Шетелдік қонақтар көп келетін бұл дүниежүзілік маңызы бар шарада қызмет көрсету үшін барудың басты шарты – ағылшын тілін білуі керек. Сондықтан полицейлерге облыстық тіл үйрету орталығында ағылшын тілінің маманы Назерке Тұрғынғожина төрт ай бойы сабақ берді. Полицейлер тілді тез меңгеруі үшін жаңа әдістемелерді, ішкі істер органдары жұмысына қатысты күнделікті сөздерді меңгеру әдісін қолдана отырып, жақсы нәтижеге қол жеткізді.
− Тыңдаушылар қысқа курсты оқығанына қарамастан тілді әжептәуір меңгерді, өздерінің базалық білімі де көмектесті, − дейді Назерке Искандербекқызы.
Халықаралық көрме жұмысына тек волонтерлер ғана емес, полиция қызметкерлері де тартылатыны белгілі. Жұмыс барысында оларға шетелдік туристермен, қонақтармен ағылшын тілінде тілдесуге тура келеді. Облыстық ішкі істер департаментіндегі Арнайы жедел әрекет ету отрядының қызметкері Іңкәр Өтетілеуов қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді.
− Менің тіл үйренуге қабілетім жоғары болса керек. Ағылшын тілі курсына өз ынта-ықыласыммен бардым. Қазір ағылшын тілін еркін түсінемін, қиналмай жауап қайтара аламын, − дейді Іңкәр.
Ол ағылшын тілінен тесті де жақсы тапсырды. Сонымен қатар жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері де ағылшын тілінен үздік нәтиже көрсетті.
− ЭКСПО-ға келген шет елдік қонақтар Астананың көркіне тамсанып қана қоймайды, біздің полицейлердің деңгейіне де ризашылықпен таңқалады деп ойлаймын, − дейді жол-патрульдік полиция батальонының командирі Виталий Цой.
Облыстық тіл үйрену орта-лығының директоры Гүлнар Талапованың айтуынша, полицейлер ағылшын тілінде өзін таныстыруға, шетелдік қонақтар сұрағына жауап беруге және қалада адасып қалғандар кездессе жол сілтеуге дайын болуы керек. Олар тіл үйрену барысында осы міндеттерге жауап беретіндей сөздік қорын меңгерді. Ағылшын тілінің оқытушысы полицейлерге сертификаттармен бірге ағылшын тілінде қажет болуы мүмкін сөздерден тұратын қалта сөздігін де дайындап, табыс етті.
Айта кетейік, облыстық ішкі істер департаментінен 60 тыңдаушы жыл сайын Тіл үйрету орталығында қазақ тілін, 30 тыңдаушы ағылшын тілін үйренуге қатысады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