Олар мектеп қабырғасынан жаңадан шыққан 18-20 жастағы өрімдей жастар еді. Жоғары оқу орнына түсіп, маман атансақ, елімізге қызмет етсек деп армандайтын. Алайда, 1979-1989 жылдары аралығында қазақ жерінен Ауғанстанға соғысқа аттанған 22 мыңға жуық азаматтың көбінің асыл арманын соғыс күл-талқан етті. Уыздай жастар қолдарына қалам алып, білім іздеудің орнына мылтық алып, майданға аттанды. Солардың қатарында Бақытхан Жазықбаев та Ресей, Украина, Беларусь елдерінің жастарынан жасақталған 345 гвардиялық әуе десанты әскери бөліміне келіп түсті. Оның кешегі қамсыз бозбала өмірі жан алып, жан беріскен майданға ұласты. Өмір мен өлім бетпе-бет келген осы соғыста ол жүздеген майдандас достарынан айырылды.
Он жылға созылған ауған соғысында Кеңес Одағы бойынша 14 мыңнан астам адам қаза тапты, ал Қазақстаннан аттанған 22 мың боздақтың мыңға жуығы оралмады, 21 адам хабарсыз кетті, мыңға жуығы соғыста алған жарақаттарының әсерінен дүниеден өтті. Ата-ана үшін өрімдей баласының темір табытпен оралғанын көруден өткен қасірет бар ма? Қайғысы мен қуанышы ортақ майдандас достарынан айырылған сол күндерді еске алса, Бақытхан осы күнге дейін жүрегі қан жылайды.
Алайда, тура сол кезеңде Бақытхан да, оның майдандас құрдастары да оған баға беретін сарапшы да саясатшы да емес еді, олар тек бұйрыққа бағынатын жауынгерлер болатын. Бұл соғыстың мән-маңызы жайлы Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Ауған соғысында қыруар қаржы шығындадық, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?» – деген сөзі тарихтың айтылмаған ақтаңдағының көмескі тұстарын айқындай түседі.
Соғыс өнерінен хабарсыз бозбала сұрапыл күндерді бастан кеше жүріп шыңдалды, ерте есейді. Ауыртпалыққа толы күндер оны ұстамдылыққа, адами қасиеттерді жоғары қоюға, «бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін» дейтін ынтымақшылдыққа үйретті. Ұмытылмас қасіретті ізін қалдырған соғыс бітіп, еңбекке араласқан соң да осы қасиеттер, сол мінез оған бұлжымас бағдарындай болды.
Соғыстан аман оралып, тәуелсіз елдің болашағы үшін ел өмірінің сан саласында жан аямай еңбек етіп жатқан 10 мыңға жуық ардагердің қатарында Бақытхан Жазықбаев та бар. Ол бүгінде KEGOC компаниясының өндірістік активтерді басқару жөніндегі Басқарушы директоры, еліміздің құрметті энергетигі. Ол осы биігіне күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндерге толы еңбегінің арқасында жетті.
Тағдыр алдымен 18-20 жастағы жалындап тұрған жігітке алапат майданды өз көзімен көруге жазса, елге оралып шар болаттай шыңдалған шағында энергетика саласымен біте қайнасып, аталмыш саланың қыр-сырын меңгеруге жол ашты. Сөйтіп, бала кезінен алған бетінен таймайтын табанды Бақытхан өндірісті төменгі сатыдан бастап меңгерді, майталман маман атанды, істің қыр-сырын білетін білімді басқарушы деңгейіне көтерілген білікті энергетикке айналды.
Оның әуелгі мамандығы – экономист. Алматыдағы халық шаруашылығы институтын тәмамдады. KEGOC компаниясына аудит бөлімінің басшысы болып орналасқан ол бір жылға жуық тәжірибе жинақтаған соң «Солтүстік жүйеаралық электр торабы» филиалы директорының экономикалық мәселелері жөніндегі орынбасары міндетін атқарады. Кейін «Ақтөбе жүйеаралық электр торабының» директоры болды. Осы уақыт аралығында еліміздің энергетика саласында ең ауқымды бірінші жаңғырту кезеңі іске асырылды. Бұл 2002-2014 жылдар аралығы болатын. Осының аясында қосалқы стансаларды, диспечерлік және бақылау жүйелерін жаңғырту арқылы жабдықтаудың сенімділігі мен сапасы жақсартылды, электр энергиясының көтерме сауда нарығының тұрақты жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктер туғызу арқылы бәсекелестікті арттырды және пайдалану шығындары азайтылды. Ең бастысы, KEGOC АҚ көрсететін қызметтер көлемі кеңейтілді. Былай алып қарағанда, қыруар шаруа атқарылды. Осылайша, Бақытхан Жазықба-
евтың өмірі энергетика саласымен біте қайнасып кетті.
