Қазақстан • 04 Мамыр, 2017

Әскери шеру патриоттық сезімді оятады

546 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай 7 мамыр күні Астанада ауқымды деңгейде әскери шеру өтеді. №10216 әскери бөліміне қарасты әуе қорғанысы күштерінде аға жүргізуші-оператор болып қызмет ететін ефрейтор Нұрлыбек Әбуов − сол маңызды іс-шараға қатысушылардың бірі.

Әскери шеру  патриоттық сезімді оятады

– Мен 2012 жылдан бері осы әскери салада қызмет етіп келе жатырмын.   Биыл командирлер бізді іріктеп, талапқа сай келеді деген әскери қызметшілерді осы шеруге қатыстыратын болды. Осын­дай сенімге ие болғандардың бірі – мен боламын, − дейді ол. − Шеруге қаты­са­тынымды естігенде қуанышпен қатар, жауапкершілікті сезіндім. Мил­лион­даған адам тамашалайтын бұл шеруге қатысу зор мәртебе деп білемін. Шеруге қатысуды әрбір сарбаз армандайды. Мен соңғы рет Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай өткізілген шеруге қатысыппын. Енді, міне, биыл екінші рет қатысқалы отырмын. Біздің мақсат – шеруді жұрт айта жүретіндей зор абыроймен өткізу. Дайындық ойдағыдай өтуде. Әрбір әскери бөлім өздеріне тап­сы­рылған міндеттерді жоғары деңгейде орындап жатыр.

Осындай шеру өткізу арқылы біз бүкіл әлемге еліміздің әскери қуатын көрсете аламыз. Бұл – өте маңызды. Сарапшылар дүние жүзі мемлекеттері қарулы күштерінің рейтингісін жасайтын кезде мұндай шерулер оң әсерін тигізеді.

Сондай-ақ, жас ұрпақ әскери шеруді көріп өссе, оның бойында патриоттық һәм мақтаныш сезімі оянады. Патриот жастар елі мен жеріне қызмет етуге әрқашан дайын болады. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер ел басына күн туа қалса, онда осын­дай азаматтар бірінші болып қол­дарына қару алып, елін, жерін жаудан қорғайтын болады.

Отаншыл жастар – ел қор­ғаны. Мен әлі үйленген жоқ­пын. Болашақта отбасын құрып жатсам, ұлым да мен секілді әскери салада қызмет істесе дей­мін. Бұл – қызығы мен шы­жығы мол сала. Мұнда тек нағыз ер азаматтар ғана қызмет етеді. Кейде шаршаймын. Дегенмен, сондайда ата-баба­ларымыз ақ найзаның ұшы­мен, ақ білектің күшімен қор­ғап қалған қасиетті де киелі жерім үшін, Отаным үшін тер төгіп жүргенімді ойласам, жа­ным жадырап сала береді. Шар­шағанымды ұмытып, өзімді сергек сезінемін. 

– Осы әскери салада қыз­мет етіп келе жатқаныңызға 5 жыл толыпты. Осы уақыт аралығында сіз қызмет ететін бөлімде қандай өзгерістер болды?

− Иә, қызметке алғаш кел­ген жылмен қазіргі кезді салыс­тырсам, арасы жер мен көктей екен. Мен сізге айтайын, қазіргі таңда Қазақстанның Қарулы Күштері зор қарқынмен дамуда. Жылдан-жылға емес, айдан-айға өркендеп келеді десе бола­ды. Мемлекет басшысы Қарулы Күштерге зор көңіл бөлуде.

Біздің салада басқару жүйе­сі нақты жолға қойылған. Әске­ри бөлімдер су жаңа құрал-жабдықтармен, заманауи қару-жарақтармен жабдықталып жа­тыр. Сарбаздарға да зор жағ­дай жа­салған. Олар әлеумет­тік мәс­е­лелерді ойлап бастары қатпайды. Біздің ең басты мақсатымыз – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған орай, біздің бөлім күндіз-түні көз ілмей Қазақ елінің көк аспа­нын жіті бақылап отырады. Себебі, біздің жұмыста бір сәт босаңсуға болмайды. Мұны өте жақсы түсінеміз.

– Кейде «Ана жақта соғыс өрті тұтаныпты. Мына жақта лаңкестік орын алыпты» деген хабарлар естіліп қалып жата­ды... –  Мұндай жайсыз хабар­ларды естігенде жүрегіміз ауы­рады. Соғыс болған елде тұ­рақ­тылық жойылады. Бұл эко­номиканың күйреуіне әкеліп соғады. Егер дереу келіссөздер жасалмаса, соғыс өрті өршіп, салдарынан қаншама бейбіт тұрғын жазықсыздан жазықсыз оққа ұшып, жүздеген, мыңдаған сарбаз шейіт болып жатады. Соғыс деген үлкен трагедия.

Құдайға шүкір, Елбасының салиқалы саясатының арқасын­да біздің елімізде бейбітшілік туы желбіреп тұр. Ел аман, жұрт тыныш. Біле-білген адам­ға бұдан артық бақыт жоқ. Тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде соғыс болмасын деп тілеймін!

Әңгімелескен 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Суретте: Нұрлыбек ӘБУОВ