Хоккей • 04 Мамыр, 2017

"Жұмыс істемейтін директорлар кімге керек?"

250 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанның спорт саласы, оның ішінде волейбол, хоккей сынды спорт түрлерінің соңғы жылдары өрлеу кезеңін бастан өткеріп жатқанын көзі қарақты жұрт білсе керек. Өңірде кейбір спорт түрлерінің тасы өрге домаламай, тежеліп тұрғаны да жасырын емес. Осы және өзге де мәселелер жөнінде Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановпен әңгімелескен едік.

"Жұмыс істемейтін директорлар кімге керек?"

− Асқар Байжігітұлы, соңғы жылдары Шығыстың волейболшылары қарсылас шақ келтірмей жүр. «Алтайдың» ұлдары да, қыздары да екі жыл қатарынан ел чемпионы атанды. Мұның сыры неде?­­­­­­

− Әрине, чемпион болу оңай емес. Чемпиондықты сақтап қалу одан да қиын. «Алтай» бұл деңгейге оңайлықпен жеткен жоқ. Облыс басшылығының қолдауының, клуб жұмысының дұрыс жолға қойылғанының нәтижесінде қос қоманда осындай биік белестерді бағындырды. Спортшыларға тиісті жағдайлардың барлығы жасалды. Тұрмыстық, қаржылық мәселелері толық шешілді. 2015 жылы түркиялық Бурхан Жанболат есімді білікті маманды арнайы шақырып, қыздар құрамасына бас бапкер ретінде екі жылға келісімшартқа отырған болатынбыз. Нәтижесін көрдіңіздер. «Алтай» волейбол командасының қыздары екі жыл қатарынан Қазақстан чемпионатында топ жарды. Бурхан Жанболатпен арадағы келісімшарт мерзімі жақында аяқталды, енді оның орнына бапкерлік қызметті 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Ярослов Антонов атқаратын болады. Биыл «Алтай» волейбол командасының қосалқы құрамына да жаңа бапкер шақырдық. Жиырма үш жасқа дейінгі қыздар арасында үздік ойын өрнегін көрсетіп жүрген волейболшыларды құрамаға алдық. Олар да ел біріншілігін жеңіп алды. Келесі Олимпиадаға осы қыздардың барып қалуы әбден мүмкін. 25-30 мамыр аралығында Өскеменде клубтық командалар арасында ашық Азия чемпионаты өтеді. Сегіз команда қатысады. Алдымызға екінші орын алсақ деген мақсат қойып отырмыз. Егер бұл межені бағындырсақ, әлемдік лигаларға қатысуға жол ашылады.

− Енді әңгімемізді «Алтай» футбол клубына қарай ойыстырсақ. Осы «Алтайдың» басынан неге бұлт арылмай қойды?

− «Алтай» футбол клубы былтыр бірінші лигада екінші орын алып, премьер-лигаға жолдама иеленгені белгілі. Бірақ еліміздің футбол федерациясы клуб екі талапқа сәйкес келмейді деп «Алтайды» премьер-лигаға қатысатын командалар тізімінен алып тастады. Жалпы облыс атынан бірінші лигада өнер көрсету үшін клубқа жеке қаражат қарастырылған. Тек ол қаражат мемлекеттік сатып алу байқауы арқылы бөлінеді. 2016 жылы мемлекеттік сатып алу байқауында «Алтай» ФК» ЖШС жеңіске жетіп, қаражат клубқа бөлінген болатын. Ал 2017 жылы байқауда қай клубтың жеңіске жетіп, чемпионатта облыс намысын қорғайтындығы белгісіз болды. Қазір конкурстық рәсімдер  жүріп жатыр. Реті келгенде айта кетейін, «Алтай» футбол клубы 100 пайыз жеке меншік команда. Қазір елімізде футбол керемет сұранысқа ие деп айта алмайсыз. Облыста да солай. Керісінше, біздің өңірде хоккейге қызығушылар қатары қалың. Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы Жоғары хоккей лигасының  тұрақты чемпионатын ұтып алып, «Братина» кубогының финалында өнер көрсетті. Бұл – Шығыс Қазақстан облысының хоккей тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік.

Алайда былтыр ел чемпионатында біздің облыстың жасөспірімдер құрамасы алғашқы бестікке де іліне алмады. Айналдырған сегіз өңір арасында. Құлдырау ма? Құлдырау. Қазір осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жаттықтырушылар құрамын ауыстырып, облыстық қысқы спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебіне жаңа директор тағайындадық. 

− Директор дегеннен шығады, БАҚ беттерінде «Можанов басқармаға келгелі директорларды бірінен соң бірін жұмыстан босатып жатыр» деген әңгімелер тарады. Осының анық-қанығын өз аузыңыздан естісек.

