Бірте-бірте ол әзірлеген үй консервілеріне қызығушылардың саны артты. Тапсырыс көбейген соң үйінің ас бөлмесі тарлық қыла бастады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық бөлімшесіне барып, бизнесті қолдауға арналған бағдарламалармен танысады. Ақыры бизнесті қаржылай емес қолдау құралдары арқылы көкөніс пен жеміс өңдеу цехын ашты.
Кәсіпкерлер палатасының аудандық бөлімшесі іскер әйелге «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Жарқыра» жобасына қатысуға да кеңес беріпті. «Жарқырадан» грант ұтып ала алмағанмен, арнайы курстан өтіп, шетел мамандарынан кәсіпкерлік негіздерін үйренген Ардақ Төреқұлова: «1 млн теңге көлеміндегі көптен күткен грантқа «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қол жеткіздім. Ол қаражатқа Ресейден көкөністерді стерилдеу мен консервілеуге арналған жабдық сатып алдым», - дейді.
Қазір Ардақ Төреқұлованың «Ардақты дархан дала» деген атаумен шығарып жатқан тағамдарына сұраныс жоғары. Оның бастамасын облыс басшылығы да қолдап, 5 га жер учаскесін берген. Енді ол жерде консервілейтін жеміс-жидек пен көкөністі өзі өсіреді. «Әзірге үш адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмын, егер бизнесіміз өрге басса, қызметкерлер санын көбейтемін», - дейді кәсіпкер.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