Қазақстан • 03 Мамыр, 2017

Көрегендіктің керемет көрінісі

264 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

​Сансыз жұлдыздарды самсатқан, шексіз аспан әлемі мен қасиетті қара жерді жасаған Алла тағаланың қазақ халқына берген ең үлкен екі сыйы бар болса, оның бірі − жаннан да қымбат тәуелсіздік, екіншісі − сол тәуелсіздігімізді баянды ету жолында аянбай тер төгіп келе жатқан кемел ойлы, кең тынысты, алдағыны көретін, алыс­ты болжайтын Елбасымыз.

Көрегендіктің керемет көрінісі

Негізінде, көп дүние халыққа  да, басшыға да тікелей байланысты. Халық пен басшы қандай  болса, мемлекет те сондай болады. Біздің Мемлекет басшымыз өзінің көрегендігімен, сарабдал саясатымен әлемге танымал тұлғалардың біріне ғана емес, бірегейіне айналды. Елбасымыз тәуелсіз Қазақ елін әлем алдында  асқақтату үшін де нық қадамдар жасап келеді. Солардың бірі – БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында қазақ тілін­де баяндама жасауы. Бұл қазақ тілінің әлемге таныл­ған күні ретінде біздің еліміздің тарихында алтын әріппен жазылды десек, артық айтқандық емес.

2017 жыл да ел үшін де, Елбасы үшін де аса маңызды жыл болғаны анық. Мәселен, дәл осы жылы ел Президенті Н.Назарбаевтың билік тар­мақ­тары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі жарияланды. Бұл жар­қын болашаққа бастаған баянды қадам болғаны сөзсіз. Бұл тарихи шешім қазірдің өзінде өз жемісін бере бастады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты  халыққа Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша серпін берді.

Елбасының  ел газеті – «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – ұлтымызды ұлық­тауға бағыттайтын құнды құжат. Мемлекет­тік тіл – қазақ тілінде жариялануы жаңалық болған мақаланың әрбір жолында терең ой, үлкен салмақ жатыр. Бұл мән-маңызы өте жоғары мақала  –  елімізді «Мәңгілік Елге» айнал­дыру жолын­дағы бағдаршам!  Әрбір қазақ­стан­дықтың рухын биіктетіп, рухани жаңғыруға бастаған бұл бағдарлама барысында айтылған қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының бүгінгі өскелең ұрпаққа берері мол. Өйткені, «еліміздің болашағы − білімді ұрпақтың қолында». Аталған жоба аясында жастар заман талабына жауап беретін жаңа сапалық деңгейде білім алуға қол жеткізеді. Оның үстіне, әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тілінде оқуға мүмкіндік алу – Елбасымыздың өзі үнемі тілге тиек етіп жүргеніндей, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға апаратын қарышты қадам, өркениеттің көшіне ілесе білетін өр рухты тәрбиелеуге таптырмас құрал. Бұл − Қазақстанның әрбір азаматы үшін адастырмас ақ жұлдыз!  

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының ауқымы өте кең. Ұлттың ұпайын түгендеген бұл құжатта елдің келешегін жарқын етер келелі мәселелер көтерілген. Соның бірі – латынға көшу. Уақыт  талабынан туған бұл аса маңызды істе асығыстық пен науқаншылдыққа жол бермей, баппен, байсалды, байыпты және нақты жұмыс жасау керек!  Осы  тұста өткендегі әдеби, мәдени, ғылыми бай мұраларымызды ла­тын­ға көшіруді қатар жүргізу қажет.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» − ұлттық идеологияның темірқазығы, аса берік алтын діңгек! Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігінің тағы бір  керемет көрінісі!

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаланы оқып отырғанда ойға Демокриттің: «Мемлекет басқару – өнер атаулының төресі» деген  сөзі оралды. Зиялы қауымның ғана емес, халықтың да басты міндеті  − «өнер атаулының төресін» терең сезініп, еркін меңгерген Елбасы  мақаласында айтылған ойларды жүзеге асыру жолында тынымсыз еңбек ету. Басшы – біреу, халық – тіреу болса, ынтымақ, бірлік болса, алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ!              


Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 

халықаралық Махмұд Қашқари атындағы 

«Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» сыйлығының лауреаты                          

Алматы


Соңғы жаңалықтар