Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің ұйытқы болуымен Ұлттық академиялық кітапханада еліміздің жетекші кітапхана басшыларымен кездесу өтті.
Кездесуде «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» республикалық бюджеттік бағдарламасы, оның ішінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шығарылатын кітаптарды тарату мен пайдалану мәселелері сөз болды.
Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Ербол Шаймерден қатысушыларға «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы, сондай-ақ жыл сайын осы бағдарлама аясында орта есеппен 400-ге жуық аталыммен, жалпы таралымы 1 миллион дана кітап шығарылатынын сөз етті.
«Білімдік, мәдени маңызы зор бұл бағдарлама еліміздегі кітапхана қорының толығуына, кітаптардың тегін таратылуы арқылы қалың оқырманның әдебиеттерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге жол ашады», деп атап өтті ол. Сондай-ақ, Е.Шаймерден «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері шамамен 500 аталым бойынша тарих, археология, этнография, Қазақстан мәдениеті, анықтамалық-энциклопедиялық, көркем аударма, музыкалық әдебиет, фотоальбом сынды кітаптардың 1,5 млн. данамен жарық көргендігін айтып өтті.
Еліміздің жетекші кітапхана басшылары кітап шығару мен таратудың өзекті мәселелерін сөз еткен кездесу соңында Байланыс және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті мен еліміздің жетекші кітапханалары арасында өзара әріптестік меморандумына қол қойылды.
«Егемен-ақпарат».