«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Астана мен Атырау қалаларын байланыстыратын жаңа бағыт ашты. Биылғы жылдың 31 мамырынан бастап аталған бағыт бойынша №47/48 «Каспий» жаңа жолаушылар пойызы жол тартты.
Компания халықтың темір жол көлігіндегі жолаушылар тасымалына деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында Тверь вагон жасау зауыты шығарған 22 вагонды сатып алған. Жылжымалы құрам паркі заман талабына сай 12 купелік, 8 плацкарт, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларды алып жүретін адамдарға арналған арнайы орындармен қамтылған 2 купелік штаб вагонымен толықтырылған.
Жаңа вагондар техникалық және пайдалану жағынан өзінің түпнұсқасынан артық. Жылжымалы құрамды шығару барысында жолаушылардың пойыздағы сапары сапалы әрі жайлы болуы үшін инновациялық технология, заманауи материалдар мен құралдар пайдаланылған, дейді мамандар. Сондай-ақ, вагондар бақылау жүйесі, көлік құралын басқару және диагностика жасау, GPRS құрылғысы мен спутниктік байланыс сынды өзге де бірқатар қажеттіліктермен жабдықталған.
Тағы бір ерекшелік вагон құрылымы деуге болады. Жаңа нұсқасында салонның ішкі бөліктері өзгертілген. Дәретханалар қолданылмайтын тамбур жақта орналасса, қасында жолсеріктің купесі мен қажетті заттарды сақтайтын орын бар. Ішкі және сыртқы есіктер автоматты түрде ашылса, вагон төменгі платформалардан түсіп көтерілу үшін басқышпен қамтылған. Вагондардың қызметке жарамды уақыты 40 жыл, ал конструкциялық жылдамдығы сағатына 160 шақырымды құрайды.
Пойыздың тағы бір ерекшелігі, штаб вагонында мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларды алып жүретін адамдарға арналған арнайы купе бар. Жылжымалы құрам жарымжан жандардың арбасын көтеріп-түсіретін құрылғылармен қамтылса, оларға арналған купеде арбасын қоятын орын мен қозғалуға арналған ұстайтын тұтқа және ақпарат таблосы орын тепкен. «Купедегі жатын орындар дауысты электронды реттеп отыратын жеке аудиопанельдермен реттелсе, плацкарт вагондар да заманауи талапқа толық жауап береді. Олар ауаны желдететін жүйемен, биодәретханалармен және жұмсақ жатын орындармен жабдықталған. Жоғары орындарда жолаушыны төсектен құлап кетуден сақтайтын жиналатын қорғауыш орнатылған», дейді таныстырушылар.
Жолаушыларға барлық жағдайды жасауды өздеріне басты мақсат тұтқан компания ұжымының бұл еңбектері бағалауға тұрарлық. Осындай ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар ұзағынан болғай.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.