− Жұмыс істемейтін басшылар кімге керек? Спорт саласының жұмысын, нәтижесін тексеру аса қиын дүние емес. Командалардың турнир кестесіндегі орналасу ретіне көз салсаңыз жеткілікті. Облыстың жасөспірімдер құрамасы шаңғыдан өтетін ел чемпионатында бірінші орын алмағалы қай заман?! Жасөспірімдер арасынан мықты спортшыларды дайындамасақ, ересектерден чемпион шыға ма? Резерв дегенді де мүлде ұмытқан. Бұл – үлкен проблема. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Мен жұмыстан босатқан басшылар спортты дамытумен емес, қара бастарының қамын күйттеумен шұғылданған. Спортшыларға жасалуға тиіс жағдайларды жасамаған. Мынаны қараңыз:  өскемендік шаңғышы қыз Анна Стоян қазір Қарағанды облысының, ал риддерлік Ангелина Шурыга Алматының намысын қорғап жүр.

− Оларды қайта шақыру ойда бар ма?

− Маусым аяқталсын, шақырамыз, тиісті жағдайларын жасаймыз. Туған жерлеріне келуден бас тартпайтын шығар деп ойлаймыз.

− Былтыр өңір балуандарын жаттықтыруға Моңғолиядан бапкерлер алдырдыңыздар. 

− Күрес бойынша облысымызда бірнеше шет ел мамандары жұмыс істеп жатыр. Семейдегі спорт академиясында дзюдо күресі бойынша 2016 жылдың қыркүйек айынан бері моңғол бапкері балуандарымызға білгенін үйретіп жатқан жайы бар. Еркін күрес бойынша Әзербайжан мен Дағыстаннан маман шақырдық. 2004 жылғы Олимпиаданың жүлдегері Геннадий Гребникпен жұмыс істеп жатырмыз. Біздің облыстың балуандарының еркін күрес бойынша Қазақстан чемпионатында көрсеткен нәтижелері жаман емес. Ел біріншілігінде Азамат Дәулетбеков чемпион, Данияр Қайсанов екінші орын иеленді. Расул Қалиев алғашқы белдесуінде жарақат алып, жарысты әрі қарай жалғастыра алмады.

− Өңірде бокстың дамуы бәсеңдеп тұрған секілді. Әлем чемпионаттары мен Олимпиая ойындарынан Шығыстың боксшыларын көре алмай жүрміз. 

− Бокс − еліміздегі ең қарқынды дамыған спорттың бірі. Бәсекелестік өте жоғары. Бұл бағыттағы жұмыстарымызды әлсіретіп алғанымызды мойындаймыз. Жақында, 10-27 сәуір аралығында Өскеменде Белоруссия құрамасымен бірлескен жиын өтті. Әрі қарай көре жатармыз. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Боксшымыз Әділет Құрметов 60 кило салмақта ел чемпионы атанды. Манат Өмірзақов та осы біріншілікте жүлдегер болды. 

− Мықты спортшылардың көбі ауылдан шығатыны белгілі. Ауыл балаларын спортқа тарту, баулу жағы қалай?

− Облыста 27 аудандық спорт мектебі бар. Ондағы тәрбиеленушілер аудандық, облыстық жарыстарға қатысады. Аудандарда, ауылды жерлерде спорт жақсы дамып келеді. Мәселен, Айбек, Мұхит сынды «Қазақстан барыстарын» баптаған Абай ауданын ерекше атап өтуге болады. Қазір аудандық спорт бөліміне жаңа маман келіп, ауданда бұрын дамымаған спорт түрлерін түрлендіріп жатыр. Бұл, әрине, бізді қуантады. Мұңайтатын тұстар да бар. Шемонайха ауданы кезінде волейболдан мықты еді. Ұлдары да, қыздары да алдарына жан салмайтын. Қазіргі жағдайы айтпаса да түсінікті. Мұның бәрі мектептердегі дене шынықтыру пәнінің қалай жүргізілуіне, сабақтың сапасына байланысты. Атақты спортшылар қайдан шығады, әрине мектептен шығады. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға тиіспіз.

− Қалаға шақырылып жатқан білікті мамандарды ауылдарға да жіберу ойда жоқ па?

− Мұндай ойларымыз бар. Қазір облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Семейде спорт академиясы ашылғанын білесіздер. Осы академия жанынан спорттың әр түрінен бапкерлер мен оқытушылар құрамының біліктілігін арттыратын сараптамалық орталық ашылатын болады. 

− Былтыр Өскеменде халықтық ойындардан өткен спартакиадада аударыспақ, көкпар секілді ұлттық ойындарымыз бағдарламаға енгізілмей қалғанын білеміз. Биылғы спартакиадаға енгізіле ме?

− Халықтық ойындар туралы тұжырымдама әзірлеп жатырмыз. Соңғы жылдары халықтық ойындарға дұрыс мән берілмей, екінші планға ысырылып қалғанын жасыра алмаймыз. Қазір осы олқылықтардың орнын толтыруға тырысудамыз. Биылғы халықтық ойындар спартакиадасы спорттың 20 түрінен өтеді, оның 10-ы – ұлттық ойындар. Аударыспақ та, көкпар да, бірнеше қашықтықтағы ат жарыстары да бағдарламаға міндетті түрде енеді. 

− Бүкпесіз әңгімеңізге алғыс айтамыз.

Сұхбаттасқан Азамат ҚАСЫМ        

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар