Табыл Құлыяс – сан қырлы қаламгер. Әдебиеттегі алғашқы жолын сатирадан бастаған жазушы кейін тарихи тұлғалар туралы көлемді туындыларға қалам тартты. Әсіресе автордың атақты жырау әрі ержүрек тұлға «Жиембет батыр» туралы роман-эссесі мен Жиенғали Тілепбергенов жайындағы «Аңыз ізімен» атты романын оқырмандар жылы қабылдады. Сондай-ақ қаламгердің зерттеушілігі де – бір төбе. Оның XX ғасырдағы халқымыздың басынан өткен түрлі зұлматты бейнелеген «Қанжоса ғасыр» кітабы мұрағаттық деректермен жазылған.
Іс-шара барысында Табыл Құлыястың өнегелі өмірі, адами қасиеті, журналистік қызметі мен шығармалары туралы естеліктер айтылды. Жиынды аталған университеттегі филология факультетінің деканы, ақын Серікзат Дүйсенғазин жүргізді. Кеште алдымен сөз алған белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай қаламгерді ертеден білетінін айтты.
«Ол кісінің есімін мектепте оқып жүргенде республикалық басылымдардан жиі кездестіретінмін. Сонау 60-80-жылдардың ортасындағы Ақтөбе мен Торғай өңіріндегі адамдардың тағдырын, олардың қуанышы мен қайғысын осы Табыл ағамыздың жазғандары арқылы біліп жүрдік. Кейін прозалық шығармаларымен таныстым. Қаламгер көзі тірісінде қазақтың көптеген тұлғасымен жақын араласты. Солар туралы айтатын қызықты әңгімелері көп еді. Соның бірі – атақты ғалым Ишанбай Қарақұлов болатын», деді ол. Одан кейін академик Дихан Қамзабекұлы Табыл ағамыздың өзі басқарып отырған «Қазақ газеттері» серіктестігінің ардагері ретінде де қадірі бөлек болғанын жеткізді.
«Былтыр біздің балалар басылымдарының бірқатары айтулы мерейтойларын атап өтті. Табыл ағамыз осы басылымдарға өткен ғасырдың 60-70-жылдары үзбей жазып тұрған автор ретінде де үлкен орны бар. Бұдан кейін тәуелсіздіктің алғашы кезеңінде Целиноград атауын Ақмолаға ауыстыруға да зор үлес қосты. Тарихымызды түгендеуге де аянбай еңбек етті. Ресейдегі Орынбор, Саратов қалаларындағы архивтерге барып, ақтаңдақ жылдарға қатысты қаншама құнды тарихи мәліметтер тапты. Соның негізінде деректі шығармалар жазды», деді ғалым.
Жиын аясында Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов, ғалым Серік Негимов, «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, академик Кәрімбек Құрманалиев, тағы басқа танымал азаматтар сөз алып, ардақты тұлғаның жан-жақты қырын ашып сөйледі. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай аталған оқу орынның ректоры Ерлан Сыдықовтың ізгі лебізін оқып берді. Белгілі әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали
Мыржықбай әуелетіп ән салды. Қаламгердің жаңа жинақтары таныстырылды. Іс-шара соңында жазушының жары Күләш Маханова осы шараны ұйымдастырушылар мен жиналған қауымға ризашылығын білдірді.