Қамидолла Нұртайұлы 1927 жылы 15 желтоқсанда Алексеев ауданының Құрқұдық ауылында дүниеге келді. Әкесі Нұртай мен анасы Әти бес жасқа қараған шағында қайтыс болып, ол жастай жетім қалды. Ол Солтүстік Қазақстанның Степняк қаласындағы орта мектепте білім алды. 1944 жылы орта мектепті және алты айлық мұғалімдер курсын ойдағыдай тәмамдап, Степняк ауданына қарасты Даниловка кентіндегі орта мектепте математика пәнінің ұстазы болып еңбек жолын бастады.
1945-1949 жылдарда Абай атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін үздік бітіріп, Ақмола педагогикалық училищесіне жолдама алды. Осы оқу орнына мұғалім ретінде жұмысқа қабылданған Қамидолла Нұртайұлы 1951 жылы осы училищенің директоры болып тағайындалады. Ал 1959 жылдан 1963 жылға дейін оқу-ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері кәсіподағының Ақмола облыстық комитетінің төрағасы болып сайланады. Барлық саналы ғұмырын егемен еліміздің білім саласын дамытуға арнаған Қамидолла Нұртайұлы 1963 жылы Ақмола құрылыс техникумының директорлығына жоғарылатылады. Он жылдан астам уақыт осы іргелі оқу орнына басшылық жасаған ол 1975 жылы Қазақ темір жолы, кейіннен Тың темір жолы басқармасы оқу бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып, 1988 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Зейнеткерлікке шыққанмен Қ.Нұртаев өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие, сындарлы білім беру жолындағы еңбегін одан әрі жалғастырды. Осы салада ол 1997 жылға дейін жемісті еңбек етті.
Жоғары азаматтықтың өнегесін танытқан Қамидолла Нұртайұлы өмірлік зайыбы Мәриям Яхияқызымен бірге төрт бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Марқұм Қамакең өзінің ұзақ та өнегелі ғұмырында үлкенге құрмет, кішіге ілтипат көрсетіп, ежелгі Ақмола өңірінің абзал ақсақалына айналды. Ол өз ортасының қадірі мен құрметіне бөлене білді. Сонымен бірге оның ел үшін атқарған ерен еңбектері де елеусіз қалған жоқ. Қ.Нұртаев «Қазақ КСР оқу ісінің үздігі», «КСРО білім беру ісінің үздігі», «Құрметті теміржолшы» құрметті атақтарына ие болып, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ардақты азамат, аяулы әке, асыл ата, марқұм Қамидолла Нұртаевтың жарқын бейнесі балаларының, немере-шөберелерінің, туған-туысқандарының жадында әрдайым сақталады.
Еске алушылар: балалары және Қамакеңді қадірлейтін астаналық зиялы қауым