Жалпы, энергетикаға оған шындап берілген, бұл саланы бүге-шігесіне дейін жетік меңгерген адам ғана келеді. Себебі, Қазақстан бойынша желілердің бойынан электр қуатының үздіксіз айналып тұруы – адамның тірлігіне нәр беретін ағзасындағы қан айналымен пара-пар. Әр шаңырақта жанатын жарықтан бастап, алып кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарына жарық жеткізуді алсақ, мұның барлығының артында мыңдаған адамдардың, жүздеген энергетиктердің еңбегі тұр. Бұл орайда, ел экономикасының дамуы-
на елеулі үлес қосып отырған KEGOC компаниясындағы орасан жұмыстың белгілі бір бөлігін біздің кейіпкеріміз атқарып отырғанын айта кеткен жөн.
Бақытхан Медеғалиұлының айтуынша, еліміздегі энергетика саласының басты операторы саналатын KEGOC ұлттық компаниясына Қазақстанның ең мықты деген, сайдың тасындай іріктелген энергетиктері жинақталған.
KEGOC компаниясы электр
қуатын өндіру-тұтынуды диспечерлендіру мен теңгерімдеуді, сондай-ақ, көрші Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдердің энергия жүйелерімен параллель жұмысты қамтамасыз етеді. Былайша айтқанда, жылына 365 күн және тәулігіне 24 сағат бойы тұтас мемлекет аумағындағы энергия ағындарын басқарады. Бұл мақсатта компания ұзындығы шамамен 25 мың шақырымға созылған жоғары вольтті электр жеткізу желілері мен 78 қосалқы стансадан тұратын Ұлттық электр торабын басқарып, желілік персоналдар қыс-жаз демей техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын жүргізеді. KEGOC-тың міндеті – желінің үздіксіз жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ету және оның мемлекет мүддесі үшін озық деңгейде дамуына ықпал ету.
Бақытхан Медеғалиұлы өз жұмысына бүкіл болмысымен берілген. Ол қай кезде болсын өзіне сеніп тапсырылған үлкен жауапкершілікті терең сезініп, ісіне адал болудан танған емес. Ол бұл саладағы командирлердің бірі болса да еңбекте қатардағы жауынгердей сергек екені байқалады.
Оның үстіне биыл KEGOC үшін мерейлі жыл. 20 жыл деген аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында KEGOC нарықтағы өз орнын алды.
KEGOC көптеген инвестициялық бағдарламаларды іске асыруда мықты тәжірибе жинақтаған компания. Мәселен, қазіргі кезде жүзеге асырып жатқан «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» жобасының бірінші кезеңі 500 кВ «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» жоғары вольттық желілерін (ӘЖ) салды. Оны мерзімінен бұрын аяқтап, энергетиктердің атынан ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына жасаған сыйы ретінде компания басшысы Бақытжан Қажиев Елбасына арнайы баяндап, іске қосқан болатын. Ендігі меже – аталмыш жобаның екінші кезеңі – 500 кВ «Шүлбі ГЭС (Семей) – Ақтоғай – Талдықорған – Алма» ӘЖ салуды аяқтау. Болжамды мерзімі – 2018 жыл. Ауқымды істер атқарылуда. Бүгінгі таңда KEGOC-тың балансындағы қосалқы стансалардың шамамен 80 пайызы жаңартылған.
Бұл деректерді біз Бақытхан Жазықбаевпен әңгіме-дүкен барысында естіп білдік. Байқағаным, ол өз ісін бүге-шігесіне дейін жетік біледі. Қағазға үңілместен деректерді сапта тұрған солдаттай сақылдатып отыр. Оның жинақы келбеті мен мықпен шегеленгендей әр сөзіне қарап, майдан шебінде жүрген жауынгерді көргендей болдым. Тек бұл жолы ол соғыс өтінде емес, Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын көтеріп, дәулетін арттырушы сардарлар қатарында. Ол – еңбек атты бітпейтін майданның жауынгері.
Мөлдір Дүйсекина