Қазіргі кезде КБК өндірістік кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Әртүрлі қуаттылықтағы, жоғары вольтті желілерден бастап, өндірістік ғимараттарға дейін, елуден астам нысандар салынуда. Кентке және өндіріске арналған қазіргі заманға лайықталған екі қазандықты сәуір айында, мердігерлерге арналған жатақхана ғимаратын мамыр айында іске қосу жоспарланған.
Ресейдің алтын өндіруші компаниялары арасында екінші орынды иеленетін «Полиметалл» компаниясы 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында орналасқан екі кен орны – Бақыршық және Большевикті сатып алғандығын жариялаған еді.
Компания алғашқы күннен бастап жұмысқа білек сыбана кірісті. Бірінші жылдың өзінде, өндірістің әлі толық жұмыс істемей әрі кәсіпорын ешқандай пайда келтіріп тұрмағандығына қарамастан, БКӨК облыстық және аудандық әкімдіктермен әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Аталған құжаттарға сәйкес әлеуметтік саланы белсенді түрде дамытуды, соның ішінде 180 орынға арналған балабақшаның ғимаратын қайта қалпына келтіріп беруді өз мойнына алды. Құрылыс жұмыстары бір жарым жылда аяқталды, компания бұл мақсатқа 240 миллион теңге жұмсады. 2016 жылдың қараша айында толықтай жөндеуден өткізілген, заман талабына сай жабдықталған «Аққу» балабақшасы мемлекет қарамағына берілді.
2014 жылдан бастап 2016 жылға дейінгі аралықта Шығыс Қазақстан облыстық және Жарма аудандық әкімдіктерімен жасалған меморандумдардың аясында әлеуметтік салаға 1 млрд 74 миллион теңгеден астам инвестиция салынды. Биылғы жылдың ақпан айының соңында Жарма ауданының әкімдігімен құны 30 миллион теңге болатын меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, БКӨК 2015-2017 жылдар аралығында Жарма ауданының инфрақұрылымына 2 миллиард теңгеден астам инвестиция салғанын да атап өту керек.
Кәсіпорын кентті дамытуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына әрдайым ерекше назар аударып келеді.
– Бүгінде Бақыршық кен өндіру кәсіпорнында бес жүзден астам жұмысшылар мен инженерлер еңбек етіп жатыр, олардың 70 пайызынан астамы жергілікті тұрғындар, – дейді «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры Юрий Овчинников. – Кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуінің арқасында Әуезов кентінде тұрғын саны да артып келе жатқандығын атап өтуге болады. Мердігерлер пайда болды, кентте кәсіпкерлік қызмет жандана бастады.
Карьерде кен өндіру жұмыстары 2017 жылдың екінші жартыжылдығында басталады деп жоспарланып отыр. Жоба бойынша кен орнында құрамында алтыны бар кен он жыл көлемінде ашық әдіспен өндірілетін болады, ал содан соң жерасты өңдеуге көшеді. Кен жақын жылдары іске қосылатын кен байыту фабрикасында флотациялық байыту әдісімен өңделмек.
Кәсіпорын 2018 жылға дейін кен өндірісінің күрделі жұмыстарына 69 миллион доллар қаражат салуға ниетті, ал бірінші кезеңде жобаның дамуына 322 миллион доллар инвестиция салу жоспарланып отыр. Фабрика толық жұмыс істеуге 2019 жылы көшеді және карьерді пайдаланудың бүкіл кезеңі ішінде орташа алғанда – 10 тоннадан, ал жерасты кенішін пайдалану кезінде 8 тоннадан астам алтынды концентрат түрінде өндіретін болады. Осы уақытқа қарай кәсіпорындағы қызметкерлердің саны жеті жүз адамнан асатын болады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»