08 Маусым, 2011

Мемлекеттік тіл – менің тілім

648 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Шетелге барсаңыз Қазақстаннан келген делегацияның құрамы әр түрлі болса да қазақ деп қабылдайды. Спорт жарыс­та­рын­да да солай. Мәселен, Геннадий Головкин шаршы алаңда. Жарысты жүргізіп отырған орыс комментаторы “бұл қазақ” деп сөзін сабақтайды. Өзіміздің орыс қой демейді. Өйткені, Геннадий – Қазақстанның аза­маты. Осында туған, өсіп-өркендеген. Бүгін­де шетел шаршы алаңдарында жұдырық­тасып жүр. Әйтсе де қазақ аты қалған жоқ. Жүрек жылиды. Азаматым-ай дейсің. Туған топырағын тәу етіп жүрген. Қазақстан – сан алуан ұлт пен ұлысқа атамекен болып отыр. Ешқайсысын бөтенсің деп кеудеден итерген емес. Ендеше, олар­дың тарапынан да Отанына деген ыстық ықылас болу керек қой. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы ос­ындай игі іске ұйытқы болды. 2011 жылғы 15 наурызда «Қазақтелеком» АҚ-та мемлекеттік тілді енгізу мен да­мы­ту­дың 2011-2013 жылдарға арналған бағ­дар­ла­ма­сының бірінші кезеңін жүзеге асыру мақ­сатында шешім шығарып, оны бастап кетті. Шымкенттегі ОҚО телекоммуникация дирекциясының ғимаратында өткен байқау­ға жеті ұлттың өкілінен 18 маман сынға түс­ті. Мамандықтары да әртүрлі. «Қазақ­те­ле­ком» АҚ-тың осындай байқау өткізуінің де өз мәні бар. Өйткені, қызмет бабымен осын­да адамдар жиі келеді. Қазір шетелдерден тарихи Отанына оралып жатқан қандас­та­рымыз көп. Ғұмырында орыс сөзін естіп көрмегендері бар. Шаруасымен «Қазақте­ле­комға» көп кіреді. Шүлдірлеп отырған шіркін кеудеден итергендей қылады. Әрі-беріден соң – Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Оны осы мекеме қызметкерлері тәрк етіп жатса басқа қайтпек?! «Қазақтелеком» АҚ басшылығы осы оқылықтың орнын сөзбен емес іспен тол­тыруға көшіп жатыр. Оны байқау бары­сында таныдық. – “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” дегенді мал­данбайық. Басқалар да сөйлесін. Неге орыс пен украин, неміс пен кәріс, ұй­ғыр мен өз­бек кездесе қалғанда бір-бірі­мен мемлекеттік тілде сөйлеспейді. Меніңше, Отанға деген патриоттық сезім осындайдан басталады, – дейді “Алматы­те­леком” телекоммуникация дирекциясының маманы Алексей Тынянов. Рас-ау. Алексей бауыр құдайшылығын айтады. Қазақ тілі – қазақтың ғана емес Қазақстанды Отаным деп білетін, ешқайда көшіп кетуді ойламайтын, түп-тұқиянын осы елмен байланыстыруды көздейтін әрбір ұлт пен ұлыстардың тілі болса керек. Қазақтың ширек бөлігі дүние жүзінің әр мемлекетінде өмір сүріп жатыр. Өзі өмір сүріп жатқан мемлекеттің тілінде сөйлемеймін деп айта алмайды. Өмір сүруі үшін қажет. Осындай қажеттілік Қа­зақстандағы диаспора өкілдеріне де туып келеді. Бұл – өмір заңдылығы. Алексейдің пікірі бәріне жақын дейтініміз сондықтан. Байқауда қазақ әндері шырқалды. Шәмші ән болып, Мұқағали жыр болып құйылды. Абыз Абай ұлылықтан сыр шертті. Қазақ билері биленді. Телекоммуникация саласын­да­ғы қиын терминдер қазақша тәржімаланды. “Қазақтелекомға” ісі түсіп келетіндердің көп екендігін айттық. Сервис желісі қыз­меткерлері мен тұтынушылар арасында әр түрлі келіспеушілік болып жатады. Осындай қиын жағдайда оператор тығырықтан шы­ғарда неге жүгінеді, жанжалды басу үшін қалай сөйлеуі керек?! Бұл да байқау қойған шарттардың бірі. Алматы, Астана және республикамыздың облыстарынан келген үміткерлер мейлінше жақсы жағынан көрінуге тырысып бақты. Бәрі біздей жақсы десек қателеспесек керек. “Көш жүре түзеледі”. Байқау қорытындысы бойынша Ақмола облыстық телекоммуникация дирекцияс­ы­ның бірінші санаттағы маманы Дмитрий Тю­рин бірінші орын алды. “Қазақстандағы барлық ұлттар мен ұлыстар қазақша сөй­лессін” деп көпшіліктің көкейіндегі ойды қозғаған “Алматытелеком” қызметкері Алек­­сей Тынянов пен павлодарлық Магра Ягу­дина екінші орынға ие болды. Ал, аты­рау­лық Елена Солодникова мен қостанай­лық Евгения Вылкова үшінші орынға шықты. Мемлекеттік тілді қолдауда ең бірінші орындардың бірінде тұруға тиіс “Қазақ­те­леком” АҚ тіл үйренемін деушілерге осын­дай мереке сыйлады. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында үлкен шара өткізді. Ел үшін керек. Қазақстанды Отаным, байтақ жұртты – елім дейтін әрбір адам үшін керек іс. Қолдауға, тілі мемлекеттік тілде сынбай жүрген мемлекеттік мекемелер іліп әкететін жақсы бастама, жақсы үрдіс бұл. Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент.