Кеше Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің төрағалық етуімен жоғарғы палатаның кезекті жалпы отырысы болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі. Жалпы отырыста бірқатар халықаралық келісімдер ратификацияланды.
Олардың ішінде «Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы», «Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бар. Екінші заң жобасы бойынша қойылған депутаттардың көптеген сауалдарына Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары А.Рау жауап берді.
Ал «Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова мен Ішкі істер министрінің орынбасары А.Кулинич баяндады. Бұл жобаларға негіз болған құжаттарға Кеден одағына қатысушы мемлекеттер үкіметтерінің басшылары Санкт-Петербургте 2010 жылы қарашада қол қойған болатын.
Жалпы отырыста қолданыстағы заңнамаға электронды ақша мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электронды ақша мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістер Парламент Мәжілісіне жіберілді.