Аймақтар • 03 Мамыр, 2017

Инновациялық икем – білім берудегі біліктілік барометрі

306 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тоқыраудың топанына тұншықпай, қайта қаладағы бірнеше мектептің гимназиялық тобы базасында 1994 жылы тұсауы кесілген, ұстаз біткен байқау тезінен өткен бұл оқу ордасы көптің бірі емес, бірегейі болмауға қақысы жоқтай көрінеді. Дарынды балаға даңғыл жол ашуды көздеген мектеп содан бері биіктен көрініп келеді.

Инновациялық икем – білім берудегі біліктілік барометрі

Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияда алғашқы күннен ең­бек ететін, кейінгі жеті жыл­дан бері педагогикалық ұжым­ды басқаратын Гүлбану Сүйін­жанова жетекшілігіндегі жетпіс ұс­таз­дың  елуі жоғары және бі­рін­­ші санатты еңсерген.

Гимназия қабырғасынан тү­леп ұшқан екі мыңдай түлектің оннан бірі «Алтын белгі» мен ай­рықша үлгідегі аттес­тат алуы әлеуетін айқындап тұр­ғанд­ай. Жоғары оқу орнына түс­пе­гені бірен-саран, жолы бол­ған­ның жартысынан астамы бюджеттік негізде оқиды. Ал, Жұлдыз Құнанбаева, Құралай Байбатырова, Құндыз Тұрманова, Сәуле Ермағамбетова «Болашақ» халықаралық білім грантын иеленген. Білімді түлек қоғамдық жұмыста белсенді, болашағына селкеусіз сеніммен қарайды.

Оқу ордасының кеншілер қаласындағы асқақ абыройы мен биік беделін бірер сөзбен жеткізу қиын. Бізге белгілісі бітірген бала далада қалмайды, қалаған оқуына түседі. Сосын оқыту мен ұжым тынысының бар­лық көрсеткіші бойынша қала мек­тептері арасында рейтингі жоғары. Облыстық деңгейде жүзеге асырылатын жобада жалпы білім беретін мектептерде «Назарбаев зияткерлік мек­теп­тері» ДББҰ тәжірибесін таратушы және үш тілде білім беретін жа­ңашылдық жаршысы ретінде таң­дау С.Сейфуллин атындағы гим­назияға түскенде ешкімнің таңданбауының астарында сондай салмақты да салиқалы  сыр жатыр.

Елден естіген көзбен көргенге қайдан жетсін?! Менің гимназия табалдырығын аттауыма түрткі болған да осы ой. «Мұғалім Анита Галиуллина 1-5 сыныпқа арнап оқушының ағылшынша сөйлеуін ән мен ойын арқылы дамытуға бағытталған «Ағыл­шын­ша сөйлейік, ән салайық!» де­ген бағдарлама жасапты» деген­ді еститінмін. Осы жолы куә болу мүмкіндігі туды. Бір­ден байқағаным, баланың бел­сен­ділігі мен еркіндігі. Қысылып-қым­тырылған ешкім жоқ. Өзге тіл­ді өгейсудің нышаны да се­зілмейді.

Оқушы өлеңнің мазмұнын түсінеді. Қысқа қайырымды өз бетінше орындайды. Қарапайым грамматикалық құрылымды бі­леді. Өлең мәтінін жүргізіп оқи­­ды. Өткен лексика аясында сөзд­і дұ­рыс айтуға машықтанады. Сондықтан да шығар, өлең айтып тұрған баланың жүзінен жасандылық емес, табиғи талпыныс аңғарылады. Анита Мұ­за­­­фарқызының талай шә­кір­ті ағылшынша ән айтудан қа­лалық байқауда бірнеше мәрте жеңімпаз атанса, өзі 2014 жылы «Инновациялық идея жәрмеңкесі» облыстық байқауында І орын алыпты.

Ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға «Театрландырылған студия» (5-6 сынып) мен «Компьютер және ағылшын тілі» (10-11 сынып) курсының тигізетін ықпалы тегеурінді. Оны ағылшын тілінің мұғалімі Әсет Жабаев жүргізеді. Әсіресе, ал­ғаш­қысы айрықша назар аудар­тады. Онда оқушы шығарма кейіпкерінің образына еніп, мәнерлеп оқуға машықтанады,  шет тілін тереңірек түсінуге тырысады. Қазақ мультфильмін ағылшынша «сөйлетеді».

Әсет Балғабайұлы «Қазақ фольклорын ағылшын тіліне ауызша аудару жолы» жобасын жүзеге асыру барысында оқушылармен бірігіп «Алдаркөсе мен бай», «Алтын балық» мульт­фи­льміне дубляж жасап, ағыл­шын тілін­де дидактикалық ән шы­ға­рыпты. Ол әртүрлі байқау мен конференцияға да қатысып тұ­рады. Мәселен, 2013 жылы жас мұғалімдердің «Дарынды ұстаз – талантты оқушыға» рес­пуб­ликалық байқауында бірін­ші орын иеленсе, былтыр үш тілде білім беруге арналған ха­лықаралық конференцияға қа­тысып, сертификат алыпты.

