«Атырау» халықаралық әуежайы мен «Мұнайшы» стадионынан басталатын марафонға қатысуға екі мыңнан астам адам ниет білдірген.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ұйымдастыру комитетінің өкілі Юрий Пономарев жүгіру жарысында бақ сынауға қатысушылардың ең үлкені 74 жастағы ардагер екенін айтты. Қашықтыққа жүгірушілермен бірге полиция қызметкерлері, жедел жәрдем де жолға шығады. Қатысушылар жүгіруді жалғастыра алмайтын жағдай болса, шұғыл көмек көрсету үшін арнайы автобус қарастырылған. Жол бойына су тарататын стационарлы және медициналық пункттер орналастырылады. Жеңімпаздар 8 аталым бойынша марапатталады. Марафон құрметіне эстрада жұлдыздарының қатысуымен тегін концерт қойылады.
Баспасөз-мәслихатына Гиннесстің рекордтар кітабына жеті рет есімі енген Марат Жыланбаев, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет қатысты.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.