Шалқар өлке сары алтынға малынып тербелгендей ертегіленуші еді. Әжелеріміз табын-табын киіктің алдынан шашу шашып шығатын. Киелі деп қадірлегені шығар. Қариялар ауыл үйді жинап, мал шалдыратын. Өрісіне оралған бейкүнә аңды көрмекке тағы бір жыл бұйыртқан Алла тағалаға алғысы шығар.
Жасы үлкен ақсақал балапан көкке тізе бүгіп, қалың киікке жанары жасаурап қарап, тілек тілейтін.
Мамырда құралайың егіз болсын,
Шілдеде еркетотай семіз болсын.
Марқасқа желге қарсы топ бастасын,
Құдайым ерген көшін тоқтатпасын.
Тапсырдық көкте Тәңір иесіне,
Қапыда кез келтірме киесіне.
Иә, тіршілік атаулының киесі де, иесі де бар.Ұлан-ғайыр жер берген Жаратқанға сәт сайын алғыс айта жүріп, сол Жер анамызға бауыр басқан аң-құсты қорғау парыз. Ал қазақ даласында өсіп-өнген киік көктемде жүздеп-мыңдап қырылатын болды. Соны ойлайсың да, сарқылған қыстан кейінгі айларға жасқана қарайсың. Ақ бөкен атанған бейкүнә аңның төлдейтін айы мамыр иектің астында тұр. Ал біз олардың тағы да шығынға ұшырамауы үшін не тындырдық?
Осы сауалды Үкіметке, аң-құсқа тікелей жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігіне қоя отырып, киіктің қырылуы кездейсоқ жағдай емес, тұрақты сипат ала бастаған, себебі әлі анықталмаған кесел екеніне назар аударғымыз келеді. Бұған дәлеліміз де баршылық.
Қазақстанда 1970 жылға дейін 1 миллион 200 мың киік болды. 2003 жылы соның 1 мың 800-і қалды. 1984 жылы Орал құмында 250 мың, 1988 жылы Бетпақдала, Жаңаарқа, Арқалық атырабында 500 мың ақ бөкен жаппай қырылды. Бұдан кейінгі жылдарда кейде 10 мыңнан, кейде 30-50 мыңынан айырылып жүрдік. Ал 2015 жылы ресми дерек бойынша 127 мыңын тағы жоғалттық.
Ел осыған бір қынжылса, дала аңын баудай түсіріп жатқан пастереллез індеті деген қорытындыға сенбей тағы қажиды. Егер осылай болса, өткен ғасырдың 84-ші жылына дейін киік неге жаппай қырылмаған? Ол неге ұдайы Арқа мен Орал өңірінде өледі? Киік көп тараған қалмақ даласында неге мұндай апат болған емес?
Осы сауалдарға тиісті орындар айқын жауап бермеген соң, берген күнде жаңбыр көп жауғандықтан, көк шөпке тойғандықтан, кене шаққандықтан дейтін пәтуасыз сылтау айтылған соң, ел өзінше болжам жасауда. Арқадағы Байқоңырда космодром бар. Орал аймағында ядролық сынақ алаңы болған. Қырғынның сырын солардан іздейді. Киік 2015 жылы мыңдап өлген күннің алдында «Протонның» апатқа ұшырағанынан күдіктенеді.
Пастереллез киік апатының басты себебі емес екенін Ұлыбританиядағы «Киіктерді сақтау альянсының» жетекшісі Миллер Гулланд та айтқан еді. Оның дәлелдеуінше, пастереллез бактериясынан басқа бір індетке шалдыққан, әбден әлсіреген аң ғана өледі.
Еске сала кетейік. Қазақстан жеріндегі 47 аймаққа Байқоңырдан тынымсыз ұшырылып жатқан зымырандардың қалдықтары құлайды. Сол аймақтардың 39-ы Қарағанды облысында. Ал мамандардың мәліметтеріне, атап айтқанда, академик Қайыржан Бекішұлының деректеріне жүгінсек, «Протон» зымыран тасығышы штатты жағдайда жерге түскенде 1,5 тоннадан 3,5 тоннаға дейінгі мөлшердегі гептил топыраққа төгіледі екен. Егер 44 жылда Байқоңырдан 1300 зымыран ұшқан болса, осы уақытқа дейін қанша тонна гептил жерге сіңгенін шамалай беріңіз. Бұдан кейін Арқа өңірінің экологиясы сүттен-ақ, судан таза деп қалай айтасың?!
Міне, тағы да көктем келді. Шудан бері қарай құлаған киік Арқаға жетіп, алды Арқалық, Қостанай, Оралға бет түзеді.
Соның есен-саулығын ойлап ел елеңдеулі. 2015 жылғы оқиғадан соң Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан құрылған комиссия киікті сақтау жөнінде экологиялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу, республикалық және шетелдік ғылыми ұйымдар мен сарапшылардың жұмысын үйлестіру туралы шешім қабылдап еді.
Біздіңше, бұл жетімсіз. Киік апатын бұдан былай болдырмайық десек, экологиясы күмәнді аймақтардағы топырақ пен өсімдіктің, су мен ауаның биологиялық, химиялық, т.б. өзгерістерін ұдайы тексеріп отыратын тұрақты ғылыми орталық құрылуы керек. Ол ең алдымен дала аңы өлім-жітімге ұшырап жүрген Қарағанды, Жезқазған, Торғай, Қостанай, Ақмола, Орал өңірлерінің экологиясын тексеруді қолға алса, құба-құп.
Жақында Орал құмынан өліп жатқан 80 киіктің табылуы көкейде бұрыннан жүрген осы ойларды қозғады. Алдияр қарттар тілегеніндей, қапыда бейкүнә аңның киесіне кез келтіре көрмесін!