп, ел құрме­тіне бөленді. 1999 жылы бас геологтың орынбасары болып бекітілді. Осы орында дүниеден озғанша қызмет атқарды. Ауыр науқас шырмауықтай жа­бысып 2010 жыл­дың 9 маусымында, жетпіс жасқа толғанына жеті күн өткенде, қазақтың асыл азаматы, кеніштік геоло­гияның аса көрнекті ұйым­дастырушысы, бар өмірін Жезқазған үшін, туған елі үшін сарп еткен асыл тұлға, ардагер кенші-геолог Төреқасым Ілиясұлы Тәне­нов бұл фә­нимен қоштасып, бақиға аттанды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың Жез­қаз­ған кен байлығын ысырап­сыз пайда­ланып, оның ішінде бар әртүрлі металды толық пай­далануды көздеп, арттағы шә­кірт­­теріне өмірлік асыл тілегіндей ай­тып кетсе, дананың сол ама­натын орындау жолындағы ең көрнекті шәкірт­терінің бірі Төреқасым Тәненов болды. Ол бүкіл саналы өмірін осы жолға арнап, үш жыл учаскелік және аға геолог қызметін атқар­са, 8 жыл кеніштің бас гео­логы, 11 жыл комбинаттың бас геологы­ның орынбасары, 17 жыл Жез­қазғанның Қ.И.Сәтбаев атын­дағы кен-металлургия ком­бина­тында және «Қазақмыс» кор­­пора­циясында табандылық көр­сетіп, 46 жыл шахталық гео­логияны бас­қарыпты. Жез­қаз­ған секілді алып өн­діріс орны әлемде көшбасшы болып жүргенде жарты ғасырға жуық бұл өте күрделі һәм жауапты қыз­метті атқару кенші-геолог Төреқасым Ілияс­ұлы Тәненов үшін үлкен еңбек ерлігі, нағыз майталман ардагердің ісі деп білемін. Өзінің мінезі де шыдамдылық пен ар-намыстан тұра­тын. Қашан көрсең қын­жы­луды білмей, жы­ми­ып күліп қана жүреді. Қаныш ағамызға тартқан асыл мінезі оны қай қызметте жүрсе де сүйкімді, қадірлі етті. Данышпан Эзоптың «Қара күшпен емес, таза мейірімділікпен мол табысқа тездеу жетесің» деген сөзі біздің Төре­қа­сым Ілияс­ұлына арналған секілді. Қай жұмыста жүрсе де сол жеткен өресі мен құтты орнына дән риза болды. Талай жыл бас геолог болғанда ол өзгелерден өз­гешелігін білдіріп, асқақ сөйлеп төс қаққан емес. Қатты ауырып жүргенде де сыр бермей жұмысын жал­ғастыра беріп, емделуге де кештеу кірісті ме деп қаламын. Ол нағыз ер мінезді қайсар жан болатын, беделімен сұлу сәулет, еңбегімен үлкен дәулет құрды. Шахтаның, кеніштің, комбинаттың өн­дірістік жоспарларын мүлтіксіз орындау үшін қашан, қай жердегі кенді қазбалау жоспар-графиктерін жа­сауға әрі жүйрік, әрі өте қатал тәртіпті ұйым­дастырушы болды. Кеншілік геология шахтаның ас­тынан шығатын суды игеру үшін де Төреқасым кеніштік үл­кен гидро-геолог екенін көрсете білді. Бұрын­ғы үлкен ком­бинаттың дирек­торы, Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты В.Гурба кісі тани білетін білгір басшылық танытқан ірі тұлға еді. Төреқа­сымды да ол ешкімнің ұсынысынсыз өзі ұзақ зерттеп, үнсіз ғана жоғарылата қойғаны еңбекқор, тапжыл­мас қайраткерді дәл тапқаны деп білемін. Төреқасым Ілиясұлы ғылымда да үл­кен із тастап кетті. Ол жалпы Жезқаз­ған кен орнына жататын шағын бөліктерге дейін кеңінен зерттеп, геологиялық барлау жұмыстарының кешегісі мен өз уақыты­сындағы жағдайын терең барлап, табысты ізденістерін геология ғылымы­ның док­торы Мейіз Қанышқызы Сәтбае­вамен бірлесіп, үлкен еңбектеніп жеке кітап етіп шығарды. Бұл кітаптарын Қазақ­стан Ұлт­тық ғылым академиясының Қ.­И.Сәт­баев атындағы геологиялық ғы­лым­дар инс­титутының және «Ақ Жез­қазған-түстіме­талл» ұжымының қол­да­уы­­мен «минералогия руд и зональность залежей Жезказганского месторождения» (Алматы. Ғылым, 1995) деп атап Анненский кенішінің негізінде үлкен білім­дарлық танытып, тар­тым­ды һәм ұтым­ды шығарманы тарту етті. Төреқасым Ілиясұлы Кентауда туса да негізгі атамекені Ұлытау екен, өйткені аталары ертеде қоныс аударған найман руының ішіндегі Жұмық тармағынан шық­­қан әйгілі Ақтаз бабаның кейінгі ұрпақтарына жатады екен. Бұл дегенің атақты Ахмет Ишан, Мұхаметжан Қара­таев, Оразай Батырбеков, Әбікен Мамахов сияқты өрелі, текті жерден шық­қандығын білдіреді. Кентауда туса да ақырғы жатар жері өзінің негізгі атамекенінде бұйырды. Тәненовтер үлкен әулет, олардың бірс­ы­пырасы Жезқазған шах­тала­рында кен қазып жүр. Ұлағатты еңбек жолын өт­керіп, өз шаңырағын да шал­қыта біліп, ағайын-жұрттың ардақ­тысы болды. Төре­қасым жан жары Күл­бәрам екеуі арыс тұлғалы екі ұл өсірді, әзірше төрт немелері бар. Үлкен ұлы Арман Төре­қасымұлы Тәненов – Байыту фабрикасының кен ұсақтау кор­пусының бас инженері, кіші ұлы Бағлан Жезқазған мыс зауытының бас инженері. Төреқасым Ілиясұлы Тәненов кенші-геолог, кеніштік геолог ретінде үлкен із тастап кеткен, 46 жыл өмірін осы жолға сарп еткен ардақты азамат. Оның есімін мәңгі сақтау жолындағы жұмыстарды Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімдері мен «Қазақмыс» кор­пора­ция­сының Қарағанды мен Жезқазғандағы өкілетті бөліктерінің басшылары аяқсыз қалдырмас деп сенемін. Ол туған елінің, Жезқазғанның, туған ата-анасының ал­дын­да өзінің азаматтық парызын адал еңбегімен үлкен дәрежеде ақтап өтті. Кәкімбек САЛЫҚОВ. Астана.