Ел тәуелсіздігінің ең басты белгілерінің бірі – оның өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздерінің болуы. Бұл – елдің басқару билігін өз қолына алуы, мемлекеттік шекарасын айқындауы, төл теңгесін шығаруы сияқты аса маңызды егемендік сипаттарымен біте қайнасып жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның рәміздерін жасау, оны халық талқысына салу, арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның сараптамасынан өткізу – жоғары маңызды міндет еді. «Туымыздың түсі қандай болады?», «Елтаңбамыздың ерекшелігі неден байқалады?», «Әнұранымыз ұлттық рух беріп тұра ма?» деп талай қазақ баласы егемендігіміздің елең-алаңында ұйқы қашырған болатын. Көне түркі дәуірлерін айтпағанның өзінде, бергі ХV ғасырдағы Қазақ хандығының да өз байрағы, байтағы, шекарасы болған. Кешегі кеңестік дәуірде де одақтас республикалардың бірі ретінде кеңестік Қазақстанның туы, елтаңбасы, әнұраны болды. Бірақ бұл толық дербестігімізге, егемендігімізге кепілдік бере алмайтын еді. Біз Одақтың құрамындағы, бодандық құрсауындағы ел едік. Еліміз толық тәуелсіздікке 1991 жылы ғана қол жеткізді. Қазақ мемлекеті құрылды. Әлемдік қауымдастық дербес мемлекет ретінде тани бастады. 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған заңдармен тұңғыш рет тәуелсіз еліміздің Туы, Елтаңбасы бекітілді, ал 1992 жылдың 11 желтоқсанында мемлекеттік Гимніміз туралы Заңға қол қойылды. Бұл мемлекеттік рәміздеріміз елдігіміздің айғағына айналды. 1996 жылғы 24 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына қол қойылды. Яғни, мемлекеттік рәміздер бір заң аясына топтастырылды.
Президенттің 2004 жылғы №837 Жарлығына сәйкес, республикамызда 4 маусым «Мемлекеттік рәміздер күні» ретінде аталып өтіліп келеді. Бұл мерекенің жөні ерекше. Себебі, әрбір азаматтың жүрегінде Отанына деген сүйіспеншілікті, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятуда мемлекеттік рәміздердің маңызы аса зор. 2007 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қойып бекіткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақты белгілеп, осыған байланысты мемлекеттік органдардың құзіретін айқындады, жауапкершілікті арттырды. Көк аспан түсті Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз – баға жетпес құндылықтарымыз. Ал осы құндылықтарға деген қарапайым халықтың құрметін қалыптастыру, жас ұрпақтың санасына отаншылдық сезімді сіңіру, патриоттық аңсарды тәрбиелеу – басты мақсатымыз, перзенттік парызымыз болуы керек. Әрине, бұл орайдағы ұдайы жүргізілетін тәлімдік, тәрбиелік, үгіт-насихат жұмыстары балабақша мен мектептен бастау алып жатқаны құба-құп. Ата-бабаларымыз: «Тәрбие тал бесіктен басталады», деп бекер айтпаса керек. Кейбір ортада мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, оларды насихаттау тек мемлекеттік органдардың, билік мекемелерінің міндеті деген сыңаржақ пікір бар. Ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында: «Әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті», деп тайға таңба басқандай жазылған. Ал сол міндеттілікті сезіну үшін, орындау үшін әрбір отандасымызға үйде, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында, өндірісте, мекемелерде ұдайы тәлімдік-тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі керек. «Біздің мемлекеттік туымыз неге көк түсті?» деген сауалға: «Туымыздың тұтас көк түсті болуы – бейбітшілікті сүйетініміздің, бірлігіміздің, бөлшектенбейтіндігіміздің, біртұтастығымыздың белгісі», деп сайрап тұрған жасөспірімдерді көргенде қалай риза болмайсыз.
2006 жылы мемлекеттік Гимнімізді қайта жаңартып қабылдадық. Бұл – біз үшін аса бір көңіл толқытарлық жағдай болды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде, ызғарлы да ызбарлы дүлей күшке қарсы шығып, теңізей толқыған қалың қазақтың уыздай жастары композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін кеудеміз намысқа тола, бодандықтың бұғауынан шығудың жолын аңсай жүріп шырқаған едік. Шын мәнінде осы ән сол бір қиын-қыстау сәттегі егемендікті аңсаған еліміздің әнұраны еді. Енді, сол құдіретті әннің ресми түрде тәуелсіз Қазақстанның Әнұранына айналуы тарихи тұрғыдан алғанда, заңды да еді. Әні Шәмші Қалдаяқовтың, сөз мәтіні Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың авторлығымен шыққан жаңа мемлекеттік Гимн – ерліктің, елдіктің, намыстың дастаны болды. Қазақтың рухын асқақтатты. Әнұранымыздың тек қана мемлекеттік тілде орындалатыны – қазақ тілінің мәртебесін биіктетті. Сөз жоқ, «Менің Қазақстанымның» еліміздің мемлекеттік рәміздерінің біріне айналуына күллі қазақ қауымы қуанды, қолдады, соның ішінде желтоқсандықтардың қуанышы ерекше болғаны даусыз.
