Кеше Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан сыртқы істер министрлері Ержан Қазыханов, Сергей Лавров, Сергей Мартынов, Эдвард Налбандян, Руслан Қазақбаев, Өзбекстан мен Тәжікстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Бахтиер Исламов, Махмұджан Сабиров және ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа қатысты. Ал жиынға Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Сергей Мартынов төрағалық етті.
Кеңес отырысында Ұйымға мүше мемлекеттер делегацияларының басшылары жалпыға ортақ халықаралық жағдайды тұрақтандырудың перспективаларын және оған ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ықпалы туралы мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, жиында Беларусь тарапынан ұсынылған әріптестік институтын құру және БҰҰ – ҰҚШҰ пішініндегі бітімгершілік қызметті ұйымдастырудың перспективалары да қарастырылды.
Отырыста ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа Ұйымға қатысушы мемлекеттер сыртқы саясат ведомстволары басшыларын өткен жылдың желтоқсанында қабылданған Ұйымға қатысушы елдердің халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастықты, сондай-ақ сыртқы саясатты үйлестіруге байланысты шешімнің жағдайынан хабардар етті. Бұл құжатта аталған мәселелердің басым бағыттары көрініс тапқан болатын.
Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары отырыс барысында, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштерін құруға, Ұйым Сыртқы істер министрлері кеңесі мен ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің келесі отырыстарын өткізудің мерзімі мен орнын анықтау жайын да қарастырды. Соңғы аталған Ұйым Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысы бүгін (1 маусым) Минск қаласында өтеді.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың БАҚ өкілдерін хабардар еткеніндей, Қазақстан әрдайым өңірдегі және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін жағдайлар жасауға қолдау көрсетіп келеді. ҰҚШҰ-ны осы бағыттағы ең маңызды үйлестіруші және өзара ықпалдастырушы құрал ретінде қарастырады. Менің пікірімше, үлкен әлеует пен даму болашағына ие бұл Ұйымның жұмысына Қазақстан айтарлықтай белсенді атсалысып жүр, деді осы туралы Қазақстан Сыртқы істер министрі. Бізде Ұйым аясында саяси үнқатысу табысты дамуда. Біздер жүйелі түрде кездесіп, консультациялар өткізіп, өзекті халықаралық және өңірлік саяси мәселелер жөнінде өз ұстанымдарымызды үйлестіріп отырамыз. Ортақ шешімдер дәстүрлі түрде қатысушы мемлекеттер басшыларының кездесулерінде көрініс тауып келеді.
Ержан Қазыханов ҰҚШҰ-ның ынтымақтастығы қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдармен ойдағыдай дамып келе жатқанына да тоқталды. Министр осыған байланысты ең алдымен БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕурАзЭҚ, ТМД, ШЫҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдарды атады. Ұйымның әскери құраушысы айтарлықтай нығая түсті, деді Ержан Қазыханов әрі қарай. Бізде 2010 жылға және одан кейінгі кезеңдерге арналған ҰҚШҰ-ның коалициялық әскери құрылыс жоспары бар. Оның жүйелі түрде жүзеге асуы Ұйымға мүше елдердің әскери ынтымақтастығын әрі қарай дамытып, оны жетілдіруде оң ырғаққа қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы 2009 жылы Ұйымның Жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің құрылғанын атап көрсетіп, ол болашақта туындау қаупі бар сынақтар мен қатерлердің алдын алуға, оған қарсы шұғыл әрекет етуге жәрдемдесетін ортақ әмбебап күш әлеуетіне айналатынына сенімді екенін білдірді. Сонымен қатар, министр өткен жыл Ұйым үшін жемісті болғанын да атап өтті. Бұған мысал ретінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұйымның Жарғысына және Ұжымдық қауіпсіздік келісіміне енгізген өзгерістерді, бұл өзгерістердің әрекет ету жүйесінің тиімділігін арттыруға, ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдарының жүйесі қызметін реттейтін құжаттардың блогын нығайтуға бағытталғанын келтірді. Осындай ынтымақтастық Ұйым аясында әскери-экономикалық және әскери-техникалық байланыстардың дамуына қосымша серпін беретін болады.
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстары мәресіне жеткен соң, оның қорытындысы туралы ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Николай Бордюжа мен Беларусь Сыртқы істер министрі Сергей Мартынов БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Сергей Мартыновтың айтуынша, отырыста талқыланған мәселелердің барлығы мүше елдермен қатар, халықаралық қоғамдастық үшін де өзекті. Ал Ұйымның келесі отырысы осы жылдың желтоқсанында Мәскеуде өтетін болады. Оның хабардар етуінше, Жедел әрекет етуге бағытталған бітімгершілік күштер БҰҰ-мен бірлесе отырып, сондай-ақ Ұйымға мүше елдердің аумақтарында олармен келісе отырып әрекет ететін болады. Қазіргі кезде аталған құрылымға байланысты жұмыстар қолға алынып жатыр.
Қазіргі кезеңде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету Орталық Азия өңірі үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осынау өткір мәселелерден Қазақстан да ешқашан сырт қалмайды. Сондықтан да еліміз елдегі және өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, жаңа қауіп-қатерлермен халықаралық құқық арқылы күресуге, төнер қауіпті болдырмау, одан алдын ала сақтандыру мәселелерін шешуге, соның түп негізінде жатқан себептерді жоюға қатысты қолайлы жағдайларды туғызу үшін дәйекті түрде нақты қадамдар жасап келеді.
Ал ҰҚШҰ өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөнінде өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмыстары құралдарының бірі ретінде өз қызметін жүзеге асыру үстінде. Ұйымның негізгі мақсаты мен міндетіне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оған мүше мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, ұлттық қарулы күштерді әскери ұйымдастыру жағынан күшейту, әуе шабуылына қарсы қорғаныстың бірлескен жүйесін сақтай отырып, ТМД-ға кірмейтін мемлекеттермен шекараны бірлесіп қорғау саласындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты үйлестіру жатады.
Уақыт өткен сайын ҰҚШҰ өзінің қызмет аясындағы бағыттарын кеңейте түсуде. Сол маңызды бағыттарының бірі ядролық қаруды таратпау туралы халықаралық режімді күшейту болып табылады. Осыған байланысты 2005 жылдың мамырында Нью-Йоркте өткен Ядролық қаруды таратпау туралы шартты талқылауға арналған VII конференцияда оған қатысушылар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасынан өз елдері аумақтарынан ядролық қаруды өз еркімен шығарған Қазақстан мен Беларусьті ерекше атап өткен болатын.
ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әлеуетін қалыптастыру, сондай-ақ Ұйым аясында бітімгершілік күштерін құру мәселесі біраз жылдан бері көтеріліп келеді. Өйткені, бұл қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге әсер етудің әмбебап жүйесінің маңызды элементі болып отыр. Осыған байланысты бар және ықтимал қатерлердің, оның ішінде терроризм мен экстремизм, есірткі трафигі мен ұйымдасқан қылмыстың өзге түрлеріне қарсы күресті күшейту, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін одан әрі нығайту мақсатында ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет ету күштерін құру туралы шешім қабылданған еді. Кешегі отырыста оған қатысушылар осы мәселеге де ерекше назар аударды.
Кеше, сондай-ақ ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына келген делегациялар басшыларын Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қабылдады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Минскіден.