08 Маусым, 2011

«Ару» – «Гран-приді» иеленді

363 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елордадағы Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының «Ару» қобызшылар ансамблі елімізде кеңінен танымал өнер ұжымдарының бірі десем, бүгінде бұл ансамбль халықаралық байқауларға да қатысып, бақтарын сынап жүр. Соның дәлелі – жақында ғана Голландияда өткен халықаралық байқау. Амстердам қаласының төрінде ұйым­дас­тырылған «Голландский башмачек» фестивалінде аталған ансамбль топ жарып, Гран-при жүлдегері атанды. Бұл олардың алғашқы жетістігі емес. Олай дейтініміз, ансамбль мүшелері 2008 жылы «Шабыт» халықаралық фестивалінде жетістікке жетіп, лауреат атанған болатын. Біз ансамбльдің жетекшісі, Индонезия мен Ресейде өткен халықаралық байқау­лардың Гран-при иегері Әлия АХМЕТОВАҒА жо­лығып, өнер ұжымы жайлы әңгімелескен едік. – Әлия Базарханқызы, өзі­ңіз басқаратын бұл өнер ұжымы қашан құрылды? – Қобызшылар ансамблі 2004 жылы құрылды. Мен Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің музыка факультетін бітіргеннен кейін, Қос­танай мемлекеттік университетінде қызмет атқардым. Ал 2000 жылы Астанаға ауыстым. Алға­шын­да қобыз аспабын оқушы­ларға таныстырып, 2002 жылдан бастап түрлі байқауларға қатыса бастадық. Сөйтіп, бірте-бірте ансамбльдің негізі қаланды. Содан бергі жылдар ішінде біздің ансамбль республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулардың биігінен көрініп жүр. Енді өз жайына да аздап тоқтала кетсем, былтыр Президент ансамблі атынан Мәскеуде өткен халықаралық сайысқа қатысып, Гран-приді иелендім. Сол жолы халықаралық бағдар­лама президентінен ұжым жетекшісі ретінде «Ресей мен Қазақ­стан арасындағы мәдени бай­ланысқа үлес қосқаны үшін» медалімен және арнайы фирмалық белгімен марапатталдым. Ал «Голландский башмачек» фестиваліне келсем, оған дүние­жүзінің әр қиырынан келген көптеген өнерпаздар қатысып, бақтарын сынады. Бұл байқаудың бір ерекшелігі – жастар хореография, ұлт-аспаптар, жеке вокал номинациялары бойынша сынға түсті. Олардың ішінде қасиетті қобыз бен қара домбыраны қатар алып шыққан «Ару» ансамблінің өнеріне шетелдіктер тәнті болды. – Сіздің сөзіңізден аңғар­ғаным, «Ару» – қобызшылар ансамблі деп аталғанымен, оның мүшелері қазақтың қара домбырасын да жетік мең­герген екен. – Иә. Голландиядағы байқау кезінде біздің ансамбль құра­мы­нан домбырашылар дуэті – Нияз Биғожин мен Айнара Құшанбаева қара домбырада қазақтың небір күйлерін шебер орындады. Бай­қау­дың соңында олар «Аспаптық жанр» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Гол­ландияға барған сапарымызда бағ­дарлама жоспары аясында осы елде бірнеше концерттерге қаты­сып, өнер көрсеттік. – «Арудың» құрамында қан­ша өнерпаз бар? – Ансамбльде 13 оқушы өнер көрсетеді. Мен оларға қобыз және домбыраны үйретемін. Балалар мен жасөспірімдерді ұлттық өнер­ге кеңінен тарту мақсатында құ­рылған «Ару» қобызшылар ансамблі бүгінде балаларға арнал­ған концерттік бағдарлама­лар­дың сәні десем, артық айтқан­дық болмас. Ұжым репертуа­рын­да халық музыкасымен қа­тар, классикалық шығармалар да бар. Джаздық өңдеудегі му­зы­каларды да орындаймыз. Мен Астанадағы №2 балалар музыка мектебінде де қыз­мет етемін. Осы мектептің аты­нан да менің шәкірттерім рес­пуб­ли­калық жас музыканттар ара­сындағы байқаулар мен са­йыстарға қатысып, лауреат ата­нып, Гран-при жүлдесін иеленіп жүр. – Демеушілеріңіз бар ма? – Шет елге шығып тұруы­мызға бізге ата-аналар демеушілік жасап жүр. Яғни, негізгі қолдаушымыз да, демеушіміз де ата-аналар. Қазақтың өнерін шы­найы сүйіп, бағалай білген оларға шексіз алғысымды айт­қым келеді. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.