
Бүгінде Тұрсынбек Алматы облысының Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ кентінде тұрады. Қазақстанға біржола көшіп келіп, азаматтықты алып, Қытайда қол жеткізген қаншама сыйлық, дипломдарын сандықтың түбіне салыпты да, кетпен-күрегін иығына асып атыз басына тартыпты...
Тұрсынбектің әңгіме, повестері, аудармалары әлденеше кітап болып басылып, оқырман мен әдеби қауымның жақсы бағасына ие болған. Қытайдағы қазақ-қырғыз әдебиетінің «Тұлпар» сыйлығын, Қытай аз ұлт жазушыларының «Жастар табысы» сыйлығын иеленіпті. Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің беделді сыйлығы да осы кісінің қанжығасында. Жалпы, университетте оқыған әдебиет саласы бойынша алған дипломынан өзге Бейжіңдегі Лу Шүн атындағы әдебиет институтын сырттай оқып жүріп алған дипломы да әлгі Қарабұлақтағы үйдегі сандықтың түбінде жатыр.
Тұрсынбек «Сандал ағаш жазасынан» бұрын «Ақылнама», «Бардам әке мен зардам әке» қатарлы екі кітап аударған екен. Мо Ян – үшіншісі.
«Аудармаларымның барлығында қытай тіліне жүйрік көмекшілерім болды. Сондықтан аударма жасаушылардың қатарында олардың да аты бар. Амал қанша, «Сандал ағаш жазасына» берілген уақыт өте қысқа болды. Не бары екі-ақ ай ғана, көмекші алмасқа да шараң жоқ, мен сияқты кейін үйренгендерді былай қойып, қытайлардың өзі анау ми айналдыратын ескілі-жаңалы төрт бұрыш әріптерінің шын мағынасын жете түсіну үшін «Шинхуа лұғатынсыз» жүре алмайды. Сондықтан оңай болды деп айта алмаймын. Аудармашылық – ол да шығармашылық. Және өте күрделі дүние. Оның үстіне ол өзге емес, Мо Ян болса...», дейді.
Дәл осы тұста, Мо Ян туралы өзі не ойлайтынын, қаншалықты құрмет тұтатынын, не үшін оны аударуға ынтық болғанын ағылып айта жөнелсе ғой деген ішкі тілек болып еді. Ағамыз соны сезгендей болды-ау...
«Ол өзі 1955 жылы Қытайдың Шандұң өлкесі Гауми ауданында дүниеге келген ғой. 1981 жылы жазған «Көктем түнінің сызы» атты шығармасы оның есімін әйгілей түсті. Мо Янның балалық шағы армандағыдай асыл болмаған. Ол білім алатын ең тамаша тұстарында Қытай тарихындағы «Мәдениет төңкерісі» дейтін он жылдық ойран болды да, бала Мо Ян осы ойранның ортасында шөп шауып, егін салып, сиыр бағып өткізген. 1976 жылы аласапыран аяқтағаннан кейін армияға алынып, қоғамдық өрісін тапқан.
Оның бүкіл шығармасы туған топырағы Гаумиге арналып келеді. Ойлық өрісі, сезімдік бояуы біздің Оралхан Бөкейге ұқсайды. Оралхан Алтайды қалай жырласа, Мо Ян Гаумиді солай жырлайды. Мо Ян 2011 жылы «Бақа» дейтін шығармасымен Қытайдағы ең үлкен әдеби сыйлық − «Мау Дүн» әдебиет сыйлығын, ал, 2012 жылы Нобель сыйлығын алды.
Мо Ян бірбеткей жазушы. Ол осыншама табысқа сол мінезімен де жетті. Оны жазушының роман туралы айтқан мына сөздерінен де аңғаруға болады: «Ең жақсы жазылған роман бүгінгі тісін жасырып, тілін көрсеткен сайқал қоғамның қолайына жағамын деп өз қадір-қасиетін жойып, заманның құрбаны болмауы керек. Менің өзіме қойған талабым – романым қанша ұзарса сонша созылсын, әйтеуір ақыл мен сезімімнің жеткен жеріне дейін соза беремін, қысқартам деп қиналмаймын, ұзартам деп зорланбаймын. Бірақ, шым кестедей шымырлық пен ой жетпейтін тереңдіктен айырылмауға тырысамын. Мейлі біреулер ұзын десе оқымасын, қиын десе қарамасын, оқитын адам мың бет болса да оқиды, оқымайтын адам бір бет болса да оқымайды. Маған жер бетінде бірде-бір оқырманың жоқ десе де бүйрегім бүлк етпейді, өз сүрлеуіммен тарта беремін», дейді алған бетінен қайтпайтын азулы көкжалың.
Шынайылықты терең сезіне алу, халық ауыз әдебиетін мықтап меңгеру, тарих пен бүгінді тығыз ұштастыру – Мо Янның шығармашылықтағы ұстанымы. Әрине, осы ұстанымның жетегінде ол таудай табыстарға жетті. Дүниенің қырықтан астам ұлтының тіліне аударылған шығармалары қай түкпірде болсын өз базарын тауып жатыр.
Осы «Сандал ағаш жазасы» тағы бір өңделіп қайтадан шықса, әдебиетті сүйетін, Қытайды білгісі келетін әр қазақ үшін керемет жаңалық болар еді. Нағыз жазушының кесек тұлғасын көрер еді...», деп аяқтады аудармашы өзінің сүйікті жазушысы туралы сөзін.
Осы орайда жаңағы «Сандал ағаш жазасы» сынды дайын аудармаларды неге Қазақстанда шығармасқа деген ойымызды ортаға салдық және бізден қытайшаға шығарма аудару мәселесі туралы пікірін де білгіміз келді.
«Ол баспалардың жұмысы болуы тиіс. Біз шығармашылық, аудару сапасына жауап берсек жеткілікті ғой... Одан кейін біздің баспа жұмысы, қаламақы мәселесін Қытаймен салыстыруға мүлде келмейді ғой, Қытайдың баспасы да, авторы да бай тұратын мәлім. Жалпы, қытай салыстырмалы айтқанда кітапқа құмар жұрт деуге де болады. Онда әдебиет тауарға айналған. Жазушылар қаржы жағынан мемлекетке тәуелді емес, алақан жайып үлкен қазанға телмірмейді. Оның жүйесі жасалған. Сондықтан жазушыларда жаңа тақырыптарға ізденіс те ілгері болады ғой. Қытай идеологиясы күрделі ел. Соған қарамастан Мо Яннан басқа да Жия Пиңуа, Чин Жұңшы, Хаң Иң сияқты әлемдік өреде туындылар жазып жүрген жазушылардың атақ-даңқы аспандап келеді.
Өз басым Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды», «Оң қол» шығармаларын аударған дұрыс дер едім. Өйткені, бұл туындылар оқиғаға бай, сезімі тұнық, одан да маңыздысы Қытай идеологиясына да қарсы тұстары жоқ деуге болады.
Қытайшаға аудару мәселесінде Қытайдағы мен жұмыста болған Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінде аудармашылар қоғамы бар, сонымен бірге жекелік әдеби аударма орталықтары бар, бұлармен байланыс орнатып, келісім жасауға болады...», дейді жазушы, аудармашы Тұрсынбек Байжұмаұлы.
Әдебиет, мәдениет, аударма саласы және басқа біраз әңгімелердің басын қайырғаннан кейін, қазіргі тірлігінің жайына ойыстық. Мал баққанда, егін еккенде шығармашылық қайда қалады? Қабілетіңізді неге өз саласына жұмсамайсыз? Дегендей сауал өздігінен қойылары анық қой.
«Кәдімгі тіршілік, күнкөріс. Ортамен үйлесіп, қоғаммен үндесейік. Сосын ретіне қарай көре жатармыз. Маған газет-журналдан гөрі мектеп, университеттерде сабақ беру ұнайды. Менің алдымнан шыққан шәкірттерім патриот, өнерге құштар, жасырын қабілетін сәулелендіре алатын еркін азамат болып шығатынына сенімім бар. Мақтанғаным емес, қытай, қазақ әдебиетінің 100 жылдық тарихының қай қырынан сұраса да жатқа тұрып лекция жасай аламын, шығыс пен батыстың ой тоғысынан сауатым бар.
Қазақ еліндегі қазақ әдебиеті – менің жүрегім. Абай, Мұхтар, Ғабит, Сәбит... Оралхан, Төлен, Таласбек, Әлібек... қай жазушыны айтсаңыз сол жазушыны қызығып оқыдым, әсіресе, Алаш арыстарының ізгі туындылары, олардың Отан үшін от кешкен рухы мені жетеледі.
Қытайда тұрмысымыз жаман болған жоқ, ортада өзіндік орным бар дегендей өз басым Қытайдан жаманшылық көрдім деп айта алмаймын. Бірақ жатсам-тұрсам бір нәрсе көкейімнен кетпеді. Қанша табысты еңбектенсем де не үшін істеп жүргенімді, не үшін сыйлықтар алғанымды біле алмадым. Атақ үшін бе? Ақша үшін бе? Бәрі де емес, мені мазалап жүрген Тәуелсіздік дейтін қастерлі ұғым екен. Мені жетектеген осы ой.
«Аллаға шүкір» дегеннен басқа айтар жоқ дәл қазір. «Есіктен кіріп, төр менікі деме» дейтін жосын бар емес пе, бірден Астана мен Алматыға қол созбадым. Бұйырғанын көре жатармыз. Көк туы желбіреген тәуелсіз елдің бақыты баянды болсын! Бағасын білсек қанеки!».
Атажұртына аңқылдап жеткен ағамыздың ақтарылып айтқан әңгімесіне алғысымызды айта отырып, алдағы күндеріне табыс тіледік!
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»