Бұған дейін ашылған мектептердің соңын ала, яғни ұлттық жобаны тиянақтаған Ақтау қаласының 16-шағын ауданында ашылған №35 жалпы білім беретін мектеп болды. Бұл – Маңғыстау облысында аталған жоба бойынша іске қосылған он үшінші мектеп.
1 500 оқушыға есептелген жаңа форматтағы білім беру ұйымының жалпы аумағы 15 мың шаршы метрден асады. Оқу ордасында 77 пән кабинеті қарастырылған, олардың ішінде дизайн және технология, тамақтану мәдениеті, визуалды өнер, үй мәдениеті, роботтехника, STEM және музыка бағытындағы арнайы сыныптар бар. Білім ордасы заманауи оқу құрал-жабдықтарымен толық қамтылып, оқушылардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік дамуына қолайлы орта қалыптастырылған.
Жаңа білім ордасының ашылу рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде заманауи үлгідегі мектептер кезең-кезеңімен бой көтеріп жатыр. Бұл бастама балалардың сапалы білім алып, болашақ мамандығын ертерек таңдауына жол ашады. Жаңа мектептер тек білім беру орны емес, оқушылардың қабілетін ашып, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын кеңістікке айналуға тиіс, – деді өңір басшысы.
Мектеп ғимаратының тағы бір артықшылығы – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да бейімделген. Мұнда сенсорлық бөлме, инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті жұмыс істейді, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арнайы жеделсаты орнатылған. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мектеп ішінде 126 бейнебақылау камерасы орнатылып, аумағында балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынған.
Сондай-ақ «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бір жыл ішінде бірнеше жаңа білім ордасы іске қосылған Мұнайлы ауданында үш ауысымды оқыту түбегейлі жойылды.
– Үш ауысымды оқытуды жою мақсатында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында былтыр бірнеше білім беру нысаны іске қосылды. Атап айтқанда, Батыр ауылдық округі мен «Самал», «Хазар» шағын аудандарында 1200 орындық екі мектеп, Маңғыстау ауылының «Айрақты» тұрғын үй массивінде 900 орындық мектеп, Басқұдық ауылдық округінде 395 орындық «Бастау» жекеменшік бастауыш мектебі пайдалануға берілді. Осы нысандардың ашылуы арқылы аудандағы үш ауысымды оқу мәселесі толық шешілді, – деді аудан басшысы Қанат Қүлжанов.
Заманауи жаңа мектеп – оқушы үшін жайлы жағдайда алаңсыз білім алудың кепілі. Маңғыстауда ашылған жаңа мектептер оқушылар мен ата-аналар үшін қуаныш сыйлап келеді.
Маңғыстау облысы