Қалалық денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, орталықты құруда егде жастағы адамдар әлеуметтік дамудың оң факторы ретінде қарастырылатын әлемнің озық елдерінің тәжірибесі пайдаланылды. Қазақстанда 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда, онда егде жастағы адамдарға қамқорлық жасау мен олардың қажеттіліктеріне айрықша көңіл бөлінген.
Орталықты құрудағы негізгі мақсаттардың бірі – ересек және егде жастағы адамдардың жай-күйін кешенді гериатриялық бағалау. Яғни, ересек және егде жастағы адамдарды көпөлшемді, көппрофильді диагностикалық бағалау. Кешенді гериатриялық бағалауға дәрігер-гериатр, кардиолог, невролог, психолог, әлеуметтік қызметкер, клиникалық фармаколог қатысады. Орталықта мамандар емделушінің физикалық және функционалдық жай-күйін, оның жадын, эмоциналдық жағдайын, дәрілік терапияның қауіпсіздігін бағалайды. Сонымен қатар, тамақтану мәселелері бойынша кеңес береді, емдік-физикалық жаттығулар, емдеу, күту мен сауықтырудың жеке жоспарын әзірлейді.
Геронтология орталығы сапалы диагностикалық шаралар өткізуге арналған заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.