Аймақтар • 04 Мамыр, 2017

Мұнай төгілген топырақ қалпына келе ме?

3263 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Заман өзгерді, техника дамыды деп қанша айтсақ та, адамзат топы­рақты алмастыра алатын жасанды дүниені әлі күнге ойлап тапқан жоқ. Біз тіршілікке керектінің бәрін дерлік топырақтан аламыз. Бірақ Жер-ананы аялау туралы ұмытып кете береміз. Мысалы, мұнай және мұнай өнімдері қалдықтарынан табиғи экожүйенің бұзылуы экологиялық қауіп-қатердің ықтималдығын жоғарылатады. Қара алтын қалдықтары қатталған аумақтағы топырақтың физикалық-химиялық қасиеттері өзгеріске ұшырайтынын білу үшін көп білім керек емес.

Мұнай төгілген топырақ қалпына келе ме?

Бүлінген топырақ бүтінделе ме?

Әрине, кен орындарын игерген жақсы. Ал экономиканы ғана ойлап, экологияны назардан тыс қалдыру бү­гін болмағанмен, күндердің-күнінде зардабын тарттырары анық. Ғалымдар мұнай қалдықтары топырақ қабатына сіңбей, жер бетінде тұратынын, оған өсімдік те шықпайтынын дәлел­де­ген. Жаңбыр жауса жағдай тіпті қиындайды, ластанған аумақтың кө­ле­мі ұлғаяды. Геология-минерология ғылымдарының докторы Мұфтах Диаров топырақ жамылғысының бү­лінуі биосфераға ғана емес, адамзат денсаулығына да зиянды әсерін ти­гізетінін айтады. «Мұнаймен лас­тан­ған топырақтың қалпына келуіне көп уақыт керек. Мұндай аумақты бас­тапқы күйіне әкелу үшін тиісті зерттеулер тез арада жүргізілгені жөн. Сал­ғырттық салдарынан топырақтың тығыз қабаттары жалаңаштанады, содан келіп топырақ қуаңданады, тұз­данады», дейді академик. Атырау өңірінде топырақ құнарлылығын арттыру үлкен проблема, себебі мұндағы то­пырақ тұзды және батпақты. Ол аздай, мұнай өндірісінің өрістеуі экологиялық ахуалды қиындата түсті.

Қоқысқа толған 

қайран жер...

Қанша жерден бақылап-қадағалап, анықтап, айыппұл салғанмен, табиғат­қа қастық жасайтындар әлі де бар. Айталық, өткен жылы Құрманғазы ауданындағы «Күмісбек» кен орнында екі ұңғымадан мұнай төгілді. Бұл жерді «Көлжан ойл» компания­сы пайдаланған. Келісім-шарт мер­зімі біткен соң ұңғымаларды қарау­сыз қалдырып кеткен. Оны облыстық әкімдік қаржы бөліп, қал­пына келтірді. Сондай-ақ, Махам­бет ауданында «Норт Каспиан Опе­рей­тинг Компани Н.В.» компания­сына тиесілі кен орнында мұнай өнім­дері жерді ластады. Облыстық ма­мандандырылған табиғат қорғау про­куратурасының прокуроры Азат Қалиев компанияның әкімшілік жауап­кершілікке тартылғанын, ал лас­танған топырақтың өңделгенін айтты. «Атырау-Астрахань» тас жолы бо­йында «Атырау жолдары» өндірістік базасында да мұнай қалдықтарынан жер бүлінген. Прокуратура былтыр мемлекетке 2 млрд 400 млн теңге көлемінде келтірілген залалды өндірді. Үш кәсіпкерлік субъектісінің құқы қорғалды. 71 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылыпты.

Атырау облысы бойынша бас экологиялық инспектор Қанат Қалмахан бір жыл бұрын Балықшы учаскесіндегі Соколок өзегінен 10 шақырым жерде НКОК компаниясына тиесілі ұңғымадан мұнай төгіліп, топырақ ластанғаны жөнінде дерек келтірді. Тізе берсек, мұндай мысалдар аз емес. Облыс әкімдігі 2002-2009 жылдары қараусыз қалған 48 гидрогеологиялық ұңғыманы бекіткен еді. «Жалпы, аймақта 90 ұңғыма апаттық жағдайда. Оның біреуі 2015 жылы, біреуі биыл тығындалды. Ал алты ұңғыманың нақты иесі жоқ. Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінен жақында комиссия құрылды. Осы мәселе бойынша әкімдік тарапынан Үкіметке хат та жолданды», дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ Бисембиев. Шыны керек, қоршаған ортаға қыруар зиян келтіріп отырған мұнай ұңғымаларын реттейтін мезгіл жетті. Су атқылап, қараусыз жатқан 180 гидрогеологиялық ұңғыманың жайы тағы бар. Мамандар бүлінген жер туралы ақпаратты дер кезінде анықтауда біраз қиындық барын да жасырмайды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты қалада да, ауылда да ешбір бөлімше жоқ. Бұл жағдай сала мамандарының жұмыстарына кері әсер етері сөзсіз. Сондықтан әр ауданда табиғат қорғау шараларына жауапты маман бекітілсе деген ұсыныс бар.


Бір жылда − 4 556 578 тонна қалдық

Ластанған топырақ қабатын алған соң орнын таза құнарлы топырақпен толтыру керек. Зерт­теулер жүргізіліп, қажет ба­к­терияларды анықтау кезек күт­тірмейтін іс. «Табиғат пайда­ланушылардың бүлінген топы­рақты тасып әкетуі пробле­маны шешпейді», дейді М.Дияров. Оны қалпына келтіру үшін ми­кро­­­­­биологиялық әдістер, мұ­най сорбенттері пайдаланылады. Жал­пы, облыс бойынша өткен жылы 4 556 578 тонна қал­дық шы­ғарылған. Оның ішінде 154 226 тонна кесек күкірт, 776 207 тонна өндіріс қалдықтары, 3 626 504 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар бар. Облыстық экология депар­таментінің мәлі­метінше, қор­шаған ортаны лас­тау­­шы кәсіп­орындардың ал­дыңғы ле­гінде «Теңізшевройл» ЖШС тұр. Бұл компания былтыр 144 234 тонна көмірсутегі шикізатын, 10964 тонна өн­дірістік қалдық шығарған. «Ембімұнайгаз» АҚ        9 915 тонна, Атырау мұнай өңдеу зауыты 13 284 тонна, НКОК компаниясы 15 348 тонна өндірістік қалдық шығарыпты.

Облыстық экология депар­таменті берген мәліметке сүйен­сек, төгілген мұнай қалдықтарын тазалап, залалсыздандыру жұ­мыс­тары индустрияландыру картасы аясында ашылған «Эко-Техникс» ЖШС-іне жүктеледі екен. Германиядан арнайы ал­дырылған қондырғы арқылы бүлінген топырақтағы мұнай қалдықтарын сұйық және қатты түрге ажыратып алуға болады. Ал одан бөлініп шыққан мұнай әрі қарай тереңдетіп өңделіп, қажетке жарайды. Нақты айта кетсек, серіктестік қызметінде мы­надай тәсілдерді пайдаланады: біріншісі – физикалық-химиялық әдіс. «Өнеркәсіптік қалдықтарды залалсыздандырудың бұл әдісі бұрғылау қалдықтарын, мазутпен ластанған топырақты, мұнай өн­діретін кәсіпорындардың тех­­никалық науаларын залал­сыздандыру бағытында қол­данылады. Соның нәти­же­сін­де, антопогендік қалдық то­пы­рақ­тарды жол-құрылыс мате­риалдары ретінде пайда­лануға болады, – дейді облыстың бас экологиялық инспекторы Қанат Қалмахан. – Екін­шісі – микро­биологиялық әдіс­­пен залалсыздандыру. «Ро­дотрин», «Бакойл», «Нефте­дес­труктор-Казбио» биопрепараттары қол­­данылады. Бұл пре­параттар көмірсутекті лас­­тану­ды 99 пайызға дейін таза­лауға қауқарлы. Осылай залал­сыздандырылған қалдықтар жер қыртысының үстіңгі жағын, қосымша қабаттарды және автомобиль жолдарының жол төсемі негіздерінің қабаттарын орналастыруға пайдаланылады. Үшінші – термиялық әдіс. Бұл әдіспен тазартылған өнім «термиялық топырақ» деп аталады. Залалсыздандыру нәти­жесінде алынған өнімдер құры­лыс материалдары ретінде қол­данылады».

Облыстың бас экологиялық инспекторы келтірген тағы бір дерек – өнеркәсіптің түрлі салаларындағы иесіз және «тарихи» ластанулар жөнінде. Қазір мұнайлы аймақта 12 га «тарихи» ластанған учаскелер бар, олардың бәрі де «Ембімұнайгаз» АҚ-қа тиесілі. Мекеме осы учас­келерге түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, соның нә­ти­жесінде қа­жетті шаралар алынады. Ал «Те­ңізшевройл» ЖШС-нің ке­­лі­сімшарттық аумағынан жал­­пы ауданы 49,93 га болатын 13 қараусыз қоқыс орны анық­талған. Осы жайт бойынша эко­логия департаменті еліміздегі заң­­дылыққа сәйкес тиісті шара қолдану үшін Жылы ой ауданы әкім­дігіне хат жолдапты, бірақ әлі күнге дейін жауап жоқ. Енді бұл мәселе облыстық әкімдікте қаралады.

Аяласаң, табиғатты аяла

Елбасы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты ма­қаласында «Халқымыз ға­сырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Тек өт­кен ғасырдың ортасында, не­бә­рі бірнеше жыл ішінде мил­лиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, аста-төк ысырапшылдыққа ұласты. Со­ның кесірінен, Жер-Ана жа­ратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құ­нары құрдымға кетті. Түгін тарт­саң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз эколо­гиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды. Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қарау­дың ащы мысалы», деп атап өткен еді. Расында, тек Атырауда ғана емес, еліміздің әр өңірінде экологиялық апатқа душар болған аймақтар аз емес. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Рзағалиев те бұл ойымызды қуаттайды. «Жер тозса, мал азады, − дейді ол. – Азық-түліктің 30 пайы­зын сырттан тасыған елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнеді екен. Елбасы тапсырмасымен 2021 жылға дейін азық-түлік экспортын 40 пайызға арттыру көзделді. Ал талғамы жоғары тұтынушыға сапалы өнім шығару үшін жақсы жайы­лым керек. Облыста отыз жыл бойы жерді баптауға ба­ғытталған шаралар жасалмады. Қазір ауыл шаруашылығына арналған жердің 20 пайызға жуығы ғана жарамды».

Мұнай кен орындарын барлау, бұрғылау, өңдеу жұмыстары кезінде жер қойнауын қорғау шаралары сақталуы тиіс. Алай­да Экологиялық кодекстің тап осы талабы есте бола бер­мейді. Қоршаған ортаға зиян кел­тір­гендерге мемлекет тарапынан пәр­менді шара керек-сынды. Әйт­песе, топырақты ғана емес, ауа мен суды да бүлдіріп алып, айыппұл төлеп құтылып кететін кә­сіпорындар қатары көбейіп барад­ы.

Бақытгүл БАБАШ,



«Егемен Қазақстан» 

АТЫРАУ