Елбасымыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің таңсәрі шағында, егемендіктің елең-алаңында-ақ біздің еліміздің болашағы тек қана бірлікке байланысты екенін басын ашып айтты. Жас мемлекеттің алғашқы қадамдарынан бастап ұлттық саясатты сарабдал жүргізе білді. Адамдарды нәсіліне, тегіне, ұлтына қарап бөлуге ешқандай жол берілмейтінін салған беттен аңғартты, Қазақстанда әр адам өзінің іскерлігіне, біліктілігіне, парасаттылығына ғана қарап бағаланатынын мәлімдеді.
Іс жүзінде дәл солай болды да. Сондықтан біздің еліміздегі қандай этностың өкілі де өзін Қазақстанның төл перзенті, патриоты санайды. Осы елдің қызығын бірге қызықтайды, қиындықтарын бірге еңсереді, табыстарына бірге қуанады.
Шындығына келгенде, бүгінде бірлік, бірегейлік ұғымдарының аясына көп мағына сыяды. Оның негізінде халқымыздың мәдени сауа-
ты, білімі, тағы басқа да ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Оған Ұлт жоспарындағы төртінші реформа төңірегінде қолға алынған жұмыстар дәлел. Мәселен, «100 қадам» негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясы бірқатар қағидатты міндеттерді шешуді жүзеге асыруда. Біріншіден, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының қызметі «Мәңгілік Ел» Жаңа Қазақстандық Патриотизмді нығайтуға және дамытуға бағытталған. Елімізде билік институттарының тұрғындармен толыққанды өзара қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін мемлекеттік басқару жүйесі құрылуда.
Екіншіден, еліміз үшін отбасы, бірлік, сондай-ақ, еңбексүйгіштік, адалдық, зияткерлік, үштілділік тәрізді құндылықтар насихатталатын еңбек және кәсіпқойлар қоғамын құру басымдықты болып табылады. Үшіншіден, Қазақстанның алдында ел дамуының стратегиялық мақсаттары үшін жұмылған, қазақстандық біртектілік пен бірлік, Жаңа Қазақстандық Патриотизм қағидаттарында тәрбиеленген «Мәңгілік Ел» ұрпағын қалыптастыру бойынша міндеттер тұр. Төртіншіден, қоғам алдында халықтың тарихи естелігі мен рухани-мәдени мұрасын нығайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды, сондай-ақ, мемлекеттің қазақстандық қоғамның рухани бірлігі қағидаттарына негізделген зайыр-
лылық сипатын дамыту бойынша шараларды сапалы түрде жүзеге асыру міндеттері бар.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сияқты бүкіл әлем таныған, мойын-
даған Елбасымыз бар, тату-тәтті халқымыз бар, еңбекқор еліміз бар, жердің астын да, үстін де толтырған байлығымыз бар, ырыс қонған жұртпыз. Осы ынтымағымызды, осы бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз, балаларымызға, немерелерімізге, шөберелерімізге үлгі етіп, өнеге етіп айтуымыз, аманатқа қалдыруымыз керек. Солай ету арқылы біз елдегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың ойдағыдай жүзеге асырылуына жағдай жасаймыз, өзіміздің берік те баянды болашағымызды қамдаймыз. Ұлы Даладағы Мәңгілік Ел болу асқақ арманымызға осылай жетеміз.
Әскер ПИРИЕВ,
ҚХА мүшесі, Астана қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы