Өмір көрсетіп отырғандай, ішкі саяси реформаны ойдағыдай жүргізу арқылы көп ұлтты еліміздің өзара достық, ынтымақтастығы, бірлігі, тыныштығы қамтамасыз етіліп, өзгелерге үлгі боларлық дәрежеге жетіп отырса, Елбасының сарабдал сыртқы саясаты арқасында бұрын Кеңес Одағының қатардағы республикаларының бірі болған Қазақстан қолда бар атом қаруын келмеске жіберіп, бейбіт өмір жаршысы атанып отыр. Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы да біздің мемлекетімізге деген үлкен сенім дей аламыз. Қазақстан Президенті әлем елдері арасында қайсыбір келіспеушілік-қақтығыс кездерінде ара ағайындық рөл атқарып, үлкен бедел мен сенімге ие болып келеді.
Мақалада сөз болған қайта түрлеудің екінші процесі – экономикалық жаңғыру. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел басына түскен қиындықтар бірден еске оралады. Нұрсұлтан Әбішұлы сол кезден бастап «өткінші кезең» қиындықтарына шыдамдылық керектігін, бұрынғы кеңес кезіндегідей «ортақ меншік болмайтынын, азаматтардың нарықтық қоғамда өмір сүру жолдарын үйреніп, бизнеспен айналысулары, еліміздің тезірек еңсе көтеріп кетуі үшін көптеп инвестиция тарту қажеттігін баса айтуда. Осы бағытпен ширек ғасырды артта қалдырған халқымыз қазіргі таңда әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі бағдарламаны орындауда қажырлы еңбек етіп келеді. Бұл әлеуметтік жаңғырудың арқасында өткен кезбен салыстырғанда, халықтың әл-ауқаты айтарлықтай жақсара түсті деген сөз.
Елбасы халыққа арнаған үстіміздегі жылғы Жолдауында Қазақстанның кезегі келген үшінші жаңғыруы басталғанын айтқан еді. «Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», деп атап көрсетілген Жолдауда Біртұтас ұлт болу үшін бұқаралық сананы қалай өзгертуге болатыны жайлы көзқарастар ортаға салынды.
Рухани жаңғыруға қатысты мақалада айтылғандай, әрбір жаңғырған қоғамның тереңнен бастау алатын рухани ұлттық кодын сақтай білу басты міндет, егер жаңғыру елдің тарихи ұлттық тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға апаратыны анық. Мақалада ұлт табысының кілті сол елдің табиғи байлығында емес, адамдарының бәсекелік қабілетіне байланысты екендігі тайға таңба басқандай етіп айтылған. Ал бәсекеге қабілетті адамдардың қоғамның сан алуан салаларында кездесетіні талас туғызбаса керек. Материалдық саладағы бәсекеге лайықтылар елге үлкен табыстар әкелсе, әдебиет, мәдениет, өнер саласындағылар халықтың мақтанышына айналуда. Демек, бәсекеге лайық жоғары қабілетті, компьютерді жетік меңгерген, ғылымның әр салаларынан терең білімді, үш, одан да көп тілдерді меңгерген жастар ертеңгі мемлекет, ел басшылары, аса дарынды әдебиет майталмандары, мәдениет пен өнер қызметкерлері еліміздің алтын қазынасы деп білемін.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы сынды салмақты мақалалар мен ауқымды жобаларды басшылыққа алған тәуелсіз Қазақстанымыз әлемнің өркениетті елдерінің ортасынан ойып орын алып, Ұлы Далада еркін өскен «Мәңгілік Еліміз» өркен жая түседі деп сенеміз.
Дүйсембі ӘРІПОВ
Маңғыстау облысы