Оппозицияның әзірге әлі жетпей тұр
Өткен аптада грузиндер ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтті. Дәл осы күні біраз жұрт тек мереке ғана емес, ел өмірінде үлкен өзгеріс болады деп те күткен. Бірақ оппозицияның дегені болмады. Олардың әрекеттері билікке күші жетпейтінін айқын көрсетті.
Тәуелсіздік – қай елдің болсын басты құндылығы. Оны қадірлей білген жөн. Ал Грузия оппозициясы оны қастерлеу орнына өздерінің билікке қарсы әрекеттеріне пайдаланғысы келді. Ал мұндай қасиетсіздікті қалың бұқара халық қолдамайды.
Ел басшылығы, яғни билік 26 мамырда тәуелсіздіктің 20 жылдық айтулы кезеңін өзін құрметтейтін елдердегідей атап өтуді жоспарлады. Ең бастысы – салтанатты әскери шеру өткізбек болған, басқадай да мәдени-мерекелік шаралар белгіленген. Ал оппозиция өздерінің билікке қарсы әрекеттерін сол мерекелік салтанат қарсаңында, оның ойдағыдай өтуіне нұқсан келтіретіндей етіп ұйымдастырды.
Радикалды оппозиция үкіметке қарсы әрекеттерін 21 мамырда бастады. Оны кезінде қазіргі президент Михаил Саакашвилидің ең жақын серігі болған, бұрынғы парламент спикері Нино Бурджанадзе мен Гия Кобахидзе жетекшілік ететін Халық жиналысы ұйымдастырды. Олар елдің басты қалаларында митингілер өткізіп, қазіргі президенттің биліктен кетуін талап етті. Ал 25 мамыр күні Ыза-кек күнін өткізуді жоспарлады. Сыртта қашып жүрген бұрынғы қорғаныс министрі Ираклий Окруашвили әскери төңкеріс ұйымдастыратынын, «25 мамыр үкімет үшін соңғы күн болатынын» мәлімдеді. Рас, кейін оппозиция Ыза-кек күнін өткізбеуді ұйғарды. Бірақ бұл күні билікке қарсы әрекеттер барынша белсенді жүргізілді.
Осы жерде биліктің оппозицияға қатысты қадамдарына да тоқталған жөн. Оппозицияның заңға сыйымды әрекеттеріне толық мүмкіндік берілді. Олар қалаған жерлерінде митингілерін, жиындарын өткізіп жатты. Тіпті тәуелсіздік салтанаты, парад болатын жерде де оппозицияға мереке күніне дейін өз акцияларын өткізуге рұқсат етілді. Ал оппозицияның келісімді бұзып, салтанат өтетін күн басталғанда да, ескертулерге қарамай, алаңнан кетпей қоюын құптау қиын.
Оған биліктің көнбей, қатаң шараға баруын айыптаудың жөні жоқ. Санаулы сағаттан кейін ел мерейін көтеретін шаралар өтетін жерді босату үшін биліктің арнаулы күштері 400-500-дей оппозиция белсенділерін күшпен қуғанын жазғыра алмайсың. Әңгіме тәуелсіздік мерекесін салтанатпен өткізуде, оның халыққа қажеттігі жайында болып отыр. Оған кедергі келтіруді ойлаған оппозицияның әрекеті айыптауға лайық.
Грузия президенті Михаил Саакашвили сол күнгі парад алдында сөйлеген сөзінде оппозицияның сырттағылардың сценарийі бойынша әрекет етіп, қалай да парадты өткізбеуді ойлағанын айтты. Бұрынырақ оппозиция басшылары да бұл шараларды өткізуге мүмкіндік бермейміз деген болатын.
Тбилисиде шеру өтті, грузиндер өздерінің тәуелсіздік мерекесін тойлады. Оған қарсылық жасаған оппозиция қай жағынан алып қарағанда да ұтылды, жеңіліс тапты, біраз беделінен айырылды деген жөн болар. Ең алдымен, тәуелсіздік – халық игілігі, оны президент Саакашвилидің жеке басымен байланыстырудың жөні жоқ. Осы кезеңдегі әрекеттері оппозицияның ауызбірлігі жоқтығын да аңғартты, олар өздерінің жеке мүдделерінің шегінен аспайтынын көрсетті.
