Жиынды Кеңестің белсенді мүшесі Нұрлан Досымов ашып, жүргізіп отырды. Ол Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жастарға арналған үндеу деп қабылдайтынын айтты. Өйткені, ондағы талаптардың бәрін жастар іске асыруы керек. Соның ішінде санасы биік, туған ел мен жерге жаны ашитын, сүйетін жастар ғана осы мақаладағы жобаларды іске асыратын болады, деді ол.
Дөңгелек үстелде кезекті сөз Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихке берілді. Айта кететін жайт, осы дөңгелек үстелге қатысқан 15 шақты адамның ішінде ұлты бөлек болса да оның қазақ тілінде мақалдатып, мәтелдетіп сөйлеген сөздері өзгелерден озық болды. Соның ішінде ол «Туған жер» бағдарламасының патриоттық сезімді оятудағы маңызы зор екендігіне тоқталды. Барлық жастар өзінің туған жеріне, кіші отанына жақсылық жасауға дайын болулары керек. «Туған жердің түтіні де ыстық» деген қағиданы жүрегімізге түйіп, бәрімізде өзіміздің кіші отанымызға қолұшын беруге тырыссақ, ол жердің экологиясын да, инфрақұрылымдарын да жақсартуға болады, деді ол. Одан әрі өзінің таза қазақ ауылында өскенін айтқан депутат ешқашан да қазақ жастарының сақал қоймағанын көлденең тартты. Ал қазіргі кейбір жастар дәстүрлі емес ағымдарды ұстанып, сақал қойып, балақтарын шолтитып жүргендері, қыздардың ниндзя құсап, көздерін ғана қалдырып, басқа жерін түгел қара матамен шымқап жүргендері бізге жат. Ондайдан іні-қарындастарымызды аулақ болуға шақыруымыз керек, деді ол. Басқа сөйлеушілер де өзгермелі әлемде туындап жатқан жаңа қауіп-қатерлер жағдайында қоғамдық сананы өзгерту – Қазақстанның дамуына негіз болып қалатын тұрақтылық, бірлік пен келісімді нығайтуға әркез мүмкіндік береді деп санайтындықтарын айтты.
Қазір Қазақстан қоғамы әлеуметтік жаңару мен рухани прогреске бағыт алған саяси ұлтты қалыптастыру жолында тұр. Әлемде алдыңғы қатарлы орындарды иелену үшін біздің әрқайсымыз өз санамызды өзгертіп, ескірген таптаурындардан арылуымыз қажет. Сондықтан да, Мемлекет басшысының мақаласында нақтыланған тезистер заңды және қазіргі таңда аса қажет болып отыр. Әлеуметтік жаңарудың басты элементі технологиялық тұрғыда ойлаудың сапалы деңгейіне көтерілуді және заманауи қоғамның талаптарына сай келуді, әлеуметтік және рухани жаңарудың алдыңғы қатарлы әдістемелерін меңгеруді мақсат етумен қатар, ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылықтарға негізделген бай тәжірибені, сондай-ақ, ұлтымыздың басқаларға ұқсамайтын басты ерекшеліктерін сақтап қалуымыз да шарт екендігін естен шығармауға тиіспіз, деген ойлар айтылды.
«Жаңаны үйрену, білім алуға ұмтылу, кәсіби біліктілікті арттыру мен жаңашылдықтар алдындағы қорқыныштың жоқтығы – бәсекеге қабілеттіліктің жоғары екендігін көрсетеді, біз мұны сақтап қана қоймай, әркез жетілдіріп отыруымыз қажет», – деп санайтындарын айтты дөңгелек үстелге қатысушылар.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»