Осы жаңа Әнұранымызды Парламент Мәжілісіндегі талқылауға қатысқанымды, оны қолдап дауыс бергенімізді ойлағанда кеудені патриоттық сезім кернейді. Гимнді шырқағанда оң қолымызды жүрек тұсына қойып айту жөніндегі ұсынысқа да біз толық құптап дауыс бергенбіз. Бұл жаңа мемлекеттік Әнұранымыздың Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезекті Президенттік сайлаудағы жеңісінен кейінгі дүниежүзінің ел басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысуымен болған ұлықтау рәсімінде алғаш рет ресми орындалуы – тарихи маңызды оқиға болды. Мұндай сәттер ел тарихында, мемлекет шежіресінде мәңгілікке қалары сөзсіз.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық тарихындағы тәуелсіздікпен түйдей құрдас жастарымыздың сана-сезімі, отансүйгіштігі, Қазақ еліне деген құрметі қай деңгейде?! Осы жиырма жылда егеменді елдің жастары өз отаны үшін, өз елі үшін намысқа толы, ерлікке пара-пар әрекетке қабілетті азаматтар ретінде қалыптасты ма?! Тәуелсіздігін әлем таныған Қазақстанның қатардағы азаматтары еліміздің мемлекеттік рәміздеріне қаншалықты құрметпен қарайды?! Бұл сауалдар көп ойларға жетелейді. «Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан ақын айтпақшы, біз де болашағымызды жас ұрпақтың жүректеріндегі еліне, жеріне деген өлшеусіз махаббаттан сезінсек дейміз, соларға сенеміз. Өз басым Қазақстан спортшыларының әлемдік спорт сайыстарында, Олимпиадалық жоғары спорт ойындарында еліміздің көк Туын желбіретіп, тәуелсіз Қазақстанның Әнұранын асқақтатып тұрған сәттерін көргенде ерекше тебіренемін, толқимын. Олардың жүзінен «Осы жеңісімді, Отаным, саған арнадым!» деген жазуды үнемі оқысам деймін.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет халықаралық, мемлекетаралық қарым-қатынастың тәжірибесінде қалыптасқанын және ресми орнықтырылып отыратынын білеміз. Мемлекет басшыларын қарсы алу және шығарып салу кезінде сол елдердің әнұрандары орындалады. Бұл – бір мемлекеттің екінші мемлекетке ресми түрде көрсеткен жоғары дәрежедегі құрметі.
Шетелдердегі әртүрлі ресми іс-шараларға, Парламентаралық мәжілістерге қатысқанымызда да мемлекеттік Туымыз жанымызда тұрады. Туымызға құрмет – елімізге құрмет екенін талай-талай мәртебелі жиындарда сезініп жүрміз. Мәселен, ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясының отырыстары Санкт-Петербург және басқа қалаларда жылына екі рет өткізіліп жүр. Әр елдің Парламент депутаттары осы жиынға келіп қатысқанда, өз елдерінің тулары қатар-қатар тізіліп тұрса ғана мәжілістің шырайы еніп, жоғары деңгейдегі ресми сипат алады. Әлемнің көптеген елдерінде болып жүргенде бір байқағаным, Жер шарының қай түкпірінде де Қазақстанымның көк Туы маған ерекше ыстық. Осындай сезімді менің көптеген әріптестерім де бастан кешетіндерін айтады. Тіпті, біздің мемлекеттік туымызға ұқсайтын басқа елдердің туының жоқтығы – Қазақстанның тағы да бір ерекшелігі. 2008 жылы Нью-Иоркте, Біріккен Ұлттар Ұйымында болғанымда, оған мүше елдердің тулары арасында елімнің көк байрағы ерекше желбіреп тұрғанын көргенде, Қазақ мемлекетінің әлемдік қауымдастықта ерекше орны бар екендігіне көзім жетті. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрудағы, оны дамытудағы, елімізді әлемдік деңгейге көтерудегі зор еңбегінің нәтижесі.
Рәміздерге байланысты қадағалау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуі керек. Мемлекеттік мекеменің маңдайшасына көк Туымызды қададың ба – енді оның түсі оңып кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын бақылауға міндеттісің. Кейбір мекеме басшылары көк туы боз туға айналып кеткенше мән бермейді. Кейбір мемлекеттік мекеменің басшылары тудың, елтаңбаның жұмыс бөлмесіндегі ережеге сай белгіленген орындарын да ауыстырып алып жатады. Бұл ұсақ-түйек емес қой. Мемлекеттік рәміздерге құрмет мемлекеттік қызметші үшін оны қалай ұстап, қалай пайдалануды білуден бастау алса керек. Ірі спорт жарыстарында кей кезде жеңіске жеткен спортшы қуаныш үстінде қолындағы мемлекеттік туымызды тастай салып, жанкүйерлерімен құшақтасып жатқанын көргенде еріксіз қынжыласыз. Тәрбие табалдырықтан басталады. Сырт көз сынай қарап отырғанда қолыңдағы туға жай бір зат ретінде қарауға болмайды.
Рас, еліміздің бар аймағындағы мемлекеттік мекемелерде елдігіміздің рәміздері көзге айрықша шалынып тұрады. Астананың қақ ортасында биіктігі 115 метрлік (матасының ұзындығы 30 метр, ені 15 метр) ғажап Көк туымыз да желбіреп тұр. Бұл мемлекеттік туымызға айырықша құрметтің белгісі деп білген жөн. Дәл осындай Туға қойылған тірі ескерткіш әлемнің көптеген елдерінде жоқ. Мемлекеттік рәміздерді бәрінен де жоғары қоюдың шынайы үлгілері көп ғасырлар бойы қалыптасқан Жапония, Ұлыбритания немесе Америка Құрама Штаттарындағы дәстүрлерді зерттеудің, зерделеудің де тағылымды болары сөзсіз. Ал өзіміз қолымыздағының қадірін білейік.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің биылғы аталып өтілетін 20 жылдығы қарсаңында біз мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеудің тамаша үлгілерін көрсетіп, оны салт-дәстүрлерімізбен сабақтастырсақ, бұл да біздің мемлекетімізге, ұлтымызға, елдігімізге қосқан үлкен үлесіміз болмақ.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси Кеңесінің Бюро мүшесі.