
Тоқсаннан асқан шағымда менің де есіме балалық шағым жиі оралып, ондағы бастан кешкен оқиғалар жадымда жиі жаңғырып тұрады. Соның ішінде, сол шақта көрген абзал жандар, ақылман ағалар мен мейірімді апалар бейнелері, әсіресе, көп еске түседі. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегендей, жанашыр апаларымның, ақ жаулықты әжелерімнің шақырып алып қымыз, айран, ет пісіп жатса сорпа құйып беретіні және үйде өз шешелеріміз құйып бергенде іше қоймайтын солардың тәтті дәмі ауыздан кетпейтіні де есте. Ойнап жүрген бала атаулының бәрін өз балаларындай көріп, ешқайсын да бөтенсіремей, кімнің үйінің алдына топырлап бара қалсақ, сол үйдегі апамыз шақырып алып: өзектерің талды ғой, естерің шығып жүгіре беруді білесіңдер, ішіп алыңдаршы мынаны деп құйып беретін тағамдарын көмейге төңкере тастап, құрт-ірімшіктерін қалтамызға қаттап, ойынды жалғастыра беретін едік...
Ағаларымыз бен аталарымыз көріп қалса да тоқтатып, бір ақылын айтпай жібермейтін. «Ана қарның жылтыңдап, жалаңаштанып жүр, күн салқын, көйлегіңнің етегін ішіңе салып ал, жел қарысады» дейтін олар жанашырлықпен. Қайран, сол абзал ағалар мен апалар-ай, қазіргілер біреудің баласына сондай қамқорлық танытып немесе аузына ақ тамызар ма?
Балалық шағымнан есімде қалған бір тамаша, қызық сурет − Ресейдегі Қорған облысының Частоозер ауданындағы нағашыларыма қонаққа барғаным ұмытылмайды. Ел арасында «Бәшім батыр» атанып кеткен нағашы атам 1931-33 жылдардағы аштықта ата қонысы – қазіргі Бескөл ауданындағы Үшкөл деген ауылынан амалсыз көшіп, Ресейдің Қорған облысына барып паналаған екен. Кейін сол жерге көшіп барған қазақтар бір қауым ел болып, «Жаңажол» атты кеңшар да құрған.
Бәшімнен Досмұхамбет, Есмұхамбет және Сәркекей есімді үш ұл туған. Соның ішінде Досмұхамбеттен туған Әбу немеренің үлкені болатын. Мен 10-11 жастағы бала кезімде нағашыларыма барғанда Әбу 17-18-ге келіп қалған соқталдай азамат. Кейін Кеңес Одағының Батыры атанған Әбу Досмұханбетов осы жігіт еді. Марқұмның рухы риза болсын деп енді Әбу туралы білетіндерімді еске ала кеткім келіп отыр...
Ұзын бойлы, кең жауырынды, ірі сүйекті, балғын білекті жігіт кеңшардың жұмысына белсене араласып, сол кездің өзінде төрағаның орынбасары болып жүрді. Оны ешкім де жас бала демей, ақыл сұрап келіп жататын. Әбу 17-18-дегі жасөспірім емес, байыптылығы 40-50-ге келіп қалған кісідей еді. Нағашымның үлкен отбасында да Әбудің алдынан ешкім өтпей, бір нәрсе істер болса онымен ақылдасып жататын. Өзі бауырмал, менің аяқ-қолымды жерге тигізбей аялап, еркелетеді.
Әбудің мен құралыптас Қапар деген інісі бар. Сол екеуміз Әбудің велосипедін ұрлап теуіп, әбден шаршап, сілеміз қатқанша түспейтін едік. Ол кезде велосипед деген қат, бәсі қазіргі жеңіл мәшинеден кем емес. Дүкенде де еркін сатылмайды, қолы жеткендер ғана алыс жерлерден, үлкен қалалардан әкеліп жататын. Ауылдың маңы қалың тоғай еді, бір күні қырсық шалып, Қапар екеуміз велосипедті ағашқа соғып, дөңгелегін қиратып алдық. Рөлдегі мен едім, соны сылтауратып, ағасынан қорыққан Қапар мені кінәлі қылып шыға келді. Өзімді алақанына салғандай аялайтын ағадан ұялып, қара жер тесік болса кіріп кетердей қысылып мен жүрмін. Тіпті, көзіне көрінбей, қашып кеткім де келді.
