03 Мамыр, 2017

Малдың жайын баққан біледі

437 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы ха­­лыққа арнаған Жол­дауын­­да аграрлық сектор эко­но­ми­каның жаңа драй­веріне айналуы керек­тігіне тоқталып, шағын фермерлерді кооперативтерге тарту жөнінде айт­қан еді.

Малдың жайын баққан біледі

Кооператив құр­май, кәсіптерінің алға баспайтынын ауылдағы жұрт енді-енді түсіне бастаған секіл­ді. Қазіргі уақытта 18 коо­перативі бар, негізінен мал шаруашылығымен шұғыл­данатын Тарбағатай ауданы жыл аяғына дейін тағы да 12 кооператив құруды жос­парлап отыр. Аудандағы бұ­рын­нан жұмыс істеп келе жатқан «Көкжыра» өнді­рістік кооперативінде 18 мың қой, 580 жылқы, 500 сиыр, мың гектар суарма­лы жер бар екен. 182 мүше­сі бар кооперативтің бас зоотехнигі Нұрлан Мар­қа­баев ірі қара мен қой санын көбейтуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Біз барғанда кооператив мүше­лері соқа-саймандарын сай­лап, көктемгі егіске әзір­леніп жатыр екен. «Бір ғана мәселе жанымызға ба­тып тұр. Көктемгі егіс жұ­мыс­тарына 14 мың тонна жанар-жағармай қажет. Бізде бары – 10 мың. Павлодарда 108 теңгеден жеңілдікпен босатылатын солярканың бағасы бізге жеткенше 137 теңге болады», дейді осы кооперативтің агрономы Сай­лау Құрмаш. 

Қазіргі уақытта ауыл шаруа­­­шылығы саласына мем­­­­­лекет тарапынан ерекше қол­­дау көрсетіліп жатқаны бел­гілі. Кәсіп ашуға ниетті аза­мат­тарға жеңілдікпен несие­лер де беріліп жатыр. Тар­бағатай ауданын арала­ғанда мемлекет берген мүм­кіндікті тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелентіп жатқан шаруалардың көп екенін, ауыл тұрғындарының мал өсіруге деген құлшы­нысының артқанын аңғарғандай бол­дық. Әсіресе ауданда мал бордақылау алаңдарын ашып жатқан адамдар қатары жылдан жылға көбейіп келеді екен. Аудан әкімі Ділдә­бек Ораз­­баев қазіргі уақыт­та Тарбағатайда 250 мал борда­қы­лау алаңының бар еке­нін, жыл аяғына дейін бұл көр­сет­кішті мыңға жеткізу­ді жоспарлап отырғандарын айтты.

«Ауданда жыл басынан бері 7 мыңнан астам ірі қара сатылды. Халық малды бор­да­қылаудың тиімділігін ен­ді-енді түсіне бастаған секіл­ді. Біз мал бордақылау алаң­­дарын ашқан, ашқысы келе­тін тұрғындарға малды семір­тудің, яғни бордақы­дағы мал­ға берілетін азық­тың құ­ра­мын жан-жақты түсін­ді­ріп жатырмыз. Ветери­нар маман­дарға бордақылау алаң­дарына қажетті бірыңғай нұс­қау­лық әзірлеуге тапсыр­ма берілді», дейді аудан әкімі.

Тарбағатай ауданының шаруалары мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы ар­қы­лы соңғы үш-төрт жылда 5 мыңнан астам мал сатып алып­ты. Тек 2016 жылдың өзін­де 1600 бас ірі қара сатып алынған көрінеді. Аудан­дағы асыл тұқымды мал шаруа­шылықтарының саны 12-ден 60-қа дейін ұлғайыпты.

Аудан техника сатып алудан да көш бас­тап тұр. Өңір шаруалары «Агро­бизнес-2020» бағдар­ламасы арқылы соңғы үш жылда 200-ден астам жаңа трактор сатып алыпты. Аудан әкім­дігі мемлекеттік бағдар­ла­мал­арды ауыл тұрғындары арасында түсіндіру үшін арнайы жұмыс топтарын құрған көрінеді. «Ауылдағы несие алуға ниетті тұрғындарды қала­ға сол ауылдың әкімімен бір­ге жіберіп жатырмыз. Ауыл әкімі өзі бірге барады, бәрін қадағалайды, көмек­те­се­ді. Соның арқасында мем­­ле­­кеттік бағдарламалар жақсы иге­ріліп жатыр. Был­тыр Тарбағатай ауданы 1 млрд 200 миллион теңге көле­мінде субсидия алды. Аудан тұрғындары мемлекет тара­пынан көрсетіліп жатқан көмектерге дән риза» дейді Ділдәбек Оразбаев.


Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы


Соңғы жаңалықтар