01 Маусым, 2011

Жиын мақсаты – қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету

400 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан сыртқы істер министрлері Ержан Қазыханов, Сергей Лавров, Сергей Мартынов, Эдвард Налбандян, Руслан Қазақбаев, Өзбекстан мен Тәжікстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Бахтиер Исламов, Махмұджан Сабиров және ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа қатысты. Ал жиынға Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Сергей Мартынов төрағалық етті. Кеңес отырысында Ұйымға мүше мемлекеттер делегация­ла­ры­ның басшылары жалпыға ортақ халықаралық жағдайды тұ­рақтандырудың перспектива­ла­рын және оған ҰҚШҰ-ға мүше мем­лекеттердің қауіпсіздікті қам­та­масыз етудегі ықпалы туралы мәселелерді талқылады. Со­ны­мен қатар, жиында Беларусь та­ра­пынан ұсынылған әріптестік институтын құру және БҰҰ – ҰҚШҰ пішініндегі бітімгершілік қызметті ұйымдастырудың перс­пективалары да қарастырылды. Отырыста ҰҚШҰ Бас хат­шы­сы Николай Бордюжа Ұйымға қатысушы мемлекеттер сыртқы саясат ведомстволары басшы­ла­рын өткен жылдың жел­тоқ­санында қабылданған Ұйымға қатысушы елдердің халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынты­мақтастықты, сондай-ақ сыртқы саясатты үйлестіруге байланысты шешімнің жағдайынан хабардар етті. Бұл құжатта аталған мәсе­лелердің басым бағыттары көрі­ніс тапқан болатын. Сыртқы саясат ведомствола­ры­ның басшылары отырыс бары­сында, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштерін құруға, Ұй­ым Сыртқы істер министрлері ке­ңесі мен ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңе­сі хатшылары комитетінің келесі отырыстарын өткізудің мерзімі мен орнын анықтау жайын да қа­растырды. Соңғы аталған Ұйым Қауіпсіздік кеңесі хатшылары ко­ми­тетінің отырысы бүгін (1 маусым) Минск қаласында өтеді. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың БАҚ өкілдерін хабардар еткеніндей, Қазақстан әрдайым өңірдегі және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұ­рақтылықты қамтамасыз ететін жағдайлар жасауға қолдау көр­се­тіп келеді. ҰҚШҰ-ны осы бағыт­тағы ең маңызды үйлестіруші және өзара ықпалдастырушы құ­рал ретінде қарастырады. Менің пікірімше, үлкен әлеует пен даму болашағына ие бұл Ұйымның жұмысына Қазақстан айтарлық­тай белсенді атсалысып жүр, деді осы туралы Қазақстан Сыртқы іс­тер министрі. Бізде Ұйым ая­сында саяси үнқатысу табысты дамуда. Біздер жүйелі түрде кездесіп, консультациялар өткізіп, өзекті халықаралық және өңірлік саяси мәселелер жөнінде өз ұс­танымдарымызды үйлестіріп оты­рамыз. Ортақ шешімдер дәстүрлі түрде қатысушы мемлекеттер бас­шыларының кездесулерінде көрініс тауып келеді. Ержан Қазыханов ҰҚШҰ-ның ынтымақтастығы қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын бас­қа да халықаралық және өңірлік ұйымдармен ойдағыдай дамып келе жатқанына да тоқталды. Министр осыған байланысты ең алдымен БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕурАзЭҚ, ТМД, ШЫҰ сияқты беделді ха­лықаралық ұйымдарды атады. Ұйымның әскери құраушысы айтарлықтай нығая түсті, деді Ержан Қазыханов әрі қарай. Бізде 2010 жылға және одан кейінгі кезеңдерге арналған ҰҚШҰ-ның коалициялық әскери құрылыс жоспары бар. Оның жүйелі түрде жүзеге асуы Ұйымға мүше ел­дердің әскери ынтымақтастығын әрі қарай дамытып, оны жетілдіруде оң ырғаққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақстан сыртқы саясат ве­домствосының басшысы 2009 жылы Ұйымның Жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің құрыл­ғанын атап көрсетіп, ол болашақ­та туындау қаупі бар сынақтар мен қатерлердің алдын алуға, оған қарсы шұғыл әрекет етуге жәрдемдесетін ортақ әмбебап күш әлеуетіне айналатынына сенімді екенін білдірді. Сонымен қатар, министр өткен жыл Ұйым үшін жемісті болғанын да атап өтті. Бұған мысал ретінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұйымның Жарғысы­на және Ұжымдық қауіпсіздік келісіміне енгізген өзгерістерді, бұл өзгерістердің әрекет ету жүйе­сі­нің тиімділігін арттыруға, ұжым­дық қауіпсіздік күштері мен құ­ралдарының жүйесі қызметін реттейтін құжаттардың блогын нығайтуға бағыттал­ға­нын келтірді. Осындай ынты­мақ­тастық Ұйым аясында әскери-эко­номикалық және әскери-техни­калық байла­ныс­тардың дамуына қосымша серпін беретін болады. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңе­сі­нің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстары мәресіне жеткен соң, оның қорытындысы туралы ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Николай Бордюжа мен Беларусь Сыртқы істер министрі Сергей Мартынов БАҚ өкілдеріне бас­па­сөз мәслихатын өткізді. Сергей Мартыновтың айтуынша, оты­рыс­та талқыланған мәселелердің барлығы мүше елдермен қатар, халықаралық қоғамдастық үшін де өзекті. Ал Ұйымның келесі оты­рысы осы жылдың желтоқса­нында Мәскеуде өтетін болады. Оның хабардар етуінше, Жедел әрекет етуге бағытталған бітімгершілік күштер БҰҰ-мен бірлесе отырып, сондай-ақ Ұйымға мүше елдердің аумақтарында олар­мен келісе отырып әрекет ететін болады. Қазіргі кезде аталған құрылымға байланысты жұмыстар қолға алынып жатыр. Қазіргі кезеңде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету Орталық Азия өңірі үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қоғам­дастық үшін де өзекті мәсе­ле­лердің бірі болып отыр. Осынау өткір мәселелерден Қазақстан да ешқашан сырт қалмайды. Сон­дықтан да еліміз елдегі және өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақты­лықты қамтамасыз етуге, жаңа қауіп-қатерлермен халықаралық құқық арқылы күресуге, төнер қауіпті болдырмау, одан алдын ала сақтандыру мәселелерін шешуге, соның түп негізінде жатқан себептерді жоюға қатысты қо­лай­лы жағдайларды туғызу үшін дәй­екті түрде нақты қадамдар жасап келеді. Ал ҰҚШҰ өңірдегі қауіп­сіз­дік пен тұрақтылықты қамтама­сы­з ету жөнінде өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмыстары құрал­дары­ның бірі ретінде өз қызметін жүзеге асыру үстінде. Ұйымның негізгі мақсаты мен міндетіне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оған мүше мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтас­тығын қорғау, ұлттық қарулы күш­терді әскери ұйымдастыру жағынан күшейту, әуе шабуы­лына қарсы қорғаныстың бірлескен жүйесін сақтай отырып, ТМД-ға кірмейтін мемлекеттермен шекараны бірлесіп қорғау саласындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты үйлестіру жатады. Уақыт өткен сайын ҰҚШҰ өзінің қызмет аясындағы бағыт­тарын кеңейте түсуде. Сол ма­ңызды бағыттарының бірі ядро­лық қаруды таратпау туралы ха­лық­аралық режімді күшейту бо­лып табылады. Осыған байла­ныс­ты 2005 жылдың мамырында      Нью-Йоркте өткен Ядролық қа­ру­ды таратпау туралы шартты тал­қылауға арналған VII конферен­ция­да оған қатысушылар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер ара­сынан өз елдері аумақтарынан ядролық қа­руды өз еркімен шығарған Қазақ­стан мен Беларусьті ерекше атап өткен болатын. ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әлеу­е­тін қалыптастыру, сондай-ақ Ұйым аясында бітімгершілік күш­терін құру мәселесі біраз жылдан бері көтеріліп келеді. Өйт­кені, бұл қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге әсер етудің әмбебап жүйесінің маңызды элементі болып отыр. Осыған байланысты бар және ықтимал қатерлердің, оның ішінде терроризм мен экстремизм, есірткі трафигі мен ұйымдасқан қылмыстың өзге түрлеріне қарсы күресті күшейту, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін одан әрі нығайту мақсатында ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет ету күштерін құру туралы шешім қа­былданған еді. Кешегі отырыста оған қатысушылар осы мәселеге де ерекше назар аударды. Кеше, сондай-ақ ҰҚШҰ-ға қа­тысушы мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына келген делегациялар басшыларын Беларусь Респуб­лика­сы­ның Президенті Алек­сандр Лукашенко  қабыл­дады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Минскіден.