Армандары әскери болу еді
Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында дүниеге келген егіз жігіттер әскери қызмет атқаруға бала кезінен құштар болыпты. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, қос сарбаздың қызығынан қиындығы мол әскери саланы таңдауына атасы мен әкесінің де әсер еткені анық. Аталары Жұмаділда Ұлы Отан соғысына қатысып, қаһарман Бауыржан Момышұлының дивизиясында болып, 1945 жылы елге аман-есен оралыпты. Әкелері Ералы теңіз флотында әскери борышын өтепті. Көңілі әскери өмірді қалағанымен, сегіз қыздың арасындағы жалғыз ұл болған соң қазақы әдептен аттамай, ата-ана қасында қалуды жөн көреді.
«Біз бала кезімізден әскери қызметті армандадық. Екі туған ағам да осы жолды таңдағысы келгенімен, ойлағандары болмады. Бірінің денсаулығы жарамады, екіншісі сырқат ағасына қарайласып, алысқа ұзай алмады. Құдайға шүкір, әкеміз бен ағаларымыз арман еткен әскери қызметті бүгінде бауырым екеуміз атқарып жүрміз», – дейді егіздің сыңары Асан Жұмаділдаев.
Шерудің шеберлері
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығында қызмет атқарып жүрген офицерлер Астанаға Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанының 25 жылдығына орай өтетін парадқа қатысады. Шеру демекші, бұл – олардың алғашқы шеруі емес. Егіз жігіттер 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Мәскеуде, Қызыл алаңда өткен үлкен парадқа қатысыпты. Осы жерде мына бір сәйкестікке назар аудармай кетуге болмас. Осыдан тұп-тура 72 жыл бұрын, яғни 1945 жылы осы алаңдағы шеруге аталары Жұмаділда қатысқан екен. Асан мен Үсен бұл сәтті әркез мақтанышпен еске алады.
«Мәскеудегі шеруге қатысамыз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген еді. Астанада өтетін шеруге барған кезде дайындығымызды көріп, тексеріп шыққаннан кейін Ресей астанасына баратынымызды айтты. Қызыл алаңда біз Қазақ елінің атынан өнер көрсетіп, жауынгерлік, саптық даярлығымыздың жоғары деңгейде екендігін паш еттік. Ресейліктер біздің сарбаздардың жүріс-тұрысына, өздерін қалай ұстауына таңданыстарын білдірді. Расында, мұндай шерулерге қатысу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Басты қалай ұстау, аяқты қалай басу керек? Қару-жарақты қалай қолдану қажет? Мұның бәрі оңай шаруа емес», – дейді Үсен Жұмаділдаев.
Мәскеудегі шеруге қатысып, мол тәжірибе жинақтап қайтқан қос сарбаз қазіргі уақытта көрген-білгендерін өздеріне қарасты әскери бөлімдердің жауынгерлеріне үйретіп жүр. Шеруде сап түзеп жүрудің шеберіне айналған жігіттер өздерінің осындай деңгейге жетуіне инситутта дәріс берген ұстазы, капитан Игорь Яригиннің еңбегі көп екендігін айтады.
«Қара майордың» қайсарлығын үлгі тұтады
Өскеменде қызмет етіп жатқандарына бір жылға жуықтаған офицерлер шығыстың қысы қытымыр болмаса, адамдары адал, жайдары, әріптестері өз істеріне мық шегедей мығым екендігін тілге тиек етті. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы тарапынан қойылатын жоғары талап өздерін шыңдап, жауынгерлік дайындықтарын, кәсіби біліктіліктерін одан әрі арттырғанын айтты. «Мәскеу көрген» жігіттерден бүгінгі әскери өмір, қызмет барысы, өздері үлгі тұтатын тұлғалар туралы да сұрадық.
Ұлы Отан соғысының қаһарманы Бауыржан Момышұлының мінезі мен Ауған соғысының көзі тірі батыры «қара майор» Борис Керімбаевтың қайсарлығын үлгі тұтатын Асан Жұмаділдаев еліміздің Қарулы Күштері 25 жыл ішінде биік белестерді бағындырып, бүгінде әлемдегі қуатты армиялардың қатарына қосылғанын мақтанышпен жеткізді.
«Қазақстан армиясы осындай дәрежеге оңайлықпен жеткен жоқ. Қиын күндерді де бастан өткерді. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен, қамқорлығымен бүгінде қуатты армияға айналды. Елдің шебін күзетіп жүрген әскери сала қызметкерлеріне мемлекет тарапынан толық жағдай жасалып отыр», – деген Асан қазақтың жігіттерін әскерден қашпауға, керісінше, әскери өмірді көруге шақырды. Оның айтуынша, нағыз елім деген ер мінезді жігіттер әскерде тәрбиеленеді.
Түйін
Қайда барса да жұбын жазбай жүретін егіздердің бір-біріне әбден бауыр басып, бірінсіз бірі жүре алмайтынын аңғарғандай болдық әңгіме барысында.
«Үнемі бірге жүреміз. Үсен мені ағасы ретінде қабылдайды. Айтқанымды бұлжытпай орындайды. Оның мінезі менен гөрі қаталдау, тұйықтау. Менің мінезім ашық», – деген Асан інісі екеуі келешекте генерал болуды армандайтындарын айтты. Тілектерін Тәңір қабыл етсін дейміз.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы