Кәсіпқой бокс • 07 Мамыр, 2017

Чавесті жеңген «Канело» ендігі қарсыласы Головкин екенін айтты

200 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Лас-Вегаста T-Mobile аренасында кіші Хулио Сезар Чавесті жеңгеннен кейін Сауль «Канело» Альварес енді қазақстандық Геннадий Головкинмен кездесетінін мәлімедеді.

Чавесті жеңген «Канело» ендігі қарсыласы Головкин екенін айтты

Кездесуден кейін Альварес HBO телеарнасының жүргізушісі Макс Келлерманның сұрақтарына жауап берген болатын. «Келесі қарсыласың кім?» деген сұраққа «Головкин! Келесі – сенсің!» деді. Осы сәтте аренадағы үлкен экраннан Қазақстанның туы және Геннадий Головкин туралы промо-роликтен үзінді көрсетілді. Артынша камералар жекпе-жекке көрермен ретінде келген Головкиннің өзін көрсетті. Ол әдетте рингке шақырылған боксшылар жүретін жолмен жүріп, рингке көтерілді және ондағы адамдармен, соның ішінде Альварестің өзімен және команда мүшелерімен амандасты. Сосын Келлерман екі боксшыдан сұхбат алды.

«Канелоны құттықтаймын! Ол мықты бокстасты. Бірақ енді жаңа тарих басталады» деді Головкин. «Сені жұрт осы уақытқа дейін Головкиннен қорқады деп айыптап келді. Енді не айтасың?» деген сұраққа Альварес «Мен ешкімнен қорықпаймын» деді және қыркүйектің 16-сы Головкинмен жекпе-жекке дайын екенін айтты. «Сен бұған дейін керемет бокс жолымен жүріп өттің. Бірақ Головкинді жеңсең, нағыз ұлы боксшы боласың» деді оған жүргізуші. Ал Головкин Альварестің өз карьерасындағы ең мықты қарсылас болатынын айтты.

Кіші Чавеспен 12 раундық кездесуде Сауль Альварес таза ұтты. Төрешілердің бәрі 120-108 есебімен барлық раунды Альвареске берді. Мұны Чавестің өзі де мойындады. «Ол жекпе-жек бойы мені үздіксіз соққылаумен болды» деді ол.