Әрине, ең алдымен, гимназияда қазақ тілін оқытуға  ба­сым­дық берілген. Бұған байла­нысты «Шешендік сыры»,  «Сахна өнеріне баулу», «Жас тілші» бағдарламасы бар. Оны жасаған ұстаздың ойы ортақ, алға қойған мақсаты айқын – оқушы бойындағы өзіне және қоғамға қажетті қасиетті жетілдіру. Мә­селен, Гүлнұр Сембетова  жетек­ші­лік жасайтын «Жас тілші» үйі­р­месі гимназияның барлық жа­ңа­лығын сайт, «Гимназия жаршы­сы» газеті және «Сырсандық» ақ­параттық хабары арқылы жа­риялап жатады. Жергілікті «Ша­райна» газетімен арадағы бе­рік байланыс оқушы қабілетін көр­сетуге, шығармашылығын ши­ратуға жол ашады.

– Оқушылар тіл тақыры­бын­да­ғ­ы олимпиада мен байқауға бел­сенді қатысады. Облыстық дең­гейде жүлдесіз қалған жылы­мыз жоқ, – дейді гимназия ди­ректорының ғылыми-әдіс­те­ме­лік жұмыс жөніндегі орынбасары Фа­рида Оразалина.

Үш тілде білім беру «жол картасына» енгізілуіне байланысты 2016 жылы гимназияда тіл ұстартудың жаңа кезеңі басталды. Қазақ-түрік лицейімен бірлескен жоспар жасалды. Былтыр қарашада «Үш тілде бі­лім беру – бәсекелестікті да­мытудың басты факторы» та­қырыбында дөңгелек үстел ұй­ым­дастырылды. Гимназия­ның бұл бағыттағы жұмыс тә­жі­ри­бесін таныстыру мақ­са­тын­да «Шығармашылық күні» өт­кізілді. 

Мәселеге ғылыми тұрғыда мән берілсе, тіл ұстартуға игі ық­­пал ететін инновациялық тә­сілді тиімді пайдаланса, үш тіл­де оқыту бой бермейтін белес болмай шықты. Қазір Алмат Софинов 5-сыныпта «Қызықты физиканы» ағылшын тілінде оқытады. Әсел Нұрғазинова 7-­сы­­ныпта биологияны үш тілде жүр­гізеді. Ал, Айгүл Кәрімбаева осы оқу жылынан бастап 6-сынып­та «Географиялық термин ағылшын тілінде» курсын қол­ға алды. «Шығармашылық кү­ніне» шақырылғандар олар­­­дың ізденісіне риза болды. Әрине, көп тіл білгеннің кедергісі жоқ. Ол – адамның білімі мен мәдениетінің өлшемі ғана емес, бүгінгі уақыт талабы. Үш тілде оқыту да осыдан шыққан қажеттілік. Мемлекеттік тілді білу – міндет. Өмірде орыс тілінің де өзіндік орны бар. Ал, ағылшын тілі жаңа технология тегершігі екенін кім жоққа шығарады? Әлемде ақпараттың оннан тоғыз бөлігі осы тілде тара­тылады екен. Жалпыұлттық жетістікке жетем десең, ағылшын тілін айналып өту мүмкін емес.

Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияда көп тілде білім берудің қалыптасып қалған тә­жірибесі бар. Өйткені, 2009-2014 жылдары гимназияда зама­науи көптілді білім берудің об­лыстық инновациялық жоба­сын жүзеге асырудың экспе­римент­тік алаңы ретінде қыруар жұмыс атқарылды. 18 бағытта бағ­дар­лама жасалып, арнайы оқыту-әдістемелік құралы шығарылды. Оның басым бөлігі гимназияның оқу жоспарына енгізілді.

Облыс орталығынан жуырда жақсы жаңалық жетті. Басында отыз шақтысы додаға түсіп, жар­тылай финалға шыққан 15 мек­т­ептің ақтық айқасқа жеткен ал­тауы арасындағы бәсекенің бәсі белгілі болыпты. Үш кез­ең­мен ұйымдастырылған «Біз­д­ің мүмкіндік» облыстық бай­қау­­ында гимназияның төрт мұ­ға­лім­нен тұратын командасы жүлделі орын алыпты.


Әлібек ӘБДІРАШ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы

Суреттерде: гимна­зия директоры Гүлбану сүйінжанова, ұстаз Анита Галиуллина шәкірттерімен.

Суреттерді түсірген автор


Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20