Оппозиция атына сын айтқанда, әсте де президент Михаил Саакашвилидің кейбір көңілге қоныңқырамайтын әрекеттерін ақтайық деп отырғанымыз жоқ, сөйтсе де соңғы кезде бұл елде қалыптасып отырған тұрақтылықты, оң өзгерістерді елемеу орынсыз болар еді. Саакашвилидің президенттікке екінші рет сайлануы да, өткен жылғы парламент сайлауында биліктегі партияның жеңісі де халық арасында оны қолдаушылардың баршылығын аңғартады.
Билік пен оппозиция арасындағы күрестің өлшемі – халықтың қолдауы. Грузия оппозициясы әзірге оған жете алмай отыр.
Жауыз генерал жазадан құтылмайды
Бұған дейін де Сербия Республикасы қарулы күштері бас штабының бұрынғы бастығы генерал Ратко Младичті халықаралық сотқа беруге қарсылық әрекеттері болып жатқанын жазғанбыз. Енді міне, талай жазықсыз жанның қанын мойнына жүктеген жауыз генералдың Гаагаға жеткізілгені жөнінде хабар келіп отыр. Демек, жауыз жазаланады.
Әрине, қайырымды болған жөн, қатты жазаланғанға ара түскен де жақсы. Ал жауыздың жазаланбағаны жөн бе? Генерал Младич – жәй қылмыскер ғана емес, аты әлемдік жауыздардың қара тізіміне жазылатын, жеке адамдарға ғана емес, ұлыстарды аяусыз қырған жендет. Сол үшін оны Гаагадағы бұрынғы Югославияға байланысты халықаралық трибунал айыптап отыр. Оны ұстап, соттау жөнінде шешім шығарған.
Бірақ бұл қанішер он алты жыл бойы ұстатпай жүрді. Бұл уақытта Сербияның президенті болған Слободан Милошевич сол трибунал түрмесінде үкімді күтіп жатып қайтыс болса, тағы бір әскери қылмыскер Радован Карадич былтыр ғана қолға түсті. Ал Младич ұзақ уақыт ұстатпады. Оның басты себебі – бұл елде мұндай жауыздарды қолдаушылар көп. Сөйтсе де ол өткен аптада Сербияның солтүстігінде тұтқындалды.
Бұл елде оны қолдаушылар, тіпті ұлттық батыр санаушылар көп болса да, Сербия басшылығы халықаралық сот үкіміне байланысты оны ұстап беруге міндетті. Кезінде бұрынғы президенттері Милошевичті де ұстап беруге мәжбүр болған. Әйтпесе, Еуропа Одағына мүше бола алмайды, қылмыскерді қорғалау демократиялық, адамзаттық талаптарды орындамағандық болып табылады.
Сол 90-шы жылдардағы серб шовинистерінің фашистік әрекеттері XX ғасырдың соңындағы ең бір жауыздық құбылыс ретінде тарихтың қара шежіресіне жазылары анық. Сонда 200 мыңдай босниялық, косоволық мұсылмандар, сондай-ақ басқа да этнос өкілдері құрбан болды. Сол геноцидтік зұлымдықтың басында генерал Ратко Младич жүрді. Оның жауыздығын дәлелдеу қиындыққа соқпайды, оның қолынан Сараево қаласын қоршаған кезде он мыңдай адам қаза тапса, Сребреница қаласында сегіз мың адамды малша қырған.
Югославияның күйреуі, оның мұрагері саналған Сербиядағы фашистік тәртіп, олардың басқа этнос өкілдеріне қарсы жүргізген геноцидтік саясаты әртүрлі пікірлердің өзегіне айналып келеді. Жақтайтындар да бар, айыптайтындар да бар. Қалай десек те, ең бастысы, қылмыскерлерді халықаралық трибунал соттап жатыр. Мәселен Р.Младич өмір бақиға түрмеге жабылуы мүмкін. Сол фашизмнің құрбандарының аруағы риза болуы үшін де жауыздар жазалануға тиіс.
Шын мәнінде 69 жастағы жауыз генерал өз еркімен қолға түскен жоқ, жаны үшін жариялануға мәжбүр болған. Емделмесе болмайды, жасырын дәрігерге бара алмайсың. Көрден гөрі түрмені дұрыс санаған.
Мамадияр ЖАҚЫП.