Күткенде уақыт өте ме, күні бойы тоссақ та Әбу келер емес. Бетіне қалай қараймын деп ұяттан өртеніп барамын. Бір кезде торы атын ойқастатып Әбу де келді. Күні бойы жұмыста болды дейтін емес, жүзі жайраңдап, көңілі шат екен. Шіркін, асыл азамат-ай, ол қабақ шытып, босқа күйгелектену дегенді білмеуші еді. Аттан түскен бойында Қапар өзін ақтап, велосипедті менің сындырғанымды жанталасып жеткізіп жатыр. Әбу бұрылып маған қарады да - Түу, соған бола қайғырып... Уақыты келген шығар, сынып қалған шығар, онда не тұр, − дегені ғой...
Арқамнан бір ауыр жүк ауып түскендей, «уһ» дегендей болып мен тұрмын. Бір уақытта Әбу − Сапар, келші, мына атқа мініп бір серпіліп келші, жүрісі жақсы, жүйрік ат қой, деп ешкімге сипата қоймайтын атын көлденең тартып тұра қалды. Көзге келіп қалған ыстық тамшыны серпіп тастап, жүйрікке мініп желе жортып бара жатқанда «Әбу аға, сен қандай жақсы адам едің» деп ойлап едім...
Міне, осы асыл азамат соғысқа алғашқылардың бірі болып, 1941 жылдың күзінде аттанды. Орыс мектебінде оқыған, түр-тұлғасы келісті, бойы ұзын, оның үстіне кеңшар төрағасының орынбасары болып, халықпен жұмыс істеуде ысылған жігітті әскери комиссариат кіші офицерлер дайын-
дайтын курсқа жібереді. Семей мен Аягөз қалаларында Қазақстанның шығыс өңірінен шақырылғандардан 458-ші атқыштар дивизиясы құрылған. Әбу Досмұханбетовті осы дивизияның 229-шы полкына взвод командирі етіп тағайындайды. 1942 жылы дивизия 8-ші атқыштар дивизиясы болып басқа нөмірге ауысады. Бұл арада 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясына айналған, Алматыда құрылған атақты 316-шы дивизиямен шатастыруға болмайды...
1942 жылдың жазында лейтенант Әбу Досмұханбетовтің взводы Воронеж-Посторненск операциясына қатысады. Бірнеше күнге созылған сұрапыл шайқаста ол жараланып, дала госпиталына түседі. Осы операциядағы ерлігі үшін оған «Қызыл Жұлдыз» ордені беріледі. Осы жылы Ә.Досмұхамбетовке аға лейтенант атағы беріліп, ол бірінші ротаның командирлігіне жоғарылатылады.
Әбу аға Курск иініндегі атақты шайқасқа да қатысқан. Оның ротасы алғы шептердің бірінде болып, қырғынның нағыз қызу ортасында жүрген. Осы шайқас Ұлы Отан соғысындағы бетбұрыстың басталуына негіз болғаны белгілі. Басқалармен қатар Ә.Досмұхамбетовтің ерлігі де бағаланып, оның төсіне ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені қадалады.
Ал Кеңес Одағының Батыры атағы оған 1943 жылы Днепрден аман өтіп, Украинаның Чернобыль қаласының маңындағы Гдень елді мекенінің жанында көрсеткен ерлігі үшін берілген. Бұл ерлік туралы 1983 жылы одақтық «Вокруг света» журналында тарихшы, полковник Владимир Смирнов деген автор егжей-тегжейлі жазған. Шағын үзінді келтіре кетейін: «...И в эту минуту смертельной опасности командир батальона Петр Баюк и командир роты, старший лейтенант Абу Дусмухамбетов, ставший в эти тяжелые дни заместителем Баюка по политчасти, уже ранен-
ные поплзли навстречу танкам врага. Они тянули за собой на проволоке противотанковые мины. Баюк напряг последние силы, приподнялся и бросил мину под гусеницы. То же сделал Абу...» («На Днепре в сорок третьем», «Вокруг света», №9, 1983 г).
Осы шайқастан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1943 жылдың 16 қазанында екі ерге де Батыр атағы берілген екен.
Ә.Досмұхамбетовтің Чернобыль қаласындағы зиратын украиндық оқушылар әлі күнге күтіп, қадірлеп отыр. 1966 жылы анасы Қайшаны алып, оның басына інісі Қапар үшеуміз барып қайттық. Сонда оқушылардың зиратты қалай күтіп отырғанын өз көзімізбен көрдік. Есіл ердің басына одан кейін өзім де бір барып қайттым.
Құдайға шүкір, қазір Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың ұжымы оның есімін жаңғырту жолында түрлі шаралар өткізіп тұрады. «Ер есімі – ел есінде» деген сол, әне. Өзі де ешқашан ұмытуға болмайтын жан еді, есімі де мәңгілік қалды.
Сапар ДҮЙСЕНОВ,
Ұлы Отан соғысының ардагері
Солтүстік Қазақстан облысы