03 Маусым, 2011

Түгін тартсаң майы шығар мал болса...

449 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Әлемде соңғы кезде азық-түлік мәсе­лесіне айтарлықтай көңіл бөліне бастады. Бұл кездейсоқтық емес. Бүгінде жер шары­ның кейбір елдерінде азық-түлік жетім­сіздігінің байқала бастауы, болжам бойын­ша таяу жылдарда халық санының айтар­лықтай өсетіндігі қай елді болмасын алаң­датпай қоймаса керек. Елбасының еліміздің даму бағытта­ры­ның бірі ретінде ауыл шаруашылығы өн­дірісін, оның ішінде мал шаруашылығын атауы да бұл саланың ерекше маңыздылы­ғын білдірді. Мысалы, әзірге отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы өнімдерімен еліміз тұтыну­шы­ларының қажеттіліктерін 40-60% дең­гейінде ғана қамтамасыз етіп отыр. Егер де бұған отандық өнімдердің сапалық, бағалық сәйкес­сіз­дік­терін қос­сақ, елі­міздің келешекте Бүкіл әлем­дік сауда ұйымы құра­мын­да бо­ла­тын­­ды­ғын айтпа­ған­да, бүгінгі Кеден одағы жағдайында да мал өнімдері рыно­гын­дағы қиындық­тарға душар болуымыз әбден мүмкін. Халыққа Жолдауында, «Нұр Отан» ха­лық­тық-демократиялық партиясының съезін­де Елбасы мал шаруашылығын да­мытудың, оның ішінде ет өндірісін артты­рудың қажеттілігін баса айтқан болатын. Атап айтқанда, ет өнімдерімен ішкі сұра­ныс­ты ғана қамтамасыз етпей, екі-үш жылда жылына 60 мың тонна етті сыртқа шығару қажеттігі айтылды. Қарағанды облысында өндірістік нысан­дар бұрында да етті мал шаруашылығы, оның ішінде ірі қара еті өндірісі ауқымды­лығымен ерекшеленген болатын. Мысалы, өңірде аттары Одаққа белгілі болған «Прос­торный», «Батық» еттік ірі қара асыл тұ­қым­ды мал зауыттары тәжірибесі мен көрсет­кіштері, кезінде мал тұқымдарын асыл­дан­дыру іс-шараларының құды­рет­ті­лігін көр­сет­кендей болған. Атап айтқанда, бұл шаруашылықтарда еркек ірі қара төлдерінің тәуліктік салмақ қосуы 1200-1400г., 12-14 айлықтағы тірідей салмақтары – 450-500 кг., аталық малдары 1400 кг. болған. Әрине бұлар рекордтық көрсеткіш­тер, дегенмен де шаруашылықтар орташа көрсеткіштері тиісінше бұлардан 10-15% деңгейінде төмен болды дегеннің өзінде, бүгінгі жағдаймен салыстырмалы түрде сараптар болсақ, бір жастағы еркек тайын­шаның 1 кг. тірідей салмақтағы өзіндік құны 100-150 тең­геден аспайды екен. Сондай-ақ, сүтті ірі қа­ра шаруашы­лығында да қырдың қызыл тұқымды ірі қара малын өсіретін «Красная-поляна» мал зауытында сауын малдың орташа сүттілігі жылына 3600 кг. болса, бүгінде бұл көрсет­кіш 2000 кг. деңгейден аса алмай отыр деуге болады. Демек, бүгінде бұл аталған шаруашылық көрсеткішінің 70% деңгейіне қол жеткізе отырып та сүт өнімінің өзіндік құнын 20-25% төмендетуге болады екен. Бұл деген мал шаруашылығын кең көлемді селек­ция­лық іс-шараларын ұтымды атқару арқылы, таяу жылдарда ет, сүт өнімдерінің баға­ларын бүгінгі жағ­дайдан кем дегенде төрттен бірге төмен­детіп, тұрақтандыруға мүмкіндіктердің барлығын көрсетсе керек. Бірақ, бүгінде өңірде өндірілетін мал шаруашылығы өнімдерінің 80% жуығының шағын, отбасы шаруашылықтары үлесіне тиесілілігі, өндірілген өнімдер көлемі нақ­тылығының күмәнділігі мал басы өнім­ділігін жетілдіру іс-шараларын жүргізуде айтарлықтай күрделілік қалыптастырып отыр. Біз қанша жерден мал шаруашылығы, ауылда негізгі тіршіліктің, кәсіпкерліктің, табыстылықтың бірден-бір көздері деп на­сихаттағанымызбен, бұрынғы мемлекеттік шаруашылықтардағы енжарлықтан ары­ла алмай отырғанымыз да кедергілер жасауда. Атап айтқанда, біріншіден, мемлекет тарапынан жылдан-жылға ауқымы артып келе жатқан көмектер мен қолдауларды тиімді пайдалана алмау, екіншіден, ауыл шаруашылығы құрылымдарының кәсіптерін ашық та жариялылықта жауапкершілікпен жүргізу қажеттіліктерін толықтай сезінбеу басты қолбайлау болып отырғанға ұқсайды. Мысалы, бүгінде ірі қара төлдерінің орташа тәуліктік салмақ қосуы – 400-500г., екі жастағы тірідей салмақтары 300-350 кг. аспай, кейде қосымша салмақ құнының сату бағасынан да жоғары болатындығы әзірге көпшілік өнім өндірушілерді алаңдатып отырған жоқ. Сондай-ақ, өңірде 2010-2012 жылдарға жобаланған, екі мамандандырылған етті ірі қара шаруашылықтарын ұйымдастыру да тиісті өндірістік-экономикалық сараптама­лар­ға, мемлекет-жеке меншік серіктестігі арқылы қаржыландыру жүйесіне сенімсіздіктерден белгісіз мерзімге шегерілген сияқты. Атап айтқанда, қыруар қаржы есебінен ұйымдасты­рылатын шаруашылық құр­ылымдары иелері­нің құқықтық негізде нақ­тыланбауы жұмсал­ған қаржы қайтарымына кепілділікті қалып­тас­­т­ырмай, бүгінде мемлекетте бар қаржылық мүмкіндіктерді мақ­сатты, тиімді пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Сонымен қатар, өңірдегі мал шаруашы­лығы жағдайына ішінара жүргізілген сараптау жұмыстары мал басының тұқымдық құндылықтарын арттыру мүмкіндіктерін айт­­пағанда, шаруашылық құрылымдары жүйе­сін жетілдіру есебінен де қолда бар малдың өнімділігін біршама арттыруға бо­ла­тынды­ғын көрсетіп отыр. Дегенмен, соңғы жылда­ры елімізде, оның ішінде Қарағанды облы­сын­да да мал шаруашылығын дамыту бағытында біршама игі істердің атқарылып келе жатқандығын айтпауға болмайды. Мысалы, соңғы кезде облыс аумағындағы ірі қара малдар өнімділігін төлдері есебінен арттыру бағытында «Асыл-түлік» АҚ тара­пынан, облыстық, республикалық бюджеттер есебінен тиісті қызметтер, атқарылуда. Облыстық «Мамандандырылған етті ірі қа­ра шаруашылығын дамыту» бағдар­ламасы аясында да біршама іс-шаралар атқарылды. Бірақ та мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде елімізде, оның ішінде біздің өңірде де бар мүмкіндіктер жетімсіз пайдаланылып отыр деп айтуға болады. Осыдан да болар, жоғарыда айтылғандай, тікелей Елбасының тапсырмасымен мал шаруашылығы саласын өркендету бағытында нақты міндеттер ай­қындалып, қомақты қаржылай көмектер де қарастырылды, «Кең көлемді мал ша­руа­шылығы селекциясы» жобасы құзырлы мемлекеттік органдар мен ауыл шаруашы­лығы ғылыми мекемелері қатысумен жаса­лып, екі бағытта іс-шаралар да атқарыла бастады. Біріншісі, шет елдерден белгілі бір кө­лемде етті бағыттағы асыл тұқымды мал бастарын әкеліп оларды жергілікті жерлер жағдайында өсіріп, көбейту. Екіншісі, ай­тар­лықтай шығындарды қажет етпейтін, яғни шетелдік, отандық құнды аталық малдар ұрықтарын пайдалану арқылы жергілікті мал басының өнімділік көрсеткіштерін көтеру. Бүгінде облыста мал шаруашылығы ерек­шелігіне байланысты тиімдісі екінші тәсіл болып есептеледі, себебі өңірде іріленген мал шаруашылығы құрлымдары саны шек­теу­лі, негізгі мал өнімдері шағын, отбасы шаруашылықтары еншісіне тиесілі болып отыр. Сонымен қатар, мал шаруа­шы­лығы өнімділігін арттырудың басты, нақты және жедел игерілетін жолы өнімділік құндылығы айқындалған аталық малдарды пайдалану немесе олардың ұрықтарымен аналық малдар­ды қолдан ұрықтандыру болып табылады. Мысалы, ірі қара аталық малдарын табын жағдайында пайдалану, біріншіден, тұқым­дық құндылығы төмен аталық малдарды пайдалануға мүмкіндік жасайды, екіншіден, жұқпалы аурулар тара­луына ықпал етеді, үшіншіден, шығынды. Бір бас аталық малды ұстауға кететін жыл­дық шығын 250-300 мың теңгені құрайды екен. Сондықтан да өңірде екі жылдан бері қолға алынып отырған, «Асыл-түлік» АҚ арқылы арнайы бюджет қаржысы есебінен ірі қара мал басын құнды аталық мал ұрықтарымен ұрықтандырудың тиімділігін айтқымыз келеді. Егер, ауылда жергілікті атқарушы органдар басшылары тарапынан бұл маңызды іс-шара қолдау тауып, мал өнімдерін өндірушілер ынталылығы қа­лыптасса, жылдан-жылға бұл мақсатқа бөлі­нетін мемлекеттік қаржы көлемімен қоса, мал өнімділігі де тең дәрежеде арта берер еді. Өкінішке қарай, бүгінде мал шаруашылы­ғымен айналысатын ағайындарымыздың ба­сым бөлігі әлі де мал бағу, мал азығы құнының қымбаттау қиындықтарын айтудан, ал аудан, ауыл әкімдері, жартылай күштеп, үгіттеп шаруа қожалықтарын мал өнімдері базарына жетелеп, болмашы бағаға арзандатып саттырудан аса алмай жүр. Сондықтан Елбасының елімізде азық-түлік қауіпсіздігін, тұтынушыларды сапалы, тиімді, тұрақты бағалардағы тағамдар­мен қам­тамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын абы­роймен атқарамыз десек, жергілікті атқа­рушы органдардың да мал шаруашылығы са­ласына тың көзқарас қалыптастыруы керек-ақ. К.САРХАНОВ, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.