«Тексеру – олардың үстінен қылмыстық іс қозғау деген сөз емес, деді Мәжіліс дәлізінде журналистердің сұрағына жауап берген Кравченко. – Егер ұсталған адам ана азаматтарды өзіне дөрекі күш қолданды және ол өзі сол сәтте төндірген қоғамдық қауіптің деңгейіне сәйкес келмейтін деп айыптаса, онда қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Тергеу-тексеру жұмыстары Қылмыстық-процессуалдық кодекстің аясында жүреді. Жайдан жай ешкім жауапқа тартылмайды, мен мұны 100 пайыз сеніммен айтам».
Астанада алты жасар қызды зорламақ болды деген күдікпен ер адам ұсталған болатын. Әлеуметтік желіде бірнеше азаматтың беліне дейін жалаңаш адамды «педофил» деп ұрып жатқаны туралы видео тарады.
Желіде тараған басқа да мәліметтер бойынша, Астанада салынып жатқан вокзалдың маңында кішкентай қызды айдалаға алып бара жатқан адамды байқап, серіктерімен бірге артынан қуған азаматтың аты-жөні Асқар Қажығұмаров. Ол Шығыс Қазақстан облысында туған, 22 жаста, денешынықтыру колледжін бітірген. Қазір құрылысшы болып жұмыс істейді.