03 Маусым, 2011

«Күшіміз – бірлікте!»

496 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ІV республикалық патриоттар форумы Қостанайда осындай ұранмен өтеді Қостанайда  «Күшіміз – бірлікте!» деген  ұранмен «Менің Қа­зақстаным!» атты ІV рес­пуб­ликалық патриоттар  форумы болады.  Оған елі­міз­дің барлық өңірлерінен екі жүзден аса қо­нақтар келеді. Форумға  Мемлекеттік гербтің ав­торлары  Жан­дарбек Мәлібе­ков пен  Шота Уәлиханов, Парламент  де­пу­таттары, Үкіметтік емес ұй­ымдар мүше­ле­рі және  жас­тардың арман бей­несі Бекзат Саттархановтың ата-ана­сы Сейілхан Саттар­хан­ұлы мен Сыр­лыкүл Шойбекова сияқ­ты  бас­қа да  мәртебелі, құр­­метті қо­нақ­тар қа­тысады деп күтілуде. Екі күнге созылатын  жиын­ның бағдарламасы да  бай. Форум басталмай тұрып  Қоста­най­ға Қазақстанның өзге облыс­та­ры­нан жеткен делегациялар мүше­лері екі күн бойы  қаланың кө­рік­ті жерлері мен музейлерін ара­лай­ды. Жас ұрпаққа патриоттық, отан­сүйгіштік тәр­бие беруде бас­ты кепілдің де, құ­ралдың да бірі еліміздің, хал­қымыздың тамыры тереңде жат­қан тарихын білу екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Қостанай өңірі  еліміз тарихы­ның үлкен бөлігін құрайтын өлке. Арыдан қозғасақ, Қостанай-Тор­ғай ай­мағы халқымызға әрі ба­тыр, әрі мәмілегер Шақшақ Жә­нібектен бастап, әлемдік ғылым­да орны бар ғалым Шоқан Уәли­ха­новты, ұлы ағартушы Ыбырай Алтын­саринді, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсыновты, Міржа­қып Ду­латовты, Елдос Омаровты, қоғам қайраткері Ілияс Ома­ров­ты,  Серке, Елубай, Қапан сияқ­ты қазақ театр өнерінің алып­тарын, тағы басқа ақын-жазушыларды, күміс көмей әншілерді берген  құ­нарлы топырақ. Қостанай қо­нақтары  облыстық тарихи-өл­ке­тану және  Ыбырай Алтын­са­рин­нің мемо­риалдық музейлерінен, көркем­сурет галерея­сы­нан, қа­ла­­дағы орыс-қазақ теа­трлары­нан  өңір­дің  тарихы мен бүгінгі мәде­ниетіне қанығады. Қостанай – өндірісті және ас­тық­ты өңір. Оның сапалы ас­ты­ғының даңқы бұл күнде Қа­зақ­стан­мен қатар одан да сырт жерлерге белгілі. Республика бой­­­ын­ша  сыртқа шығаратын ас­­тық пен ұнның басым бөлігін Қостанай береді. Өткен жылы  үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық бағдар­ла­ма шеңберінде  облыста он жоба іске қосылды. Экономика  дамы­ғанда әлеумет­тік салаға мол мүм­кіндіктер ашылатыны анық. Патриоттар форумы  ұлт ұс­тазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың  ескерткішіне, Жеңіс паркіндегі  мәңгілік отқа, 30-шы жылдарғы саяси қуғын-сүргін құрбандарына, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар және  ядролық сынақтан зардап шеккендерге арнап қойылған обелискілерге гүл шоқтарын қоюмен басталады. «Қостанай облыстық  жастары  Алтын кітабының» тұ­сау­кесері де  көпшілікке осы форумда ұсынылады. Айта кету керек, оқу мен еңбекте, ғылымда, өнер­де үздік табыстарымен кө­рін­ген жастардың есімін алтын әріптермен тіркеп отыратын мұн­дай жоба  тек Қостанай облы­сында ғана бастау алған. Жастардың Рудный қаласына сапары да көңілдердегі  отан­сүй­гіштік сезімді байыта түсері хақ. Кен алыбы карьерінің өзі адам қо­лы­мен жасалған керемет бо­лып та­былады. Қонақтар кеншілер қала­сын­дағы  балалар үйінде, түзету мек­тебіндегі шараларға қа­тысады,  «Менің бала­лық ша­ғым­ның аспа­ны» фильмін тама­ша­лайды. Форум шаралары эс­тра­да жұлдыздарының концертімен  айшықтала түсетін болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.