«Төлеген мен Қыз Жібектің кездесуі». Қазақтың тұңғыш кәсіпқой суретшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбілхан Қастеевтің Орал қаласында сақталған картинасы осылай деп аталады. Кескіндеме 40х28см көлемді қағазға тушпен салынған.
Бұл туынды Орал музейіне қалай тап болды? Музейдің қор сақтаушысы Мұхтар Өтестің айтуынша, сурет Т.Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясынан Орал облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына 1961 жылдың қаңтар айында тапсырылған екен. Шамасы автордың өзі Қыз Жібектің айдай бейнесі оның туған жерінде тұрғаны жөн десе керек. Картинада үш ақбозды қатар жеккен күйменің салтанаты, Жібектің «жалғыз атты жолаушымен сөйлесуге намыстанып, тек Қаршығаның үгітінен кейін ғана бетін бір ашып, жарқ етіп көрініп, амандасып, қайтадан бетін жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп, жатып қаларының» алдындағы бір сәт суреттелсе керек.
Айтпақшы, қазақтың танымал суретшісінің тағы да екі туындысы Орал музейінде сақтаулы. «Алғашқы қар» («Первый снег») шығармасы 1945 жылғы 26 қазанда, ал «Тау етегінде» («У подножия гор») туындысы 1951 жылы қағазға акварельмен салынған екен.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